Әлемде тарифтік қақтығыс болып жатыр. Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономика мәселелеріне қатысты жұмыс отырысын өткізіп, тарифтік қақтығыстар салдарынан әлемдік нарықтағы жағдай өзгеруіне байланысты еліміздің іс-қимыл жоспарын талқыға салды. Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бастаған шенділер баяндама жасады. Сарапшылар бұл бағытта не дейді? Dalanews.kz шолу жасады.
Тоқаевтың тапсырмасы: "Халықтың әл-ауқатын төмендетпеу керек"
Президент қазіргі жаһандық экономикадағы ахуалдың тұрақсыз сипат ала бастағанын, сондықтан кез келген жағдайға дайын болу қажет екенін айтты.
Кеңес отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады.
"Үкіметтің міндеті – халықтың әл-ауқатын, экономикалық өсім қарқынын және тартылатын инвестиция көлемін төмендетуге жол бермеу", – деді Мемлекет басшысы.
Жуырда Шымкентке сапарында да әлем бетпе-бет келіп отырған жаңа сын-қатерлерге қатысты пікір білдірді.
"Жаһандық сауда соғысы өршуі салдарынан дүние жүзінде күрделі ахуал қалыптасып келеді. Егер мұндай текетірес орын алса, оның зардабын барлық ел тартады. Оған еш күмән жоқ.
Бұл ретте біз Президент Трамптың аталған қақтығысқа қатысы бар елдердің ұстанымдарын нақтылап, мүмкіндігінше келіссөз бастау үшін 90 күн мораторий жариялау туралы байыпты шешімін құптаймыз. Сарапшылар елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлдырауына түрткі болып, халықаралық сауда-саттықтың бүкіл ережесін тас-талқан етуі, тіпті, оның соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласуы мүмкін деп ескертеді. Апта басында барлық негізгі индекстердің мәні төмендеп, мұнай бағамы барреліне 60 доллардан аспады. Алайда Америка билігі тарифтерді кейінге қалдыру туралы шешімін жариялаған соң, биржадағы бағалар өсті. Қазір жағдай біршама тұрақталғаны байқалғанымен, әлемдік қор нарығы мен шикізат биржалары бұрын-соңды болмаған мазасыз күйге түсіп тұр.
Әлемнің қатаң тарифтік қақтығыстар саясатына көшкені анық. Әңгіме кезекті рецессия жайында ғана емес, жаһандық экономиканың іргесін шайқап, халықаралық қатынастар жүйесіне ауыр зардабын тигізетін дағдарысқа бет алғанымызда болып отыр. Біз қазіргі ахуалды мұқият сараптап, барлық қауіп-қатерді ескеріп жатырмыз. Ешбір қиындыққа қарамастан, Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды, стратегиялық бағдарымыз да өзгермейді. Біз инфрақұрылым, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа да бағыттар бойынша ірі жобаларымызды жүзеге асыра береміз. Жұмыс тоқтамайды, – деді Тоқаев.
Тарифтік қақтығыс: бұл саяси ойын ба?
Тарифтік қақтығыс - мемлекеттер арасында тарифті өзара арттыру арқылы туындайтын экономикалық дау. Сарапшылар мұндай қақтығыстардың астарында саяси қысым көрсету жататынын да жоққа шығармайды.
Жуырда АҚШ президенті Дональд Трамп шетелден әкелінетін барлық тауарға баж салығы енгізілетінін жариялады.
Базалық тариф 10 пайыз деңгейінде, алайда ол көптеген мемлекет үшін жоғары. Мәселен ЕО елдерінен келетін тауарға 20 пайыз, Швейцария үшін 31 пайыз, Ұлыбритания үшін 10 пайыз, Израиль үшін 17 пайыз, Қазақстан үшін 27 пайыз болады делінді. Ең жоғары төлем Вьетнамға (46 пайыз), Камбоджаға (49 пайыз), Лаосқа (48 пайыз) жүктелген еді.
