Бір топ бұзақының қолынан ажал құшқан Шерзат Болаттың ісі бойынша жәбірленуші тараптың қорғаушысы Саида Тәуекелова қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол көпшіліктен марқұм Шерзаттың отбасын жайына қалдыруды сұрады.
"Соңғы кездері әлеуметтік желілерде өз мүдделерін көздеген блогерлер Шерзаттың өліміне қатысты іс бойынша соттың ашық өтуін талап етіп, ашық мәлімдемелермен жоғарғы органдарға жүгінуде. Адвокаттар мен жәбірленушілердің өкілдері сот процесін ашық өткізуді әу бастан қолдағанын және бұл туралы өтініш беруге ниетті екенін белсенді түрде мәлімдегенін түсіндіргіміз келеді. Прокуратура да бұл ұстанымды қолдады, өрт қою фактісі бойынша тергеуді арнайы жасақ толығымен жүргізіп жатыр. Іс бойынша барлық шаралар, соның ішінде үйді өртеу фактісі бойынша тергеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде", – дейді қорғаушысы.
Сонымен қатар таратылып жатқан жалған ақпараттар тергеу жұмыстарын тежейтінін атап өтті.
"Бұл іс бойынша қоғамдық талқылау мен жалған ақпараттың таралуы тергеуге кедергі келтіріп қана қоймай, орны толмас қайғыға ұшыраған отбасыға ауыр тиюде. Блогерлерден отбасы шекарасын құрметтеуді және тергеу органдарына өз жұмысын кәсіби және объективті түрде аяқтауға мүмкіндік беруді сұраймыз! Сонымен қатар блогерлер мен жұртшылықтың назарына Шерзаттың ата-анасы мен оның ағасы іс бойынша жәбірленуші ретінде танылғанын айтамыз! Қалған туыстары қылмыстық іс материалдарына қол жеткізе алмайды, сондықтан олардың айтқандарының бәрі – олардың субъективті қабылдауы.
Құрмет, жауапкершілік және қолдау – қазір Шерзаттың отбасына қажет нәрсе”, - деді ол.
Заңгердің айтуынша, жәбірленуші тараптың баспана мәселесі де қалыс қалып жатқан жоқ.
“Қорытындылай келе, тұрғын үй мәселесі бойынша қаржылық қолдау мәселесі қазір шешілуде, Шерзаттың отбасына психологиялық көмек көрсетілуде және балалар қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Орны толмас қайғы туралы ақпарат таратуды доғарыңыз! Біз барша қазақстандықтарға қолдау білдіргені үшін алғыс айтамыз, бірақ қазір тергеу жалған жолмен жүріп жатыр деп есептеуге ешқандай алғышарт жоқ!", – дейді ол.
Айта кетейік, күні кеше марқұм Шерзат Болаттың жақындары Тоқаевқа үндеу жасаған еді. Олар мемлекет басшысынан ашық соттың болуын талап еткен болатын.
“Ашық сот болмаса, істің бұрмаланып кететініне жүз пайыз сенімдімін. Қорқып отырғанымыз да - сол. Сол себепті үндеу жасап жатырмыз. Жаңа Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін дәлелдейтін ашық сот болуына мүмкіндік берсе дейміз”, - деген еді Шерзаттың әпкесі.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
15 қазанда Ішкі істер вице-министрі тағы үш күдіктіні ұстағанын мәлім етті.
Ал 18 қазанда тағы бір күдіктіні қолға түсірді.
Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.
Одан кейін Шерзаттың үйіне күзет қойылды.
Көп ұзамай марқұм Шерзаттың үйі өртенді.