Талғат Ардан күз басталмай тұрып Қазақстанға жеткізіледі - DALA INSIDE

Көркем Алдабергенова 30 июн. 2025 18:05

Түркия құзырлы органдары Антальяда ұсталған Талғат Арданды көп ұзамай Қазақстанға экстрадициялауға қарсы емес. Бейресми каналдар арқылы Ресей жағы да Ардан мәселесіне ендігі қызықпайтынын жеткізген, - дейді DALA INSIDE дереккөзі.

«Росатомның Қазақстандағы бірінші АЭС-ті салатыны жарияланғанша, «Ардан-Тасмағамбетов» факторы Кремльдің қолындағы джокер болып отырған. Астана жақсы дипломатиялық маневр жасағандықтан, енді Тас картасымен ойнау Ресей үшін қисынсыз. Сондықтан ол күн тәртібінен кетеді. Бірақ Сол жағалау 2027 жылға дейін «Тасмағамбетов мәселесін» біржақты қылуы тиіс», - дейді, дереккөз.

Мәселені Иманғали Нұрғалиұлы тарапынан «президенттік сайлауға қатыспаймын» деген гарантия алу арқылы шешуге болады. Бірақ, іс насырға шауып бара жатса, Ақорданың қолындағы компромат папкасы ауырлау болу үшін қылмыскер деп танылған LRT-ның бұрынғы басшысы Талғат Арданның "показаниесі" керек екені түсінікті. Ресей Арданның Түркиядан экстрадициясын жасырын тежемейтін болса, 2027 жылға дейін осы папканы толықтырып қоюға мүмкіндік бар.

«Негізгі және ең құнды куәгер Талғат Ардан емес, LRT-ның іздеуде жүрген соңғы фигуранты Қанат Сұлтанбеков. Ол АҚШ-та жасырынып жүр. Тасмағамбетовке қарсы жазған хаты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Егер «Жаңа Қазақстан» онымен келісімге келіп, елге алдырып, тергеуге келістірсе, нағыз қажет мәліметтер сол кезде пайда болады. Себебі Қанат Сұлтанбеков Тасмағамбетовтың Астана қаласының әкімі кезінде орынбасары болып қызмет етті. Ол шынымен де көп нәрсе біледі», - дейді, дереккөз.

LRT – Қазақстандағы коррупцияның ескерткіші ретінде тарихта қалған жоба. Онымен байланысқан кез-келген саясаткердің қолы былғанады. Және үлкен саяси амбицияларын тежеп қоймақ.

Биыл қыста Иманғали Тасмағамбетов ОДКБ төрағасы қызметін босатады. Ары қарай Қазақстан бұл саясаткермен не істейді деген сұрақ туындайды. Нұрғалиұлына Еуразиялық экономикалық комиссияны басқарту бойынша біршама идеялар бар. Салмақты беделін Одақтағы Қазақстан позициясын қорғауға пайдалану бойынша да ойлар айтылған.

Тек бір зат түсініксіз болып тұр. Тасмағабетовке қазақ мүддесі жақын ба, әлде Ресей мүддесі жақын ба? Осы сұрақта әлі күнге дейін консенсус табылмады.


Рекомендовать
Последние новости