"Талай азаматымыздан айырылдық...". Тоқаев антиваксерлерге сенбеуге шақырды

Dalanews 01 сент. 2021 07:06 874

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында еліміздің коронавирус дертімен қалай күресіп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Dalanews.kz Stan.kz-ке сілтеп.

“Коронавирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Әлемді жайлаған індеттің беті әлі қайтар емес. Күн сайын мыңдаған азаматымыз дертке шалдығып, талай адам өмірден өтуде. Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Қазір QazVac басқа елдерде де сұрансқа ие.

Вакцина қоры жеткілікті. Азаматтарымыздың таңдау мүмкіндігі бар.

Елімізде жаппай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері ғана бас тартып қоймай, халықты кері үгіттеуде. Соның кесірінен қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуі тиіс.

Сондықтан екпе алуға қарсы болып жүргендердің жетегінде кетпеген жөн”, – дейді мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, адамзат көптеген індетті, тек вакцинаның көмегімен жеңген. Вакцина пайда болғаннан кейін ғана қауіпті дерттерге тосқауыл қойылғанын ұмытпауымыз керек.

“Алдағы уақытта коронавирустың жаңа штаммдары пайда болуы мүмкін. Бұны сарапшылар айтуда. Біз оның қашан болатынын күтіп отыра алмаймыз. Осындай жағдайда одан әрі дамуға бейімделуіміз керек.

Қазіргі таңда дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген бүкіл вакциналарды тезірек сатып алуымыз керек. Денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алуға дайындаған жөн.

Еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын ұлттық жүйе құруымыз керек. Бұл шара тиісті заң жобасында қарастырылған. Парламенттен осы заң жобасын сессияның соңына дейін қабылдауды сұраймын”, – дейді президент.

Сондай-ақ мемлекет басшысы көптеген зертхананың халықаралық стандартқа сай емес екенін айтты. 


“Сол себепті “Дені сау ұлт” жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы технологиялық құралдармен жаңалауымыз керек. Медицина саласына қомақты қаржы құйылуы тиіс. Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет.

Коронавирус кезінде дәл осы сала мемлекетіміздің қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзімізді жеткізді. Сондықтан медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық өнімнің 17 пайызы ғана отандық өнім. 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізу қажет”, – дейді Тоқаев.

Рекомендовать
Последние новости