Жамбыл облысында жылыту маусымы ойдағыдай өтуде

Dalanews 15 мар. 2017 16:22 896

Санаулы аптадан соң өңірде қысқы жылыту маусым аяқталады. Дәл қазір облыста жылыту маусымы  штаттық кестеге сәйкес өтуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Е. Көшербаев мәлімдеді.

– Дәл қазір облыстың тұрғындары мен бюджеттік мекемелер тиісті отын қорымен толық қамтылған. Бюджеттік мекемелерге 67,2 мың тонна және тұрғындарға қажетті 346,8 мың тонна көмір толық көлемде жеткізілген. Облыстың кіші қалаларындағы орталық қазандықтар  да тиісті отын қорымен толық қамтылған. Сонымен қатар, Жаңатас қаласына қосымша 500 тонна мазут сатып алуға облыс бюджетінен 22,6 млн.теңге қаралуда және «Жаңатас-Су-Жылу» кәсіпорны тарапынан 181 тонна мазут сатып алу шаралары жүргізілуде.  Облысымыз сағатына 225 мың метр куб. газ тұтынуда. Барлық тұтынушыларға, өндірістік және коммуналдық кәсіпорындарға табиғи газ үздіксіз жеткізіліп тұр. Одан басқа, облысымызда Ақыртөбе жер асты газ сақтау қоймасында 135 млн. м3 тауарлық газ қоры жинақталған. Сондай-ақ, электр энергиясын орташа сағаттық тұтыну 333-335 МВт құрайды, – деді Е. Көшербаев.

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың биылғы  Қазақстан  халқына арнаған Жолдауына сәйкес,  «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту  бағдарламасын жүзеге асыру үшін жылумен қамту жүйесін жақсарту, жылу желілерінің тозу деңгейін азайту және қазандық жабдықтарын жаңарту жұмыстарын жүргізу мақсатында облыста  2016-2020 жылдарға арналған арнайы  кешенді бағдарламасы әзірленген. Бағдарламаға сәйкес, болжаммен 17,0 млрд. теңгеге 36,14  шақырым жылу желілерін ауыстыру жоспарланған.  Оның ішінде 2017 жылы 9 531,3 млн. теңгеге Тараз қаласындағы  бірнеше жылыту магистралын жаңғырту бойынша  тиісті министрліктерге бюджеттік тапсырыстар берілді. Сонымен қатар, аталмыш бағдарламаның аясында биылғы жылға Тараз қаласының жылу желілерін қайта жаңғырту үшін сомасы 47,3 млн. тенгеге 4 жоба әзірленуде.

Жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде  жылу шығындары нормативтік денгейге жетеді, жылу  желілерінің тозығы 69,1%-дан 48,2% дейін немесе 21%-ға азаяды деп күтілуде.

Сонымен бірге, 2017 жылы 280,3 млн. теңгеге Шу қаласының орталық қазандығын газға ауыстыру жобасы да іске асырылмақ. Сондай-ақ, Қосымша су ысытқыш қазан орнату арқылы Тараз қаласындағы РК-4 аудандық қазандығының жылу қуатын  ұлғайтуға құны 1 362,0 млн. тенгеге өтпелі жоба іске асырылмақ.

Газ тасымалдау жүйесін дамыту бағдарламасына сәйкес, 2017 жылы 1 587,130 млн.теңгеге 2 жобаның құрылысы және 7 жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаражат қаралып, жұмыстар жүргізілмек. Ал, «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жылу энергетикалық жүйесін дамытуға арналған нысаналы трансферттері» бюджеттік бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 4 жобаны іске асыруға 2 857,1 млн.теңгеге бюджеттік өтінімдер өткізілді.

 

Жамбыл облыс әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости