Таразда би өнері ұлықталды

Dalanews 15 мар. 2017 16:24 1767

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақстан халықтарының ұлттық билеріне арналған «Би әлемі» атты аймақтық байқау өтті. Оқу орнының 50 жылдығына орай ұйымдастырылған хореографиялық сайысқа Жамбыл облысындағы орта білім беру мекемелерінің оқушылары қатысты.

Өнер және мәдениет факультетінің мұрындық болуымен алғаш рет өткізіліп отырған өнер додасының мақсаты – еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың билеріне деген қызығушылық пен құрметті арттыру және  халықтардың салт-дәстүрі мен рухани мәдениетін насихаттау. Сонымен қатар, Жамбыл облысындағы талантты жастарды анықтау, оларды бекзат өнерге баулу арқылы шығармашылық қарым-қабілетін дамыту, эстетикалық талғамдарын қалыптастыру.

Сайыстың салтанатты ашылу рәсімінде ТарМПИ ректоры Дария Қожамжарова шараның мәні мен маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Би өнері – бабадан балаға мұра болып келе жатқан, бишінің қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін ұлттық сахна өнері. Халықтық би өнері ерте заманнан қалыптасып, оның аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс салтымен біте қайнасқан асыл мұра. Ұлттың ұлылығын ұлықтайтын құндылығы, баға жетпес байлығы. Халықтардың көркемдік ойының бір көрінісі ретіндегі бекзат өнер болмысында барша адамзаттың жалпы дүниетанымына сай арман-мұраттарын бейнелейтін қимылдар жүйесін қалыптастырған. Мәселен, қазақ халқы да ежелгі би өнерінің дәстүрі мен өрнегін сақтап, өзінің рухани қазынасымен ұштастыра отырып, ғасырлар бойы дамытқан. Қазақ биі – кешегі көшпенділердің тұрмыс-тіршілігін табиғатпен астастырып, ұлттық таным-талғамға сай көркем бейнелеген өнер. Қазақ биі – ұлттық идеяның негізі, тарихи мұраларымыздың бірегейі. Қараша қауым «Қазақ би өнерінің ханшайымы» деп ат қойып, айдар таққан Шара Жиенқұлованың бүгінгі ізбасарлары байқауда бақтары мен баптарын сынамақ. Талаптарыңа нұр жаусын дегім келеді. Өнер жолындағы алғашқы қадамдарыңа сәттілік тілеймін! – деді Д. Қожамжарова.



Байқауда  Меркі, Жуалы, Тұрар Рысқұлов, Талас, Байзақ, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласындағы жалпы білім беретін мектеп, лицей, гимназиялардың 21 оқушысы бағы мен бабын сынады. Өнер додасы екі кезең бойынша жүргізілді. Алғашқы турда қатысушылар қазақ халқының, екінші кезеңде өзге ұлттың билерін орындап, өзара сынға түсті.

Сайысқа белгілі өнер майталмандары қазылық жасады. Конкурс барысында қатысушылар орындаушылық шеберлігі, сахналық бейнені сомдауы, композициялық шешімі, музыкалық сүйемелдеудің ұтымды таңдалуы, әртістік қабілеті және сыртқы пішіннің би мәнеріне сәйкес келуі сынды талаптар бойынша бағаланды.

– Байқауда бағын сынаушылардың дайындықтары жоғары деңгейде екенін атап өткен абзал. Сайыс кезеңдерінде қарым-қабілеттерін мүмкіндігінше көрсетуге тырысты. Осы орайда айта кеткен жөн, бұл жоба жастарға үлкен мүмкіндік сыйлайды. Олар өз бойындағы өнерін ғана көрсетіп қоймайды, сондай-ақ жоғары оқу орынының маман хореографтарымен де жұмыс істеп, дәріс алады. Бұл келешекте кәсіби биші ретінде шыңдала түсуіне сеп болмақ. Сонымен қатар, бұндай байқау өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырғандығын да айта кеткіміз келеді, – дейді қазылар алқасының мүшелері.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бишілердің қай ұлттың биін орындайтындығы маңызды емес. Бастысы – олар өз өнері арқылы бидің өміріндегі алар орыны мен әсерін шебер көрсете білуі тиіс.

Байқау  қорытындысы бойынша  Ксения Рудакова «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шығып», бас жүлдеге ие болды. Оған институт ректоры Дария Қожамжарова тағайындаған ТарМПИ-да «Хореография» мамандығы бойынша білім алуға 100 пайыздық жеңілдік берілетіні туралы сертификат табысталды.

Ал, 1-орын иегері Татьяна Дума 75 пайыздық, 2-орын иегері Адия Бекмурзаева 50 пайыздық және 3-орын иегері Меруерт Абикул 30 пайыздық оқу жеңілдігіне қол жеткізді. Сондай-ақ, оқушыларды байқауға дайындаған ұстаздары «Үздік балетмейстерлік жұмыс», «Хореографиялық шығармашылық және бірегей идеялар» аталымдары бойынша арнайы дипломдармен марапатталды.

– Түсіне білген адамға би – өмірдің өзі. Түрлі дене қимылдары арқылы ойыңды, көңіл-күйіңді жеткізуге болады. Осындай байқауды өткізуге ұйытқы болған институт басшылығына алғысым шексіз. Енді болашақта білім ордасында «Хореография» мамандығы бойынша дәріс алып, би өнерінің қыр-сырын меңгеретін боламын, – дейді өнер сайысының жеңімпазы Ксения Рудакова.

 

Жамбыл облыс әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости