Цифрландыру ел дамуына оң ықпал етті

Қуаныш Ермекова 26 мар. 2024 09:00 2256

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы енгізілгелі бері еліміздің барлық саласының дамудың жаңа кезеңіне өткені анық байқалды. Өйткені сала жұмысы жеңілдеп, халыққа қызмет көрсету сапасы артты, тіпті кейбір салаларда жемқорлықтың жолы кесіліп, ашықтық пен жариялылыққа жол ашылды. Өзгерістің оң бағытта өрбуі цифрлық жүйенің дұрыс қадам екенін аңғартады.

О баста аталмыш бағдарламаны енгізу кезінде «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетеміз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Цифрландыру дегеніміз – Қазақстанның озық ел атану жо¬лындағы мақсаты емес, құралы. Бәсекеге қабілетті болу, өсім¬ді өнім өндіруді арттыру, міне, осы – мақсат» делінген болатын. Осы мақсатқа жеткендейміз. Өйткені уақыт сұранысынан туындаған цифрлық жүйе заман көшінен қалмаудың да бір жолы болатын. Осы орайда жүйенің бастапқы межесіне де тоқтала кетсек, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарта отырып, барлық саланы цифрландыру арқылы 2020 жылға дейін интер¬нет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін көтеру еді мақсаты бар болатын. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірі дерлік ғаламтордың рахатын сезінуде. Ғаламтор арқылы хат алысып, хабар алысып қана қоймай, банк қызметтері арқылы ақша аударып, сот қызметі арқылы онлайн сот отырысына қатысып, тіпті некеге тұрып, құжаттарын да рәсімдеуде.

«Цифрлы Қазақстанның» тағы бір мақсаты тұрғындардың 95 пайызын цифрлы xабар таратумен қамтып, сауаттылығын арттыру көзделген болатын. Қазіргі таңда цифрлы хабар таратып қана қоймай, еліміздің барлық мектептері 100 пайыз компьютермен жабдықталып қана қоймай, жоғары жылдамдықты ғаламтор желісімен, тегін Wi-Fi қызметімен қамтылды. Қазір ата аналар үйде отырып ақ мектептегі баласының алған бағасын көре алады. Үй тапсырмасымен де танысып, тіпті, жаңа туған баласын балабақшаға кезекке қоя алады. Яғни бұл қызметтердің барлығы автоматтандырылып, ретке келтірілді. Бәрін анық ғаламтор арқылы жариялы түрде көрініп тұрғандықтан, бұрынғыдай баласын «бармақ басты көз қыстымен» балабақшаға орналастыру секілді лас әрекеттердің де жолы кесілді. Халықтың үнемі балабақшадағы орынға таласы толық шешілмесе де, халықтың тиісті құзырлы орындарға деген күмәні сейілді. Яғни саладағы жемқорлық әрекеттері біршама азайды.

Білім саласы ғана емес, денсаулық сақтау саласы да цифрландыру арқылы жетіле түсті. Кез келген науқас үйде отырып дәрігер қарауына жазылып, уақытын үнемдеді. Дәрігерді үйге шақыру қызметтері онлайн түрде «Даму мед» мобильдік қосымшасы арқылы жүзеге асты, портал алу қызметін де бұрынғыдай сандалмай үйде отырып рәсімдей алады. Тіпті жергілікті жерден ала алмаған медициналық қызметін өзі қалаған еліміздің кез келген қаласынан алуына мүмкіндік ашылды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүйесі арқылы сақтандыру қорындағы ақшасын өзі қалаған медициналық орталығынан көмек алуына болады. Яғни цифрландыру қызметіне еліміздегі жүйелер де бейімделіп, оңтайлы жұмыс істей бастады. 

Цифрлы технологиялардың арқасында қазіргі таңда медицина, қаржы, құрылыс, коммуникация, банк және саяси қоғамдық салаларға жасанды интеллектіге негізделген жүйелер де жаппай кірікті. Қазіргі таңда жасанды интеллектіге қоғамның сұранысы мен қызығушылығы да жоғары болып отыр. Мәселен өткен 2023 жылы интернеттегі Google ақпараттық іздеу жүйесінде «жасанды интеллекті» ұғымы қолданушылар тарапынан ең көп сұралған тақырып болуы осының айғағы. Мемлекет басшысы да қазіргі таңда уақыт сұранысына сай болу жолында жасанды интеллект, цифрлық даму бастамаларын толық қолдайтынын білдіріп отыр.

