Таза Қазақстан – ұлт мәдениетінің көрінісі

Dalanews 21 апр. 2025 20:58 112

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы «Жастар» саябағында өткен «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде ағаш отырғызып, экобелсенділермен кездесті. Бұл шара «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» аясында ұйымдастырылып, үш күн ішінде елімізде 4,5 миллионға жуық көшет отырғызылды. Мемлекет басшысы көрмені аралап, оқушылар мен жас кәсіпкерлердің экологиялық жобаларымен танысты. Президент тазалықты өмір салты ретінде ұстанудың маңызын атап өтіп, экологияны жақсарту жолындағы еріктілердің еңбегін жоғары бағалады. Оның айтуынша, табиғатты қорғау - әр азаматтың парызы. Қоқыс сұрыптау, су мен электр энергиясын үнемдеу, қоғамдық орындарды таза ұстау сияқты қарапайым әрекеттер жаңа экологиялық мәдениеттің негізі болуға тиіс. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» науқанының ел мәдениеті мен инвестициялық тартымдылығына оң әсер ететінін де атап өтті. Экобелсенді Меруерт Салықова секілді табиғатты қорғауға белсенді атсалысатын еріктілер науқанның басты қозғаушы күші болып отыр.

Экомәдениеттің басты шарты – артық заттардан арылу

Өзіңіз насихаттап жүрген экомәдениетті сақтау үшін не істеу керек, неден бастау керек?

–Экомәдениет – әр адамның өзінен басталады. Яғни әрбір азаматтың  табиғатқа деген көзқарасын өзгертуі маңызды. Бұл - тек қоршаған ортаны қорғау емес, ол – өмір сүру салты, сана-сезім, жауапкершілік. Әр адам жасаған іс-әрекетіне, тастаған қоқысына, жүрген, тұрған жерінің тазалығына  жауапкершілікпен қарағанда экомәдениет қалыптасады. Өкінішке қарай, біздің елде қоршаған ортаны қорғауды көптеген адамдар бір реттік, науқандық акцияларға қатысу деп түсінеді. «Бұл – мемлекеттің міндеті» деген көзқарас басым. Шындығын айтсақ, жер-суымыз уланып жатқанда билік тарапынан акциялар, заңдар, ережелер күтудің қажеті жоқ. Оны өзің ақ күнделікті әдетке айналдырып істей бересің. Заттарды саналы түрде тұтын, қажетсіз зат сатып алма, пластик қолдануды қысқарт, қоқысты азайт, айналаңды ластама деген сияқты қарапайым әдеттерден тұрады. Велосипедпен жүру, ағаш егу, су мен қуат көздерін үнемдеу – бұл да экомәдениеттің көрінісі. Экологиялық акцияларға, еріктілер қозғалысына қатысу да қоғамда экосана қалыптастыруға ықпал етеді. Экомәдениеттің басты шарты – артық заттардан арылу.

Артық заттарға нені жатқызамыз?

– Қазіргі заманда бәрімізде киім көп. Тамақты, тұрмыстық химияны да бейберекет ала береміз, оның бәрін пакеттерге, пластик ыдыстарға салып пайдаланамыз. Соңында олар қоқысқа айналып, жерді ластайды. Жоғары сапалы, ұзаққа жарайтын заттар алсаң үйің қажетсіз заттарға толып қалмайды. Артық заттарды мұқтаж адамдарға беру керек. Мысалы мен киілмейтін киімдерді мұқтаж жандарға таратамын. Көбінесе біз ойланбай көп нәрсені сатып аламыз, адамның көзі тоймайды ғой, керек боп қалар деп ала береміз. Кез келген дүниені сатып аларда осы маған қатты қажет пе деп ойланып барып алған абзал. Бұл тек экологиялық қана емес, әрі қаржылық сауаттылық болып табылады. Яғни керек емес зат сатып алмасаңыз үйіңіз де шашылмайды, қайта-қайта қоқыс шығарудың қажеті болмайды.

 

Қолданысты қысқарту қоқысты азайту

Қоқыс деген бәрібір шығады ғой, сол қоқыстан қалай құтыламыз?

