Цифрлық дәуірде «тәуір баланы» қалай өсіреміз?

Сағыныш Сардарова 04 окт. 2024 19:24 4769

Біз қолдан телефон түспейтін, гаджетсіз күн кеше алмайтын, технологиялармен бітеқайнасқан кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бұл игіліктің пайдасы мен зиянын айыра алмай қалғанымыз соншалықты, гаджетпен өсіп жатқан жас ұрпақтың проблемалары күннен күнге көбеюде. Бұл туралы Мемлекет басшысы да жиі айтатын болды. Президентіміз жақында Астанада өткен мәслихат депутаттарының форумында балаларды цифрлық кеңістіктенқорғауға шақырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы жақсылыққа апармайтынын алға тартты. Баланың смартфон мен компьютерді пайдаланған кезінде не істеп жатқанын ата-аналары қатаң қадағалау қажеттігін, ұл-қыздарымызға көңіл бөлудің маңыздылығына тоқталды.

«Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды. Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын. Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Өз перзентіне цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды. Баланың смартфон немесе компьютер пайдаланған кезінде не істеп жатқанын қатаң қадағалау қажет», - деді Президент.

Ұлттың болашағы – ұрпағында болса, ұрпақтың тәрбиесі – ұстаз қолында. Жас ұрпақ тәрбиесімен айналысатын мектеп мұғалімдерінің өз айтары бар. Гаджетке алаңдаған оқушының ойы жан-жаққа шашырап тұрады, - дейді педагог, ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері Райгүл Жұмағалиева.

«Заман талабына сай мектеп оқушылары телефонды белсенді түрде қолданады. Оның бір жақсысы, оқушылар ата-анасымен әрдайым байланыста. Теріс жағы, жас ұрпақ смартфонды өзге мақсаттарға пайдаланады, сабақ үстінде, қоңырау кезінде видеолар көріп, ойындар ойнайды. Телефонға тәуелділік көп оқушыда бар екенін күнделікті өз тәжірибемде байқап жүрмін. Смартфондарына алаңдап тұратындары жасырынемес. Бұл өз кезегінде оқушының зейінін төмендетіп, ойлау қабілетін шектейді. Tık-Tok пен Instagram қарап отырып, кейде оқушы өзін-өзі бақылай алмай қалады. Мұның бәрін әсіресе үзіліске шыққан кездерде байқап қаламыз», - деді педагог.

Тәжірибелі ұстаздың айтуынша, оқушыларға сабақ барысында телефон қолдануға рұқсат жоқ. Проблеманың барлығы сол гаджеттерге деген шектен тыс құмарлықтан шығып отыр.

«Жалпы гаджеттер интеллекуалдық өнімге жатады, яғни заман талабы. Оны оқушының ой-өрісін дамытатын құрал ретінде қарастыруға болады. Қазіргі мектеп бағдарламасында электронды техника арқылы орындайтын тапсырмалар баршылық, мұғалімдер гаджеттерарқылы сабақ беріп жатады. Бірақ осының бәрі білім беру мекемелерінде рұқсат етілген жоспармен, рет-ретімен жасалады. Тағы байқағаным, қазір жоғарғы сыныптың оқушылары бір сұрақтың жауабын біле алмаса, есебін шығара алмаса ғаламтордан көшіруге даяр. Ал ата-аналары мектепке өздері апарып-алып кетіп жүретіндіктен көбіне бастауыш сынып оқушылары телефон ұстамайды. Дегенмен арасында телефон ұстап жүргендері аздап болса да бар. Сондай кезде телефон қолданып отырған сыныптасы өзгелергекедергі келтіреді. Сабақ кезінде бала ештемеге алаңдамай тек сабақ оқуы тиіс»,  - дейді педагог.

Психолог Анар Серғазинова гаджеттерге дегентәуелділік жоғары болып тұрған уақытта мектеп пен ата-ананың екі жақтап жас ұрпақты қадағалауын құп көреді. Баланың телефонды қанша уақыт және қандай мақсаттарға пайдаланатынын ата-аналар үнемі бақылауда ұстаса, перзентін бір тәртіпке үйретсе көп зиян шекпейді, керісінше пайдасын көреді деп санайды.

