Тараз іргесіндегі елді мекендер әлі күнге сусыз отыр

Көркем Алдабергенова 10 июл. 2025 10:36

Тараз іргесіндегі елді мекендер әлі күнге сусыз отыр. Миллиондаған қаржы құйылған су құбыры бар болғаны шенеуніктердің есебінде ғана сайрап тұр. Ал шынтуайтына келсек, Бектөбе мен Қызылшарық тұрғындары жиырма жыл бойы көшедегі жалғыз колонкаға қарап қалған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

КТК телеарнасының мәліметінше, о баста су осы жылдың сәуірінде әр үйдің ауласына жетеді деген еді. Ол мерзім жаздың соңына қарай сырғып, жұрт тағы да шелегін сүйретіп әлекке түсіп жүр. «Құрылыс бітуге жақын» дегенге сенім аз, себебі топырақ арасынан бей-берекет шлангілер шығып, әлден құдықтардың қақпақтары қирап жатыр. Сапасыз атқарылған жұмыстың салдары ертең тағы да елдің бас ауруына айналмақ.

Ал қызығы сол – мердігер компанияның есебі бойынша, нысан 97 пайызға дайын тұр. Жамбыл аудандық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мақсат Үсембаев «Су қабылдау жұмыстары жүріп жатыр, тамыз айында тұрғындардың үйлеріне су толық жеткізіледі», – деп ант-су ішіп отыр. Ол аздай, әкімдік астанаға жолдаған есепте құбырлардың іске қосылғаны туралы сүйінші хабар да жеткен. Тек ауылдағы ағайынның шелегі әлі құрғақ, жүйкенің де жұқарып бара жатқанын әкімдік ескермесе керек.

«Шенеуніктердің сөзі – далбаса әңгіме! Көзіміз көріп отыр ғой, екі ауылда да бір тамшы су жоқ. Салынған дүниенің сапасы мынау болса, ертең тағы қанша жыл жыр болары белгісіз», – дейді жергілікті тұрғын Зытула Райымбердиев.

Әкімдік мәселенің барын жартылай мойындап, «кей жерлерде олқылық анықталғанын» айтады. Олқылықтар қысқа уақытта жойылуы тиіс екен. Сонымен қатар, мердігер компания нысанды бес жыл бойы кепілдікпен жөндеп тұруға міндетті.

Мұндай жағдай тек Жамбыл облысында емес. Алматы іргесіндегі Кемертоған ауылының халқы да суға жарымай отыр. Онда құбыр ескіріп, жүйе істен шыққан. Бірнеше көшеге ауыз су мүлдем жетпей қалған.

Жиырма жыл бойы судың сыбырына зар болған елдің бұл жолғы үміті ақтала ма, әлде сол баяғы бос әуреге салына ма, оны да уақыт көрсетер. Бірақ шенеуніктердің қағаздағы есебі мен ауылдағы шындықтың арасы тым алшақ екені анық.


Рекомендовать
Последние новости