Тайжан: "Мен ешкімге сатылғам жоқ"

Dalanews 22 февр. 2018 06:21 960



Бұдан бұрын Астанада жер комиссиясының шешімдері бойынша әзірленген жер заңы жайлы қоғамдық талқылау өткен. Саясаткер Мұхтар Тайжан  талқылаудың аясында туындаған бірқатар сұрақтарға жауап беріпті. 




Арандатудың артында кім тұр? 


Бұдан әлеуметтік желі арқылы арандатушы хат тараған еді. Онда қазір қабылданатын заң жобасында "жер жаппай сатыла бастайды, шетелдіктерге жалға беріледі" деп жазылған. Осыдан кейін халық дүрлігіп, маған жан-жақтан хабарласа бастады.

"Мұхтар, бұл қалай? Сен осы мәселенің басы-қасында жүрсің ғой, бұл не сонда, ұлтқа сатқындық па?" деген сұрақтар жауды. Мен мәжілісте қаралып жатқан заң жобасында мұндай норма атымен жоқ екеніне жүз пайыз сенімді болып отырмын ғой.
Енді мұны қалай дәлелдеуім керек?

Ойлана келе ашық жиналыс өткізуге бел будым. Жиынға заң жобасын әзірлеп, парламентке ұсынған ауыл шаруашылығы министрлігінен вице-министрді, жер комитеті төрағасының орынбасарын шақырдым. Олар ресми тұлғалар, жиында "жерді сату немесе шетелдіктерге жалға беру туралы" норма жоқ екенін ашық айтты. Кейін осы заң жобасын қабылдап отырған депутаттарға сөз бердім. Олар да заң жобасында мұндай сөз жоқ екенін қадап айтты.


Жарайды...


Енді мына заңның оппоненттері бар: Айдын Егеубаев пен Антон Фабрыйға сөз бердім. Жұрттың көзінше дәлелдері болса, көрсетсін деп.
Мінберге шықты, сөйледі, нақты дәлелдері болды ма? Эмоциядан басқа не айтты?

Осыдан кейін халық сенетін, жақсы танитын тәуелсіз заңгер Абзал Құспан баяндама жасады. Ол да заңда жерді сату немесе жалға беру туралы сөз жоқ екенін айтты. Жарайды, Абзал Құспан менің досым болсын, ол шынында да менің досым.

Ал енді Бақытжан Базарбек, менің онымен танысқаныма екі-үш ай ғана болды. Студент кезінен жермен айналысып жүр екен, маған қаншама мақала жіберді, осы істің кәдімгі маманы. Ол да мұндай норма көрсетілмегенін мәлімдеді. Ал енді не керек? Мен өз мақсатыма жеттім. Проблеманың басын ашып бердік.

Баяндамалар аяқталған соң, қоғам белсенділері сөз алды. Ермұрат Бәпи, Руза апай, 80-ші жылдардан бері саясатта жүрген, ел тәуелсіздігі үшін күрескен Сағат Жүсіп, Жәнібек Қожық, Лұқпан Ахмедьяров, Исатай Өтепов тағысын тағы. Бұл кісілердің пікірін кім сатып ала алады?!
Рысбек Сәрсенбай да сөз алды, бірақ мен ол кісі 25 минут сөйлейді деп ойламадым.

Меніңше, бұл тәртіпсіздік, басқа адамдардың құқықтарын сыйлай білу керек. Бәріміз 5 минуттан ғана сөйлеуге келісіп, бекіттік. Мен мүлде сөйлеген жоқпын. Яғни, менің тарапымнан үгіт-насихат болған жоқ. Жиынымыздың есігі бәріне ашық болды. Бірақ
келесіде мен мұндай қателікке жол бермеймін.

Жабық форматта өткізіп, адамдарды тек тізіммен ғана кіргіземін. Мәселен, мен шақырмаған, бірақ өз еркімен келген кейбір адамдар мас болды. Құрманғазы Рахметов, мысалы. Қасиетті жұма күні киелі жер мәселесін талқылауға араққа тойып алып келді.