«Гаджеттердің бала психикасына әсері қандай? Осы сауалды маған жиі қояды. Әрине әсері болады. Өйткені кәмелетке толмаған баланың психикасы әлі толық қалыптаспаған. Егер шектен тыс қолданса зияны шаш-етектен. Тәулігіне 10-12 сағат ойын ойнап, мінез-құлқы өзгерген жеткіншектерді де кездестірдік. Қазір гаджеттерге жармасқан ата-ана, телефонға телмірген бала үйреншікті көрініс. Бір отбасының адамдары бір-бірімен сөйлесіп,әңгіме-дүкен құрмайтын, әке-шешесі мен ұл-қыздарының бір-бірімен етене араласпайтынжағдайға жеттік. Осындай кері әсері көрініс беріп жатқанын ешкім жасыра алмайтын шығар», - деді.

Анар Серғазинованың айтуынша смартфонды өте кішкентай сәбилерге мүлде беруге болмайды. Ал мектеп оқушыларына тек белгілі бір уақытпен ғана шарт қойып беруге болады.

«Біріншіден, бала сабақта басқа нәрсеге алаңдайды, мұғалім байқап қалса, әрине ескерту жасайды. Яғни сабақты да оқу керек, ана жақта қызықты ойын қалып бара жатыр. Ол ойыннан ұтылса тағы күйзеліске түседі. Міне, бұл жерде бала бір уақытта екі функцияны атқаруы тиіс. Бұл әлі қатаймаған, солқылдақ өреннің жүйке жүйесінеәжептәуір салмақ. Баланың бүкіл энергиясы ойындарға кетіп қалады. Шаршаған адам қалай сабақ оқиды? Сондықтан да жас ұрпақ білім алсын десек сыныпта мобильді құрылғыларды қолдануды шектеген дұрыс. Олар қайта-қайта келіп жатқанхабарламаларға және әртүрлі ойындарға алаңдамайды, оқу процесіне тереңірек енуге ықпал етеді», - деп пайымдайды психолог.

Зерттеулер бойынша, цифрлық құрылғылардың адамның психологиялық ахуалына кері әсері бар екені дәлелденген. Егер дұрыс мақсатта қолданбаса кез келген нәрсенің пайдасынан гөрі зияны басым.

«Әлі оң-солын танымаған балалар мен жасөспірімдер өздерінің психикасының бұзылып жатқанын түсіне бермейді.

Мәселен жасөспірімдердің көпшілігі өзіне смартфон кедергі жасамайтынына сенімді. Керісінше, кез-келген ақпаратты табуға көмектеседі деп есептейді. Әрине, ата-аналар телефонды ең алдымен өз перзентіне байланыс құралы ретінде әперетіні анық. Өкінішке орай, жасөспірімдер бұл мүмкіндіктерді теріс пайдаланады. Содан келіп гаджеттерге шамадан тыс құмарлық пайда болып, жасөспірімнің өзін-өзі бақылау қабілетінашарлайды. Тіпті стресске төзімділік төмендеп, айналасындағылармен қарым-қатынасы бұзылып жатады. Жоғарыда айтылғандардың барлығыгаджеттерді қолдануға тыйым салу керек дегенді білдірмейді, ақпараттық технологиялар заманында біз цифрлық технологияларды қолданбай жүре алмаймыз. Яғни телефонды толығымен алып тастаудың қажеті жоқ, оны оқушының игілігі үшін тиімді қолданғанымыз абзал», - дейді Анар Серғазинова.

Сарапшылар пікірлеріне сүйенсек, бізде бір ғана жол бар – гаджеттерді дұрыс қолдануды ұл-қыздарымызға үйрету. Ата-аналар өз перзенттерімен ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық гигиена жайлы жиі әңгімелесуі қажет.

«Жас ұрпақты шынайы өмірге, кәдімгі қарым-қатынасқа бейімдеген жөн. Қазір озық технологиялар заманы, гаджеттердің де пайдасы бар. Сонымен қатар зияны да жеткілікті. Дәл қазір бізге сол пайдасын ғана қарастыру керек», - деп арнайы маман өз ойларымен бөлісті.

Мамандар пікірін қорытындылай келе адам өз ұрпағына жақсы мен жаманды айыра білуді үйреткені жөн екендігінде тағы да көз жеткіздік. Заманауи технологиялардың залалы мен ұтымды тұстарын әрбір адам өз қажеттіліктеріне қарай саралағаны дұрыс. Гаджеттерді демалыссыз, ұйқысыз ұзақ уақыт пайдалану, цифрлық гигиенаны сақтамау бала тұрмақ, ересектер үшін де қауіпті.


Рекомендовать
Последние новости