Талғардағы қаралы үйдің өртенуі: Қылмыскерлер ұсталып, міндетті түрде жауапқа тартылады

Жарас Кемелжан 12 окт. 2024 22:28 3988

Талғар ауданында үйді өртеу қылмысы бойынша барлық айғақтар алынып, қажетті сараптамалар жүргізілуде.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Талғар ауданындағы үйді өртеу фактісі бойынша тергеу барысы туралы хабарлады жазады Dalanews.kz Polisia.kz-ке сілтеп. 

 Әленовтың айтуынша, қылмыс жасалған сәттен бастап, яғни 4 қазаннан бері Талғар ауданында министрдің бірінші орынбасары бастаған ІІМ орталық аппараты қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

– Жедел-тергеу тобы құрылып, қылмыс жасалған жерде мұқият тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бейнебақылау камераларынан жазбалар қаралуда. Аулалар мен есепте тұрған тұлғалар тексерілуде. Отбасының тұрғылықты жерін полиция қызметкерлері патрульдеуде.

Оқиға орын алған кезде өрт болған үйде ешкім тұрып жатқан жоқ еді. Жанұя қазіргі кезде басқа мекенжайда тұрып жатыр.

Қылмыскерлер ұсталып, міндетті түрде жауапқа тартылады. Сонымен қатар жалған ақпарат таратпауға шақырамын, – деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов.

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов барлық тергеу әрекеттері Бас прокуратураның бақылауында екенін атап өтті.

– Тергеу барысы туралы бас прокурорға есеп беремін. Бүгінгі таңда арнайы прокурорлар үйді өртеу фактісін тергеп жатыр. Оқиға орнынан барлық айғақтар алынып, олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Біз сараптама нәтижелерін күтудеміз, одан кейін қосымша ақпарат беріледі. Бүгінгі таңда осы іс бойынша көптеген жалған ақпарат таратылуда. Азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескерткім келеді, – деді Алматы облысының прокуроры Берік Адамов.

 


Рекомендовать
Последние новости