Ол не масқара, жастарға қандай үлгі көрсетеді? Кейбірі тойға келгендей кішкентай балаларымен жүрді. Бұл не әдет? Қандай мәдениет? Сосын
мінберде сөз сөйлеп тұрған адамға "сен сатқынсың, осындайсың" деп Сәлім Өтен кедергі жасап отырды.

Мінберде тұрған адамға ол үлкен кедергі. Ағаларымыздың осындай ұсақ тірлігін мен түсінбедім. Десек те, қоғамдық талқылау жаман өтпеді. Мен арандатушыларға жол бермедім, жоспарымды соңына дейін жеткіздім. Шақырған қонақтарыма түгел сөз бердім, екі сұрақты дауысқа салдым. Амандық болса, мен бұл үрдісті жалғастырамын.

10 сотық жер 


 

 Абзал Құспан Қазақстан азаматына 10 сотық жер беруге қарсы екенін айтты.  Мен Абзалмен бұл жайында сөйлестім, оның аргументтері жөн деп есептеймін. Шынымды айтсам, бұл мәселе төңірегінде терең ойланып көрмеппін. Мен былай ойладым: "баспанасыз жүргендер көп, әсіресе, жастар. Сондықтан халыққа 10 сотық жер беру керек".
Ал Абзал маған былай түсіндірді: "қазіргі буынды 10 сотық жермен түгел қамтамасыз еттік деп айтайық. Ал 20 жылдан кейін не болады? Басқа буын келеді, олар да 10 сотықтан дәмелі болады, жер шектеусіз ресурс емес қой. Қашанғы үлестіре бересің".

Шынымды айтсам, мен бұлайша терең ойланбаппын. Жарайды, жер үй дейік. Бірақ жерді қала орталығынан ешкім бермейді. Яғни, айдаладан, мектебі, балабақша, ауруханасы жоқ жерден беріледі. Ал бізге урбанизация деген үрдіс керек. Қазақ халқы урбанизацияланған ұлтқа айналуы тиіс.

Болашақта біз көп пәтерлі үйлер салуымыз керек. Олар, біріншіден, қалада бой көтереді. Екіншіден, инфрақұрылым пайда болады, балабақша, мектеп, кітапхана, университет, аурухана салынады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, мен Абзалмен келісемін. 

Қытай 


Қытайға келсек, менің әкем, ол өзі арабтанушы, ашық пікірталаста қытайтанушы Мұрат Әуезовке "біз Ресейдің ықпалында тұрғанда, анау алыста тұрған Қытайдан сескенеміз" деген еді. Кедендік одақ кәдімгі бодандық, бізді экономикалық жағынан отар ел қылды.

Ақпарат жағына келсек, теледидар, радио орысша сайрап тұр. Полигон Қытайдыкі емес, Ресейдікі.
Мен Қытайдан қорықпаймын.

Өйткені тарихта да біздің бабаларымыз Қытайдан қорыққан емес. Керісінше олар бізден сескенетін.

Мен Қытайда болғанымда, жергілікті халықпен сөйлестім. Олар өте жуас, момын халық, агрессивті емес. Қарапайым халық көшпенділер мықты, олардан аулақ жүрейік деп ойлайды.

Біз Қытайдан қорықпай, екіжаққа тиімді бизнес жасауымыз керек. Олар қолдарына қару алып, бұл жер менікі деп келмейді. Себебі соңғы 40 жылда Қытайдың саясаты ондай емес.  

Сосын қазақ қыздарының көбісі Қытай жігіттеріне тұрмысқа шығып жатыр деген әңгіме жалған. Жай ғана іштегі үрей. Константин Сыроешкин деген мықты қытайтанушы бар, ол бәрін көрсетті. Мен статистиканы білем, ондай жоқ. Қазақ қыздарына да сенемін. Әрине, Қазақстанда он үш миллиондай қазақ тұрады.
Үлкен ұлт болғаннан кейін, аласы да, құласы да болады.

