Болат Өтемұратовқа тиесілі медиахолдинг қоғамдық қордың қолына өтті

Кәмшат Тілеухан 02 окт. 2024 13:58 2084

"Верный Капитал" "Әділдік және Өркендеу" қорымен 31 медиахолдинг бойынша келісімге отырды. Соған сәйкес, құрамына "31 арна" телерадиокомпаниясы мен Informburo.kz. ақпараттық порталы кіретін 31 медиахолдингтің меншік иесі ауысты. Осылайша Қазақстандағы бай адамдардың бірі - Болат Өтемұратовқа тиесілі медиахолдинг "Әділдік және өркендеу" қоғамдық қорының қолына өтті, ал Қазақстанда алғаш рет ҮЕҰ медиактив иесі болды, деп жазады Dalanews.kz.

Айта кетсек, "Верный Капитал" – Қазақстандағы тікелей инвестицияларға маманданған ірі топтардың бірі әрі Болат Өтемұратовтың активтерін де басқарады.

"Біздің тәжірибелі менеджерлеріміздің командасы өз салаларының көшбасшылары болып табылатын стратегиялық серіктестермен бірлесе отырып, активтерді елімізде және шетелде дамытады. 2023 жылы "31" медиахолдинг құрамынан осы жобада серіктесіміз болған "СТС Медиа" компаниясы шыққаннан кейін біз осы активті сатып алып, оның одан әрі дамуын қамтамасыз ете алатын ұйымды іздедік. Біз басшылығында тәжірибелі медиаменеджерлері бар "Әділдік және Өркендеу" қоғамдық қорымен келісім жасасқанымызға қуаныштымыз. Телеарна мен ақпараттық портал үшін жаңа өсу кезеңі басталатынына менің күмәнім жоқ" – деді "Верный Капитал" компаниялар тобының бас директоры Айдан Ақанов.

Қоғамдық қор "31" медиахолдингті өз құндылықтары негізінде адамдарды біріктірудің қосымша мүмкіндігі ретінде қарастыратындарын айтады. Ал қордың бас директоры Дана Рысмұхамедова көптеген жылдар бойы "31 арнада" жұмыс істеп келген екен. 

"Біз "31 арна" аудиториясын бағалаймыз, оны миллиондаған қазақстандықтар жақсы көреді және тамашалайды. Біздің мақсатымыз – оны одан әрі танымал, қызықты және сұранысқа ие ету. Телеарнаның дамуы демократияландыру, ашықтық және кәсібилік қағидаттарында жалғасады", – деп түсіндірді қоғамдық қордың директоры әрі журналист Дана Рысмұхамедова.

Айта кетсек, Болат  Өтемұратов – қазақ олиграхтарының бірі, "Верный капитал" инвестициялық тобының басқаруындағы жобалардың негізгі инвесторы және атаулы қайырымдылық қорының қызметіне жетекшілік етеді. Сондай-ақ ол Қазақстан теннис федерациясының президенті және Халықаралық теннис федерациясының (International Tennis Federation) вице-президенті болып табылады. Оның есімі АТФ банк, Темірбанк, Альянс банк, Kassa Nova, ForteBank атауларымен қатар жиі аталады.

2023 жылы Forbes нұсқасы бойынша оның дәулеті 2,7 млрд долларға бағаланды. Өтемұратов ForteBank акцияларының 83,41%-ына ие. Сондай-ақ KaR-Tel (Қазақстандағы Beeline операторы), алтын өндіруші RG Gold компаниялары, Астана мен Венадағы Ritz-Carlton қонақ үйлері, Мәскеудегі The Carlton, Rixos Borovoe компаниясы акцияларында да оның үлесі бар.


Рекомендовать
Последние новости