– Қоқыстан түбегейлі құтылмасақ та оны анағұрлым қысқартуға болады. Қолданысты қысқарту арқылы қоқысты да азайтамыз. Қоқыстан құтылудың амалдары бар: бас тарту, қысқарту, қайта өңдеу, компостау. Атап айтсақ, пластиктен бас тарт, артық затты қолдануды қысқарт, қайта өңде және компоста дегенді негізге аламыз. Бұл үшін мен өзім үйімде шағын экостанция орнатып қойдым, сол жәшіктерге заттарды сұрыптап саламын, қағаз бөлек, шыны ыдыстар бөлек, лампочкаларды жеке жәшікке саламын, барлығын 2-3 айда жинап-теріп қайта өңдеуге тапсырамын.  

2-3 ай тұрса қалдықтар бұзылып кетпей ме?

– Бұл жерде бұзылатыны - тамақ қалдықтары. Мен азық-түлік қалдықтарын дереу компостап жіберем, көгермейді, сасымайды. Арнайы аппарат тамақ қалдықтарын кептіріп, үгітіп тыңайтқыш етіп береді. Оны үй өсімдіктеріне немесе аулаға топыраққа төгемін. Ал киілмейтін киімдер мен аяқ киімдерді тапсыратын жерлер Қазақстанның барлық өңірінде бар. Арасында қиялыңызға ерік беріп, ескі киімнен жаңасын жасап алуға болады. Қоқыстан арылудың бір жолы - қайта өңдеуді дамыту. Әсіресе пластик бұйымдарын қайта өңдеу мәселесі бізде өзекті. Біздің негізі жауымыз - жауымыз - бір реттік қолданылатын заттар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайта өңдеу өндірісін дамыту туралы айтты. Қазір бізде осы салаға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен Алматыда үш жерде қайта өңдеуге тапсыру станциялары бар, мен осы станциялардың қызметін пайдаланамын. Сондай ақ күніне 1 мың тонна тұрмыстық қалдық қабылдайтын қоқыс өңдеу зауыты бар. 

Пластикпен күрес – табиғатқа үлес

Пластик қолдануды қысқарттым дедіңіз. Бұл шешіміңіз қиындық тудырып жүрген жоқ па? 

– Бүгінгі заманда пластиктен толық бас тарту қиындау, өйткені оны көптеген салаларда қолданады. Дегенмен оны барынша азайтуға, тиімді пайдалану арқылы мәселені шешуге болады. Пластик қазір бүкіл әлемді жаулап алды. Бірнеше жыл бұрын ғалымдар балықтар мен ұлулардың ағзасынан микропластик тауып алса, енді оны адамның ағзасынан тауып жатыр. Пластик құрамындағы токсиндердің адам ағзасына әсері қандай? Сондықтан біз пластиктан толықтай бас тартпасақ та оны қолдануды мейлінше қысқарта аламыз. Мысалы, күнделікті ішетін суды пластик бір реттік бөтелкесімен сатып ала бермей, құйып алуға болады. Дүкенге матадан тігілген эко-сөмке алып барам, қажетті азық-түлікті соған салып аламын. Артық пластик қолданбау үшін сусабын, сабын секілді тұрмыстық заттарды zero waste дүкенінен сатып алам. Бұл дүкендер желісінің концепциясы менің экологиялық дағдыларымды қалыптастыруға көп көмегі тиді. Қалдықты барынша аз шығаруға, жауапты тұтынуға бағытталған принциптер топтамасы көкейге қонымды. Ол жерде барлығын құйып аласың, яғни үйде сусабын таусылса, құтысын лақтырып тастамай қайта барып құйып алуға болады. Осындай әдеттер арқылы экологиялық өмір салтын сақтаудың еш қиындығын көргем жоқ.

Пакет қаптаған орта қауіпті

Полиэтилен пакетті пайдалану мәселесіне тоқталсақ?

