Алматы облысында соңғы алты айда 5 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа кірді

Dalanews 22 авг. 2022 13:16 910

2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобаның арқасында Алматы облысында көптеген азаматтар өздеріне лайық жұмыстарын тапты. Сәйкесінше, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулардың арқасында еңбекке тартылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының мерзімі аяқталғанымен Ұлттық жоба арқылы сол бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.

Игілікті жобаның жұртқа берері мол. Талайды тауқыметтен арылтып, көпшілікке көлдей нәсіп табуына ықпал еткен бастама Алматы облысында қарқынды түрде жүзеге асуда.

Ұлттық жобаның ұлттық пайдасын облыс тұрғындарына көрсету үшін 6,5 млрд теңге бөлу көзделген еді.  Оның 1409,3 млн теңгесі республикалық бюджеттен болса, қалған 4199,0 млн  теңгесі Ұлттық қордың есебінен берілсе, 886,4 млн теңге жергілікті бюджет қаражаты есебінен қарастырылып отыр.

Нәсіпті айырудың оңтайлы жолы – кәсіп. Ұлттық жобада дәл осы қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға айрықша көңіл бөлінуде. Алматы облысында орта жастағы 1280 адам 1 айдан 6 айға дейінгі мерзімде кәсіптік оқу оқиды деп жоспарланған. Бұл үшін қазынадан 331,2 млн теңге қарастырылып отыр.


Сонымен қатар, отауын өз алдына құрып, жеке кәсіпке түбегейлі бет бұруға ниеттенген азаматтарға 1031 грант бөлу көзделген.  Грант үшін белгіленген ақшаның жалпы сомасы 1036,9 млн теңгені құрайды.

Жұмыссыздық белең алған заманда мемлекет халықты тұрақты және уақытша жұмыспен қамтуды жолға қойғаны баршаға аян. Осы ретте айта кетейік, биылғы жылы Алматы облысында 6986 адамды уақытша жұмыспен қамту жоспарланған.

Оның ішінде, 556-ы әлеуметтік жұмыс орындарына тартылатын болса, 7 адам мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнаулы әлеуметтік жұмыс орындарына жөнелтілмек. Сондай-ақ, жастар тәжірибесіне – 765 түлек, қоғамдық жұмыстарға – 5170, алғашқы жұмыс орнына – 127, ұрпақтар келісімшартына – 36,  «Күміс жас» жобасына – 325 тұрғын жіберіледі деп күтілуде.

Естеріңізге саламыз, ағымдағы жылдың 1 шілдесіне жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 14 925 адам қамтылды, 12 572 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 5246 адам тұрақты жұмысқа тұрды.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға – 559 адам, Жастар практикасына – 366, әлеуметтік жұмыс орындарына – 578, қоғамдық жұмыстарға  – 4448, алғашқы жұмыс орнына – 107, ұрпақтар келісімшартына – 16, «Күміс жасқа» – 117 адам, 100 адамға грант беріліп, мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнаулы әлеуметтік жұмыс орындары 7 адам жолданды.

Осылайша, өңірдегі еңбекке қабілетті халықтың көпшілігі жұмыспен қамтудың шарапатын көрген жайы бар. Алдағы таңда көзделген межелер толықтай орындалары хақ.

Рекомендовать
Последние новости