Есірткі таратуға қатысқан лауазымды тұлғаларды өмір бойы бас бостандығынан айыру ұсынылды

Dalanews 23 нояб. 2024 15:37 935

Есірткі таратуға қатысқан лауазымды тұлғаларды өмір бойы бас бостандығынан айыру ұсынылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды  Dalanews.kz.

"Мәжілісте есірткі өндірушілеріне жазаны күшейтуге бағытталған маңызды заң жобасы талқылануда. Жазаны өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатайту ұсынылды. Бұл – әділетті шешім. Депутаттар осы норманы қолдап дауыс берді", деп жазды 23 қарашада депутат Асхат Аймағамбетов Telegram арнада.

Алайда, ол бұл арада бұдан да күрделі мәселе барын айтады: қылмыспен күресуі тиіс азаматтар өздері есірткі бизнесіне араласқан кезде не болады?

"Біз құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен өздерінің лауазымын, қызметтік мүмкіндіктерін және ақпаратқа қолжетімділікті пайдаланып, есірткі айналымына қатысқан өзге де лауазымды тұлғаларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын енгізу туралы ұсыныс жасадық. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, мұндай әрекеттер ең қатаң жазалануы тиіс. Себебі бұл – азаматтардың мүддесіне жасалған сатқындық, қоғам сеніміне нұқсан келтіріп, елдің қауіпсіздігіне қатер төндіреді", - дейді ол.

Ол қоғам үшін үлкен қауіп төндіріп отырған осы мәселені жоюға бағытталған есірткіге тәуелділікпен күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілгенін, сонымен қатар, ұлттық қауіпсіздікті нығайтатын қосымша шаралар да қабылданғанын да нақтылайды.

Аймағамбетов айтып отырған жайттар елімізде аракідік кездеседі. Мәселен, 2024 жылы 15 қарашада Жамбыл облысында есірткі бизнесі ісі бойынша полиция майорына қатысты сот отырысы болды. Сотта оның ашылған қылмыс көлемін арттыру үшін  есірткі сатқаны анықталды. Сот үкімімен ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды.


Рекомендовать
Последние новости