Жалпы қай дүкенге кірсек те алған тауарымызды полиэтилен пакеттерге салып береді. Ғалымдардың айтуынша орташа есеппен 20 минут қана пайдаланылатын полиэтилен пакеттер 400 жылға дейін шірімей жерді ластап жата береді екен. Қазір әлемнің 120 дан астам елі зиянды пакеттерден бас тартқан. Ал 30 мемлекетте пакетті сатып алады. Дания бұл тыйымдарды 1994 жылы бастап кеткен. Финляндияда пластик пакеттерді қабылдайтын автоматтар орнатылған. Қазақстан да полиэтилен пакеттің өндірісін тоқтатуды жоспарлап отыр. Өйткені полиэтилен пакет - ең қауіпті қоқыс. Жылына шамамен 6 млн 300 мың тонна пакет теңіздер мен мұхиттарды ластап, құстар мен аңдардың, балықтардың ажалына түрткі болуда. Пакеттерді қолдануды азайту үшін дүкендерде тегін таратпай, қымбатқа сату керек. Сонда ғана қоқыс азаяды.

Біздің елге Таза Қазақстан болу үшін бізге тағы не жетіспейді?

– Біріншіден бізге экобілім, экомәдениет жетіспейді. Көптеген адамдар әлі де экологиялық нормаларға бейжай қарайды. Қоқысты кез келген жерге тастау, табиғатты ластау - жиі кездесетін жайт. Бұл – экосананың жеткіліксіздігі. Экологиялық проблемалар мектеп бағдарламасында үстірт қарастырылады. Инфлюенсер үлгі болса ғана адамдарға әсер етеді. Шенеуніктер, танымал адамдар осындай саналы тұтыну өмір салтын ұстанып жүрмін десе, халықа та көреді. Адам әдейі істемейді, білімсіздіктен жасайды, саналы қолдану туралы білмейді, себебі ақпарат аз.  Екіншіден, бізде инфрақұрылым тапшы. Қоқысты сұрыптайтын жәшіктердің аздығы, қайта өңдеу зауыттарының жетіспеушілігі кедергі. Үшіншіден, жасыл технологияларға көшу маңызды. Меніңше, «Таза Қазақстан» жобасы оң нәтиже береді деп ойлаймын, халыққа экологиялық сауаттылық осындай акциялар арқылы келеді деп ойлаймын.

Келер ұрпаққа жерімізді таза күйінде тапсыруымыз керек

Экомәдениетті қалыптастыру үшін өзіңіз қандай іс-шараларға қатысып жүрсіз?

– Көптеген экологиялық іс-шаралардан қалмаймын. Мектептерде экотренер ретінде оқушыларға дәрістер оқимын. Айтқым келетінді әлеуметтік желіде өз блогым арқылы жеткіземін. Экоблогер ретінде зауыттарға экскурсия жасаймын. Өзім тұратын Алматы қаласында айына бір рет табиғатты аялауға үйрететін «Recycle Birge» акциясы өтеді, бұл іс-шара маған қатты ұнайды. Акция барысында қайта өңдеуге болатын 18 түрлі шикізат және қайырымдылыққа арналған түрлі заттар қабылданады. Дәрі-дәрмек, шыны, пластик, лампа, батарея, кітап алмасу, киім, аяқ киім, тұрмыстық заттар және т.б. өткізе аласыз. Бір акцияда 4 сағаттың ішінде 2,2 тонна шикізат пен 2,7 тонна зат жиналды. Сондай ақ, экология тақырыбына қызығушылықты арттыратын экожәрмеңке өтеді. Мастер класс аумағы да бар, қайта өңделген материалдардан жасалған тұрмыстық заттарды жасап, креативті идеяларымен бөлісеміз, косметика құрамының тазалығын тексереміз. Мысалы өткенде экоакцияға қызымды ертіп апарып ескі джинсыдан сырға жасадық. Осылайша экотәрбие балаға сырттан келмейді, ата-анасының өмір салты арқылы беріледі. Үйде бәрін көрсетіп, түсіндіріп отырса бала соған дағдыланады. Жалпы экоәдеттерді суды үнемдеу, жарықты сөндіру, қоғамдық көлікпен жүру, дүкенге шопермен бару секілді ақырындап бастаған тиімді. Бұл оңай әдеттер, соны орындауға біртіндеп дағдылансақ әлем тазарып, адамдардың денсаулығына да зиян келмейді. Адам санасы өзгергенде, таным-түсінігі кеңейгенде ғана осы экоәдеттерге өзі келеді. Өйткені Жер-Ана барша адамзатқа ортақ. Біз келер ұрпаққа жерімізді таза күйінде тапсыруымыз керек.

Сұхбаттасқан Меруерт РАЙЫМ


Рекомендовать
Последние новости