Артынша АҚШ президенті Дональд Трамп әлем елдерінің тауарларына бұған дейін жариялаған баж салығын 90 күнге тоқтатты. Тізімге Қытай енбеді. Керісінше Қытай кедендік баж салығының жоғары мөлшерлемесіне ұшырайтыны айтылды. Қытай да үнсіз қалмады. Күні кеше Трамп тағы да Қытайды 245 пайыз көлеміндегі баж салығымен бір "қорқытып алды".
Сарапшылар не дейді?
Dalanews.kz саясаттанушы Жанат Момынқұловтың пікірін білді. Сарапшы мұның Қазақстанға әсері турасында сөз қозғады.
"Трамптың "тарифтік соғыстарының" жағымсыз әсерлері Қазақстанды да айналып өтпеуі мүмкін. Мұнай бағасының құлдырауы осы деңгейде жалғаса берсе, алдағы айларда елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға, бәлкім халықтың көңіл-күйіне де ықпалы етуі ықтимал", - дейді ол.
Оның сөзінше, мәселе тек тарифтер қақтығысында емес, әлем экономикасы баяулап, дәстүрлі түрде қалыптасқан қатынастар бұзылу қаупінде тұр.
"Қазір бір уақытта АҚШ-Қытай сауда қақтығысы, Украина-Ресей соғысы, Таяу Шығыста Израиль-Иран шиеленісі, мұнай бағасының төмендеуі, ақпараттық-технологиялық соғыс жүріп жатыр. Бұл - әлемде жаңа тәртіп қалыптасуының алғышарттары мен жан-жақты қысым", - дейді Момынқұлов.
Жанат Момынқұловтың айтуынша, мұның Қазақстан экономикасында мұнай саласына жағымсыз әсері болуы мүмкін.
"Бұл жағдай мұнай экспорттаушы елдердің, айталық Ресей экономикасын әлсіретіп, шығындарды қысқартуға, соғысты тежеуге мәжбүр етуге бағытталған. Бұл Ресеймен етене жақын елдердің экономикалық жағдайына да елеулі әсер етеді. Әлемдік экономика баяуласа, Қытайдың мұнайға мұқтаждығы азаяды. Мұнайдан түсетін кіріс төмендеуі үкіметтердің қаржысын азайтады
Қазақстанның бейресми әлеуметтік контракты (халыққа саяси тұрақтылық пен шектеулі еркіндікті беру арқылы орнына экономикалық даму: жалақылар мен әлеуметтік көмек) көбіне мұнай табысына негізделген. Мұнай бағасы төмендеуі экономикалық ауыртпалықтар мен ішкі саясаттың біршама теңселуіне әкелуі мүмкін. Аймағымызда әлеуметтік теңсіздікті және реформалау талаптарын шешу үшін төменнен күшейетін қысым біршама артуы мүмкін. Мұнай жай ғана экономикалық актив емес, ол әлеуметтік келісімшарттың негізі. Ал мұнайдан түсетін табыс азайса, елдегі тұрақтылыққа қалай болғанда да әсері болады", - деді ол.
Сарапшының пікірінше, Трамп әкімшілігінің Қытайға және Еуропаға қарсы енгізген тарифтері жаһандық сауда балансына қауіп төндіреді.
"Инвесторлар сеніміне сызат түсіреді. Бұл жағдай энергетика нарығындағы тұрақсыздықты күшейтті. Сауда ағындары мен өндіріс тізбектерінің бұзылуы мұнайға сұранысты азайтып, әлемдік экономиканың тұралауына алып келуы ықтимал. Ал бұл ОПЕК+ елдеріне, Қазақстан үшін тікелей соққы болады. Бюджет құрылымының үлкен бөлігі мұнайдан түсетін еліміз үшін бағаның құлдырауы қаржы тапшылығына, теңгенің әлсіреп, әлеуметтік бағдарламаларды қысқартуға әкелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер етер еді. Бұл құлдырау жаңа жобаларға қаржы құюды баяулатады", - деді ол.
Саясаттанушы бұл мәселеде өз болжамын да айтты.
