"Тапсырма неге орындалмады?". Тоқаев қымбатшылықты сөз етті

Dalanews 04 нояб. 2021 09:26 859

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен Ұлттық банке инфляцияны 8,5%-тен асырмауды тапсырды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі Twitter-де мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барған мемлекет басшысы моноқалаларды дамыту жөніндегі кеңесте азық-түлік бағасына тоқталды.

Президенттің айтуынша, биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 10,4%-ке өскен. 9 айдың қорытындысы бойынша инфляцияның жалпы өсімі 8,9%-ті құрады.

"... Менің тапсырмаммен делдалдық схемаларды тергеу бойынша өңірлік комиссиялар құрылды. Алайда нәтижені президент те, азаматтар да көріп тұрған жоқ. Президент әкімшілігі мән-жайды анықтап, бір апта ішінде есеп беруге тиіс", - деді Тоқаев.

Ол азық-түлік бағасының қысымымен инфляция 6%-тен асып кеткені айқын екенін айтты. Президент үкімет пен Ұлттық банкке инфляцияны 8,5% шегінде сақтауды тапсырды.

Бұдан бөлек Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген қаражаттың жұмсалуына сараптама жасауды бұйырды. 


"Ауыл шаруашылығын субсидиялау жайында. Соңғы 5 жылда бұл мақсатқа 2 трлн теңгеден астам қаражат бөлінді. Нәтижесінде не болды? Бюджет қаражаты жұмсалады, оның жұмсалуына бірыңғай бақылау жоқ. Айтарлықтай экономикалық тиімділігі де жоқ", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұзда өтіп жатқан моноқалаларды дамыту мәселелеріне арналған жиналыста.

Президент жемқорлыққа қарсы қызметке бұл салаға сараптама жүргізуді тапсырған. 

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке прокуратурамен және басқа да органдармен бірге бұл салаға кешенді сараптама жасауды тапсырдым. Оған қоғамды және аграрийлердің өздерін де тарту керек", - деді мемлекет басшысы.

Рекомендовать
Последние новости