Теңге депрессиясы: Жағдайды ушықтырған Ұлттық банктің өзі - сарапшылар

Кәмшат Тілеухан 14 окт. 2024 11:31 2670

Қазан айының басындағы теңгенің күрт құнсыздануы Ұлттық банктің ақша бағамы саясатының тиімсіздігін айқын көрсетті, - дейді Halyk Finance сарапшылары. Олар Ұлттық банк бұл жағдайда тым баяу әрекет етті, ал берген түсініктемелері болса, болған жайтты толық ашып көрсете алмады деген пікірде, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мәселен, Ұлттық банк теңгенің құлдырауына ішкі фактор ретінде валюталарға деген сұраныстың артуын атап өтеді... Енді мынаны қараңыз, мамыр айында да АҚШ долларымен жасалған мәмілелер көлемі рекордтық деңгейге жетіп, 5,1 миллиард долларды құраған еді. Сол уақытта ұлттық валюта бағамы ең төменгі деңгейде болып, 442,19 теңгені құраған болатын", - дейді сарапшылар.

Сондай-ақ сарапшылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) инвестпортфелі үшін валюта сатып алу кезінде мүдделер қақтығысы орын алғанын атап өткен.

Біріншіден, БЖЗҚ өз салымшыларының жинақтарын инвестициялау арқылы пайда тапқысы келеді, бірақ сол уақытта бұл шара теңгенің құнсыздануына әсер етуі мүмкін. Бұл жерде мынандай мүдделер қақтығысы туындайды: зейнетақы қоры пайда тапқысы келгенімен, бұл жалпы экономикалық тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін.

Екіншіден, бұл операциялардың ай сайынғы құбылмалылығы жоғары болғандықтан, салымшыларға кері әсерін тигізеді. Яғни, зейнетақы жинақтары құнсызданып немесе тұрақсыздыққа ұшырауы ықтимал.

Halyk Finance сарапшыларының пікірінше, Ұлттық банк қазанда теңгенің әлсіреу үрдісі басталған сәтте-ақ БЖЗҚ үшін валюта сатып алуды дереу тоқтатуы керек еді.

Қазақстан қазіргі жағдайда теңге бағамын "еркіне" жібере алмайтынын ескеру маңызды. Себебі еліміздің валюталық нарығының ауқымы тым шағын және жеткілікті түрде дамымаған.

Мұндай жағдайда Ұлттық банк теңгенің "еркіне жіберілген бағамын басқару" режимін ұстанып отырғанын ресми түрде мойындап, нарыққа қатысты тұрақты түрде түсініктеме беріп отыруы керек. Яғни, теңгенің бағамына қандай факторлар әсер ететінін, сол факторлардың әсері қаншалықты екенін халықты ұдайы құлағдар етуі тиіс. Бұл қаржы саласындағы қатысушыларға да, қарапайым азаматтарға да айқындық береді.

Сарапшылардың пікірінше, БЖЗҚ қаражатын теңге бағамын реттеу үшін пайдалануды доғарып, оның орнына Ұлттық банктің өз резервтерін қолдануы керек.

"Бұл интервенциялар нақты және ашық ережелерге негізделген болуы тиіс. Мұндай тәсіл көптеген орталық банктерде кең таралған және ең тиімді әрі түсінікті әдіс болып саналады. Нарық қатысушылары үшін бұл ашықтық пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Ал зейнетақы қорының қаржысы салымшылардың мүддесіне сай сақталуы тиіс, ал оны валюта бағамын реттеуге бағыттау екіұшты жағдайға алып келеді", - дейді олар.

Айта кетсек,өткенде Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов бір апта бойы құнсызданып жатқан "ұлттық валютаның бағамы тұрақты" деп, сынға қалып еді.


Рекомендовать
Последние новости