Танымал журналист жарнамалаған тұрғын үйге ақша құйған тұрғындар баспанасыз қалды

Көркем Алдабергенова 27 июн. 2025 16:40

Журналист Гүлбану Әбенова өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында журналист әрі блогер Асхат Ниязовтың “Dala SK” құрылыс компаниясымен интеграция арқылы жасаған жарнамалық контентіне байланысты алаңдаушылық білдірді. Ол бұл жағдайға қатысты пікірін ашық айтып, «Обожаю» арнасына шыққан соңғы шығарылымды мысал етті. Жазбада журналист кәсіби жауапкершілік, алаяқ құрылысшылар және журналистиканың этикасы мәселелерін көтереді.

«Адамдар Асхатқа сенеді, ал ол сенімді ақтай алмады»

«Асхат Ниязовтың соңғы бағдарламасын көріп шықтым. Ол Dala SK компаниясымен жасаған коммерциялық әріптестігі туралы айтып отыр. Ол компанияның болашағы бар құрылыс мекемесі екенін айтып, барынша мақтады. Объектіге барып, бәрі қандай жақсы екенін көрсетті. Бірақ ақыры не болды? Тағы да алданған үлескерлердің саны артты, уәде етілген пәтерлер жоқ. Бұл – өте ұят жағдай», – деп жазады Әбенова.

Оның айтуынша, бұл оқиғада жарнаманың рөлі аз емес. «Асхат жай ғана блогер емес, көпшіліктің сүйіктісі, сенімді адам. Журналист ретінде де танымал. Сондықтан оның сөзіне адамдар сенді», – дейді ол.

Алайда қазіргі таңда Ниязов өзін ақтап, «мен заңгер емеспін» деп жауап беріп жүр. Бұған қатысты Гүлбану: «Бұл – күлкілі әрі кәсіби емес. Әсіресе бүгінгідей жағдайда, әрбір сөзің үшін журналистер сотқа тартылып жатқан кезде, бұлай жауап беру ұят», – деп сынады.

«Журналист бәрін тексеруге міндетті»

Әбенова журналист ретінде үлкен аудитория алдында сөз айтатын адамның ақпаратты тексермей жарнама жасауын кәсіби деңгейсіздік деп бағалады. Оның ойынша, мұндай салғырттықпен жұмыс істеу - масқара.

«Мен Асхаттың осындай жағдайға тап болғанына таңмын. Құрылыс компаниялары сөзсіз жазалануы керек, бірақ Асхаттың да бұл қателігі кешірілмейді», – дейді ол.

Гүлбану мысал ретінде өзінің бес жыл бұрын басынан өткен жағдайды келтірді. Сол кезде белгісіз бір құрылыс компаниясы оған 50% жеңілдікпен пәтер ұсынған. Қалған соманы Ислам банкі арқылы несиеге алуға болатыны айтылған. Ол шешім қабылдамас бұрын барлық құжатты қарап шығып, компанияның сенімсіз екенін анықтап, мәміледен бас тартқан.

«Бесінші мамыр өтті, ал ол үй әлі пайдалануға берілген жоқ. Егер мен сұрақ қойып, ақпарат тексермегенімде, қазір сол үйге кірмей-ақ несие төлеп отырар едім. Ал менің жарнамама сеніп, адамдар ақша салып, мені қарғап отырған болар еді», – дейді ол.

«Асхат сенім артқан адамдар – алаяқтар. Бұл – журналистік қателік қана емес»
Әбенова Асхаттың "мен заңгер емеспін" деген уәжін қабылдамайды. Оның айтуынша, бәріміз заңгер емеспіз, бірақ логика мен сауатты сұрақ қою қабілетін ешкім жойған жоқ. «Медиялық адам алаяқ құрылысшылармен байланысы барын өзі мойындап отыр. Кездейсоқ па, жоқ па – оны тергеу анықтасын. Бірақ меніңше, бұл – тым тәуекелге барған қадам», – деп жазады ол.

Журналист Асхаттың басты қателігі – аудиториясының сенімін ақтамауы, дейді Гүлбану. «Ол жарнама арқылы ақша тапқысы келді, бұл қалыпты жағдай. Бірақ сенің жарнамаңнан кейін адамдар ақшасынан айырылып жатса – бұл сенің де жауапкершілігің. Саған сенгендер үшін сен жауаптысың. Балалықтан таныс бір сөзді өзгертіп айтсам: сен сендіргендерге сен де жауап бересің», – деді ол.

Ол сондай-ақ медиа тұлғалар жарнамалайтын тауар мен қызмет үшін жауап беруі тиіс екенін айтты.

«Өнімге сенімдісің бе – жарнамала. Сенімді емессің бе – құжаттарды тексермегенсің бе – жауап бер. Кешірім сұрау – көрерменнің көңілін жұмсартуы мүмкін. Бірақ жарнамаға сеніп, соңғы ақшасын сенімсіз құрылыс компаниясына тапсырған адамдар не істемек?» – дейді журналист.


Рекомендовать
Последние новости