Облыс әкімі бірегей әдіспен темір өңдейтін «Электромарганец» зауытының жұмысымен танысты. 4.35 млрд теңге инвестиция тартылатын кәсіпорынның жылдық қуаттылығы зор. Қазір зауытта 75 адамды еңбек етуде.
Ал, Текелі тау-кен комбинаты жұмысшылар санын 2000 адамға арттыруды көздеп отыр. Ол үшін тағы бір домна пешін салу керек. Қазір уақытша тоқтап тұрған зауытты қайта іске қосуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Ішкі жағдайымен жіті танысқан облыс басшысы өндіріс орындарына жергілікті билік тарапынан қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар, зауыттарға маман дайындау мәселесіне көңіл аударуды тапсырды.
Сонымен қатар, Бейбіт Өксікбайұлы Д.Қонаев ескеркішінің жобасымен танысып, күрделі жөндеуді талап ететін қалалық Мәдениет үйі мен аурухананың шаруашылық нысанын аралап көрді.
Әкім текеліліктерді алаңдатқан ауыз су мәселесін де сұрап білді. Жауаптылардың айтуынша, жергілікті халық артезиан суына келер жылы қол жеткізбек. Ал, ең бастысы қалдық қоймасына Sunlight investments компаниясы рекультивация жасауды жоспарлап отыр. Бұл жоба халық денсаулығына зардабын тигізіп отырған экологиялық мәселені шешуге ықпал етеді. Әрі 550 адамға тұрақты жұмыс орнын ұсынбақ.
Жалпы, Текелінің туристік әлеуеті де зор. Шаһарда «Этноауыл» кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Туристер мен демалушылар үшін бар жағдай жасалады. Бастысы, онда салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды насихаттау көзделген.
Жобаға 500 млн теңге инвестиция тартылып отыр. 20 жаңа жұмыс орнын құру көзделген.
Облыс басшысы жақында қала күніне орай ашылған «VUSLAT» қонақжай кешенін де аралады. Онда 12 адамға жұмыс орны ашылған. Күніне 200 адамға дейін қызмет көрсете алады.