"Сыртқы экономикалық жағдайдың күрделенуі Қазақстанның геосаяси бағытына да әсер етеді. Қытайдың Қазақстан экономикасына ықпалын ескерсек, бұл көрші елдің саясатында жаңа қатердің өсуіне әкелуі мүмкін. Бірақ меніңше, Қытай тарапы Трамппен келісімге келеді. Тек сол келісімнің шарттары ғана Бейжіңді толғандырып отыр. Трамптың протекционизмі Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының тепе-теңдігіне жағымсыз әсер ету потенциалына ие болумен қатар, елдің Батыс пен Шығыс арасындағы маневр жасау мүмкіндігін тарылтуы мүмкін.
Трамптың тарифтік шешімдері Қазақстан үшін тікелей экономикалық қауіп болмаса да, жанама және кешенді тәуекелдер әкелуі ықтимал. Мұнай секторы арқылы бұл саясат бюджетке соққы болып, әлеуметтік салаға кері әсерін тигізуі ықтимал. Ал геосаяси тұрғыда әлсіреген Ресей жағдайында Қытайдың аймақтағы экономикалық-саяси рөлі артып отырғанын ескеру қажет. Бұл факторлар Қазақстанды барынша икемді әрі көпқырлы ішкі және сыртқы саясат жүргізуге мәжбүрлейді", - деп түйіндеді ол.
Бұл турасында саясаттанушы Асхат Қасенғали де әлеуметтік желіде пікір білдіріпті.
"Тарифтік тартыстың тоқтайтын түрі жоқ. Нөмір бірінші экономика АҚШ пен нөмір екінші экономика Қытай күн сайын бір-біріне тарифтерді көтеруде. Компаниялар тауардың бағасын өзгертіп үлгере алмай жатыр. Қарбалас. Бұл күллі әлемге әсер етеді. Трамп Қытайдан басқа елдерге салынған баж салығын 90 күнге тоқтатты. Бұл түбегейлі шешім болмаса да, "келіссөзге дайынбыз" деген ым-ишарасы болса керек. Дегенмен сауда соғысы көптеген елге зардабын тигізеді. Тіпті әлемдік рецессияға әкелуі мүмкін", - деді ол.
"Мысалы ЕО мен Қытай тарифтік соғыста позицияларын жақындатуы мүмкін. Яғни ЕО елдері Қытай тауарларына тариф салмай, Қытай ЕО тауарларына тариф салмайды. Бәлкім тариф болатын шығар, бірақ тым жоғары емес дегендей. Ондай сәтте Қытай мен ЕО-ның тауарларын бір-біріне ағылады дейді сарапшылар. Тарифтік соғысқа байланысты Қытай мен ЕО-ның байланысы артса, өзара тауар тасымалы да артады. Бұл Қазақстанды логистикалық тұрғыдан маңызды ете түседі. Бұл бір жағынан мүмкіндік. Транскаспий бағытының да тынысы ашыла түсер еді. Қытай тауарын екі жолмен, теңіз және құрлық арқылы тасымалдайды. Теңізге басымдық береді, алайда Еуропаға тауар жеткізу үшін біз арқылы өтетін жолды да барынша пайдалануда. Енді соның үлесі артатын сияқты", - деп болжады ол.
"Трамп әзірге тарифтерді 90 күнге паузаға қойып, барлығына ортақ минималды 10 пайыз тарифті қалдырды. Бұл санатқа Қытай кірмейді. 90 күннен кейін Трамптың тарифтері қайтып келуі мүмкін. Бәлкім кей елдер осы 90 күннің ішінде АҚШ-пен келісіп, тарифтерін азайтатын шығар. Алайда кей елдер үшін сол жоғары тарифтер қалуы ықтимал. Қалай болса да "тарифтер соғысы" әлемді өзгертеді. Әлемдік экономикада тектоникалық өзгерістер болуы ықтимал.
"Бізге салған тарифі - 27 пайыз. Ол біз АҚШ-қа саудалайтын тауардың 90 пайызынан астамына жүрмейді. Өйткені біз АҚШ үшін стратегиялық маңызы бар шикізаттық тауарларды сатамыз. Бірақ бәрібір де тарифтік тартыс бізге де әсер етеді. Осылайша Трамп ұзақ жылдар бойы қалыптасқан геосаяси, геоэкономикалық әлемдік жүйені өзгертіп жатыр", - деді ол.