Тапшылықпен күрес: Жанаржағар май мен дизель отынын ЕАЭО елдеріне тасуға тыйым салынады

Кәмшат Тілеухан 27 нояб. 2024 10:19 2288

Энергетика министрлігі ҰҚК, ІІМ және Қаржы министрліктері бірлесіп, 2024 жылғы 8 қазандағы "Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы" бұйрығына тиісті толықтырулар жобасын дайындады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұйрық жобасына сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап алты ай мерзімге Қазақстан Республикасының аумағынан жеңіл дистилляттарды, авиакеросин мен дизель отынын, газойлдарды, толуолды, ксилол және мұнай битумын ЕАЭО кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетуге тыйым салынады.

Дегенмен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу, үлгілерді біліктілік және зертханалық сынау үшін авиациялық отынды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша гуманитарлық көмек шеңберінде экспортталатын мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге рұқсат етіледі.

Энергетика министрлігі соңғы жылдары еліміздегі АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынын сыртқа әкету кең белең алып отырғандықтан, осындай шаралар қолдануға мәжбүр екенін нақтылайды.  Мәселен, құқық қорғау органдарының мәліметінше, "жабық тауар" деген желеумен жанар-жағармайдың "сұр" экспортының ай сайынғы көлемі 10-нан 45 мың тоннаға дейін жетеді. Себебі Қазақстандағы баға тартымды: жанаржағар май көрші елдермен салыстырғанда 17 – 166%-ға төмен. Салдарынан 2024 жылдың 10 айында заңсыз сыртқа әкетілетін бензин қоры 453-тен 295 мың тоннаға, дизельдік отын 554-тен 279 мың тоннаға дейін азайды.

Осыған байланысты мұнай өнімдерін, оның ішінде ЕАЭО аумағынан тыс экспортқа бақылауды күшейту тапсырылды. Құжатты әзірлеушілер жобаны жүзеге асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлуді қажет етпейтінін алға тартады. Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және басқа да салдарларға әкеп соқтырмайды. Енгізіліп жатқан шаралар ұлттық қауіпсіздікті және ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жоба 2024 жылдың 10 желтоқсанына дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА порталында орналастырылды.


Рекомендовать
Последние новости