Тәуелсіздік құрдасы: "Өрт сөндіру саласында буын алмасу үрдісі жолға қойылған"

Dalanews 02 сент. 2021 16:00 918

Өрт сөндіру саласы әлемдегі ең күрделі, жауапкершілігі өте-мөте ауыр мамандықтың бірі. Тілсіз жаумен күресу үшін көзсіз батырлық пен қайсарлықтан бөлек, алғырлық, сабырлық керек. 

Бұл саланың қазанында қайнаған тәжірибелі өрт сөндірушілер "отпен ойнауға болмайды" деген тәмсілді жиі қайталайды. Олардың пікірінше, мұндай мамандықты игерген азаматтар өмір бойы халықпен біте қайнасып, олардың қайғысы мен қуанышына ортақтасып жүреді.

Ал осы өрт сөндіру саласында буын алмасу процесі жолға қойылған ба? Жастар осы салаға келуге қаншалықты ынтық?

Бұл туралы бізге Нұр-Сұлтан қаласындағы №10 өрт сөндіру бөлімшесінің маманы Руслан Көбетаев егжей-тегжейлі айтып берді.

"Бұл салада өз қызметіне адал, кәсібін шексіз сүйетін ержүрек, батыл, батыр өрт сөндірушілер аз емес.  Олардың көпшілігі аға буын. Біздер, жастар олардан үлгі аламыз, себебі тәжірибеміз әлі толық толысқан жоқ", – дейді ол.

Руслан Тәуелсіздікпен түйдей қарсы. Егемендік алған елең-алаң шақта дүние есігін ашқан ол осынау мамандықты таңдағанына еш өкінбейді.

"Қиындыққа шыдас береміз. Мен СҚО-ның Амангелді деп аталатын ауданында өмірге келдім. Ол жақтың қысы қатты боларын, көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Есесіне мұндай ортада өскен адам шымыр болып келеді", – дейді өрт сөндіруші.

Өрт сөндіру саласында 2014 жылдан бері еңбек ететін ол азаматтық қорғау саласын жетілдіруге азды-көпті үлес қосып жүрген жас маманның бірі. Өз қызметінен бөлек, қоғамдық өмірде де белсенді. Спортпен шұғылданып, жұмыстан қолы қалт еткен уақытта хоккей ойнағанды ұнатады.

Қызметке тұрғалы бері 8 жылдың ішінде Тәуелсіздік құрдасы өзін тек жақсы қырынан көрсете білген. Талай өрт ошағына жедел аттанып, тілсіз жауды ауыздықтаған Руслан Көбетаев әріптестерінің ортасында сыйлы, білікті маман.

Бұған былтырғы жылдың шілдесіне болған мына бір оқиға айқын дәлел бола алады.

Былтыр шіліңгір шілде айында көпқабатты үйде орналасқан пәтерлердің бірінен шұғыл хабарлама түседі. Терезенің тап алдында ойнап отырған балалар қолы тайып кетсе, төмен қарай құлдилауы әп-сәтте еді. Оқиға орнына едел-жедел жеткен №10 өрт сөндіру бөлімінің бригадасы тап терезенің алдында ойнап отырған балаларды құтқарудың жолын іздеп, ойласа бастайды. Олардың қатарында біздің кейіпкеріміз де болған еді...

Руслан ширақ қимылдап, басқыш арқылы 4 қабатқа көтеріліп, ашық тұрған терезенің түбінде ойнап отырған бүлдіршіндерді құтқарып қалады.

Құтқарушының кәсибілігі мен біліктілігінің нәтижесінде 6 және 8 жасар бүлдіршін ата-анасының қолына аман есен табысталған екен. Осы ерлігі үшін біздің кейіпкеріміз, осы сала мамандары арасында ерекше бағаланатын ІІ-ші дәрежелі "Құтқарушы" төсбелгісімен марапатталды.

"Өрт сөндіруші мен құтқарушының жұмысында үрейге бой алдырмау қажет. Бойыңды билеген қорқыныш қателікке ұрындырады, осыны ескеру қажет. Өз өзіңе деген сенімділік сені қауіп-қатерден қорғайды, түптеп келгенде бұл өрт сөндіру саласы ғана емес, күллі өмірдің кредосы іспеттес.

Өз жұмысыма маман ретінде баға берер болсам, мен үшін ең маңыздысы адам өмірін сақтау, бейбіт тұрғындардың зардап шеккенін қаламаймын. Сол себепті оқиға орнына жеткенде ең алдымен жарақат алған азаматтар бар ма, жоқ па соны анықтаймыз.

Шыны керек, талай трагедияға куә болдық. Кей кездері тілсіз жаудың тырнағына бейкүнә балалар ілігіп жатады, сол кезде жүрегің қарс айырылады, өзіңді қоярға жер таппайсың. Шарасыздықтан көзіңе жас толады. Мұны бекерге айтып отырған жоқпын. Әрбір ата-ана ұрпағының саулығы мен сақтығын ойлауы қажет. Балаларды екі шоқып, бір қарау керек. Олар бүгінгінің жалғасы. Бала дегеніміз байлық, елдің ертеңі қазіргі өскелең ұрпақпен қатар өріледі. Ал біз, Тәуелсіздік тұстастары егемендікті баянды ету үшін өз-өзімізді үздіксіз жетілдіруді ұмытпайық", – дейді Руслан Көбетаев.

Рекомендовать
Последние новости