Бүгін Астана қаласында Tatulyq.KZ жобасының брифингі өтіп, биылғы сәуір-қараша айлары аралығында атқарылған жұмыстары сараланды. Бұл жоба – медиа арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алып, болдырмауға бағытталған бастама. «Серпін» ұлттық әлеуметтік даму қорықоғамдық қорының бастамасымен, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының (АБҚО) қолдауымен жүзеге асырылуда.
Tatulyq.KZ – 2025–2027 жылдарға арналған үшжылдық медиа жоба. Басты мақсаты – зорлық-зомбылықтың алдын алу тәсілдері туралы қоғамды құлағдар ету, өзара сыйластық мәдениетін қалыптастырып, зорлыққа нөлдік төзімділік көзқарасын орнықтыру.

Бүгінгі баспасөз мәслихатында спикерлер жоба аясында биылғы жеті айда атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жоба аясында Tatulyq.KZ сайты ашылып, әлеуметтік желілердегі парақшалар (Facebook, Instagram, TikTok, YouTube) іске қосылды. Сондай-ақ ақпараттық науқандар мен зорлықты еңсерудің 14 табысты тарихын үлгі етер мысалдар жүзеге асырылып келеді. Отбасы құндылығын арттырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қасіретін саралайтын подкастар, вебинарлар, бейнероликтер, инфографикалар және аналитикалық материалдар дайындалып, көпшілікке ұсынылды. Жоба жетекшілері игі бастамаға әрқашан қолдау көрсетіп, журналистер, блогерлер, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері әрдайым ашық диалог орнатуға септігін тигізгенін де атап өтті. Жеті айдың ішінде жоба жалпыхалықтық сипат алып, бірқатар ауқымды істер атқарылды. Жоспар бойынша 12 миллион адамды қамтып, халықтың тұрмыстық зорлықтың алдын алу туралы хабардар ету көрсеткішін 80%-ға дейін арттыру көзделіп отыр.

Брифингте әлеуметтік жобаның аясында атқарылған жұмыстарға тоқталған үйлеструшісі Әділхан Төлегенұлы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу салдармен күресудің басты бағыты екенін атап өтті.
– «Серпіннің» жобасы шеңберінде жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижесі қуантарлық. Біздің жобамыз бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарға қолдау көрсетіліп, заңдық тұрғыдан кеңес беріледі. Дүрдараз болған жандардың мәселесін шиеленістірмей медиация арқылы бейбіт жолмен шешіп, ортақ мәмілеге келуге үндейміз. Жалпы жобаның мақсаты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қарекет жасау. Соған байланысты еліміздің бірнеше өңірінде жоғары оқу орындарының және колледждердің студенттерімен, мектеп оқушыларымен де кездесу ұйымдастырдық. Отбасы құндылығын насихаттап, ажырасу, ерлі-зайыптылардың бір біріне қол көтеріп, зәбір көрсетуі мәселенің шешімі емес, керісінше шытынаған сенімді сетінететін қадам екенін түсіндірдік. Жоба аясында әртүрлі сала мамандарын шақырып, түйткілді мәселелерді оң шешімі айтылды. Мәселен Республикалық аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанай, Республикалық Әкелер одағы төрағасының орынбасары Бекдайыр Нығметұлы, Қазақстан әйелдер күштері альянсы төрағасының орынбасары Баян Тойкебаева, Ақмола облысы бойынша «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы болған Баян Бекетай сынды спикерлер кездесулерде отбасы құндылығының маңызын жан-жақты талқылап айтты. Мұндай жүздесулер жас ұрпақ үшін керек және жиі ұйымдастырылғаны дұрыс, – дейдіӘ.Төлегенұлы.

Брифингті жүргізген жобаның координаторы Сарбинас Бөлеген әлеуметтік салада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу профилактикасын нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
– Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмаудың маңызы жоғары. Өкінішке қара азаматтар әлі де толыққанда ақпараттан хабарлар емес. Сол себепті де біз жоба арқылы әлеуметтік желілерде түрлі форматтағы сұхбаттар ұйымдастырып, бейне роликтер түсірдік. Ютуб арнамызда, сондай-ақ әлеуметтік желідегі парақшаларымызда да халықты ақпараттандыруға күш салып келеміз. Жоба шеңберінде атқарылған жұмыстар да нәтижесіз емес. «Қауіпсіздік өзіңнен басталады» деген тақырыпта 3 вебинар өткізілді. «Әлемді өзгертетін әйелдер» айдарымен 7 подкаст түсірілді. Онлайн-мектеп негізімен «Тату отбасым» тақырыбында 7 шығарылым жүзеге асты. «Ер болу – жауапкершілік» деген тақырып аясында да 4 сұхбат жазылып, көрерменге ұсынылды. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігімен бірлесіп бірнеше әлеуметтік роликтер түсірілді. Түрлі кездесулер өткізу арқылы халықтың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеуіне септігіміз тисе – мақсатымыздың орындалғаны. Колледждерде кездесу ұйымдастырғанда аңғарғанымыз өрімдей жас студенттердің арасында буллинг мәселесіалаңдатарлық. «Қолымызды мезгілінен кеш сермемес» үшін бұған бей-жай қарауға болмайды, – дейді Сарбинас Бөлеген. Жоба жетекшісі игі бастама алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Брифинке онлайн қосылған әлеуметтанушы Айжамал Сұлтанбекқызы сауалнама жүргізіп, азаматтардың кейбірі әлі де заңдық тұрғыданөздерінің құқығын қорғауда әлі де қамсыз екенін ескертті.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңның талаптары күшейтілгенін, енді отбасындағы ұрып-соғу бұрынғыдай әкімшілік жауапкершілікпен айып арқаламай қылмыстық жазаға тартылатынынан хабарсыз жандар да бар. Сондықтан жанұядағы жанжалдың соңы жақсылыққа апармайтынын естен шығармаған жөн, – дейді маман.
Брифинг соңында әлеуметтік жобаны жүзеге асырушылар игі бастама қоғамда кең қолдау тауып, насихаты артқанда іс ілгері басатынын айтып, көпшілікті қолдауға шақырды.