Бірақ бірлі-жарым адам үшін, трагедия жасаудың қажеті жоқ. Қытаймен де қорықпай, адал, өркениетті бизнес жасауға болады. Ал егер билік ұлттық мүддемізді сатып жүрсе, ол қытайлардың емес, біздің кінәміз. Екі-ақ миллионы бар Моңғолия неге Қытайдан қорықпайды? Неге бес миллион қырғыздар, тәжіктер қорықпайды? Ал біз 18 миллион бола тұра, неге қорқамыз?! Керісінше, олар бізден қорқуы керек.

Шектелді! 


Шетел азаматына күйеуге шыққан қызға немесе шетелдік қызға үйленген азаматтың құқықтары шектелді. Қазақстанның мұндай азаматтары шекара қасындағы аудандарда, тіпті жалға да жерді ала алмайды. Тіпті Қазақстан азаматы да ала алмайды. Біздің заңымыз мораторийді де күшейтті.
Мораторийде заңды тұлғада 50 пайыз шетелдік болса, онда оған жер берілмейді деп айттық.

Ал біздің заңымызда кез келген пайыз, яғни, нөл, бір пайыз үлесі болсын, бәрібір, ешкімге жер берілмейді. Біз мораторийді күшейтіп отырмыз. Уақыт бар, біз бұл мәселені қағида тұрғысынан шешіп тастаймыз. 

Ауыл шаруашылық жерінің қанша гектары кімнің қолында?


 Жеке бастың мәліметтері туралы заң бар. Жоғарыдағылар соны желеу етеді. Мен бұл жерде ешқандай да жеке мәлімет жоқ екенін айттым. Бір жағынан мемлекет, ол заңды тұлға. Екінші тарапта – ЖШС, ол да заңды тұлға.

Бір заңды тұлға басқа заңды тұлғаға жерді жалға беріп отыр. Жеке бастың құпиясы қайда бұл жерде. Халық заңды тұлғаларды білуі керек. Жер кімнің қолында екені бәрімізге мәлім ғой, аттарын жасырып отыр тек. 
Латифундистер қазір қорқып отыр.

Жаңа заң бойынша әр адамның қолындағы жерінің көлеміне шектеу қойылады. Әр аудан, өңір үшін норма бекітіледі. Бұрын Қазақстанда мұндай болмаған.

Екіншіден, жер пайдаланылмай бос тұрса, онда мемлекетке қайтарылады. Латифундистер жерді игермей жатыр. Екі маусым, яғни бір жылда игермесе, кері қайтарады. Сосын бос тұрған жерге салықты он есе көп төлейсің.

Яғни
біздің жоспар, жерлерді босатып, жергілікті халыққа көбірек беру. Сондықтан бұл заң жобасы сапалы.

Иә, халыққа өкпе арта алмайсың. Халық билікке сенбейді, ал арандатушылар соны пайдаланып отыр. Мұхтар билікке сатылып кетті, қараңыздар, өйткені ол бай дейді.

Мен ешқашан кедей болған жоқпын. Менің әкем де Құдайға шүкір, кедей болмаған. 2013 жылдан бері бизнесте жүрген адаммын. Маған сену үшін кедей болуым керек пе сонда? Жарайды, кедей болайын. Мен онда саясатпен айналыса алмаймын.

Себебі саясатпен айналысу үшін де ақша керек. Керемет, қымбат үйде тұрады екен деп жазады. Бірақ мен жаман үйде тұрған емеспін.
Мұның барлығы аргумент пе, айтыңызшы?

Біз заңды талқылауымыз керек. Үлкен адамдардың мұндайды жазып жүргені өте ұят, бұл топастық.

Арандатушыларға айтарым түптің түбінде халықтың көзі ашылады. Қазір заң қабылданады, жер сатылмайды, шетелдіктерге жалға берілмейді, сонда мына кісілер не дейді халыққа?

Дереккөзsputniknews.kz

 

Рекомендовать
Последние новости