Мәселен Презитент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында еліміздегі жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіге негізделген технологияларды оқытатын  факультеттер ашу қажеттігін, жақын болашақта аталған технологияның  маңызы артатынын атап өткен болатын. Яғни жеткен межемен тоқтап қалмай әлі де даму жолында мамандарымыз да сай болу керек. Ол үшін сұранысқа сай маман дайындап үлгеру де парыз. Сондықтан алдағы уақытта маман сұранысын қанағаттандыру мақсатында арнайы факультеттер ашу да мақсат етіліп отыр. Демек бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жетілдіріле бермек. Осы орайда қоғамда жасанды интелектке қатысты екіұдай пікір де қалыптасқан. «Жасанды интеллект қаншалықты мамандарды алмастыра алады, тіпті кейбір мамандықтардың жойылуына да ықпал етуі мүмкін деген үрей бар». Тақырыпқа орай IT маман Алмас Амангелді пікірін де білген едік.

Ол «Рас, өзгеріс қашан да қоғамға алдымен үрей әкеледі. Оның үстіне ғалымдар тарапынан жасанды интеллект талай қызметкерлердің орнын «тартып алады» деген үрей бар. Бұл тақырыпқа зерттеу де жасап жатқандар бар. Goldman Sachs инвестициялық банкінің баяндамасында: «Жасанды интеллект 300 миллион жұмыс орнын алмастыра алады, сонымен бірге  жаңа жұмыс орындарын құруға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді» делінген. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметтері бойынша, 2025 жылға қарай жасанды интеллект 85 миллион жұмыс орнын жойып, орнына 97 миллион жаңа жұмыс орнын ашады деген болжам бар. Яғни дер кезінде бейімделе білсек, талай жұмыс орны жойылғанымен, орнына одан бірнеше есе көп мамандық ашылмақ. Қазірдің өзінде цифрландырудың талай игілігін сезініп отырмыз. Алдағы уақытта бұл мүмкіндіктер арта түспек. Мемлекет басшысының меңзеп отырғаны да осы. Жасанды интеллекті енгізумен қатар талай мамандық қажеттілігі артады.

Сондықтан сол өзгеріске бейімделіп үлгеруіміз керек. Сонымен қатар ескеретін маңызды жайт, жасанды интеллектіге негізделген технологиялар тек ақпараттық талдау, ғылыми-зерттеу саласына ғана емес, сонымен қатар әскери, қауіпсіздік, медицина, қаржы салаларына да белсенді түрде кірігуде.  Жасанды интеллекттің рөлін былай түсіндіруге болады. Жасанды интеллектіге негізделген технологиялар сіздің жұмысыңызды тартып алмауы мүмкін, бірақ соңғы технологияны жетік меңгерген келесі бір маман жұмыс орныңызды тартып алуы әбден мүмкін.

Сондықтан, ешқашан жаңа технологияны меңгеру кеш емес. Қай маман иесі болсаңыз да уақыт сұранысына бейімделіп үлгеру керек. Жалпы уақыт сұранысынан туындап жатқан бұл өзгерістерден шошымауымыз керек. Қазіргі буын Z ұрпақ деп саналады. Ересектердің әріп таныса да ұялы телефонды игеруінің өзі қиындау болса ақпараттық-коммуникативтік технология өрісінде центениалды толқынның кез келген нәрсені қабылдау қабілеті өте жоғары.

Туа сала ұялы телефонды қолына ұстап алып, қалаған нәрсесін шұқылап тауып алатын бұл ұрпақтың бұл өзгерістерге де тез бейімделетіні анық. Кез келген ақпаратты сүзгіден өткізіп қабылдауға құштар ұрпақ бұрынғыдай 90 минуттық дәріс тыңдауға ықыласты емес. Бұл ұрпақ бәрін ұстап, көзбен көруді дұрыс көреді. Қысқа уақытта, тез арада түсінуге тырысады. Былайша айтқанда бұрын 10 минутта кеңінен қамтып ауқымды түсіндіретін дүниені бұлар 1 минутта айтып жеткізуді талап етеді. Сол себепті де жасанды интеллект саласында оқу үдерісі де айтарлықтай өзгерді. Оқу залында үш сағат дәріс оқып түсіндіргеннен гөрі тәжірибе ретінде зауыттарды, кеңселер мен зертханаларды аралап, өндіріс барысында үйреткен әлдеқайда ақылға қонымды. Біз осыны түсінуіміз керек. Заман дамауы осылай өзгереді. Мәселен шот қағып отырғаннан калькуляторға қалай тез үйренсек, цифрлы өзгеріс те дәл солай өмірімізді жеңілдетеді. Осы орайда атап өтер жайт, соңғы бірнеше жыл көлемінде еліміздегі өзгерістер кейбір дамыған елдерде жолға қойылмаған. Бір құжат үшін бірнеше күнін жоғалтатын елдер әлі бар. Бұл бағытта еліміздің өзгерісі көңіл қуантады» дейді.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының түпкі мақсаты – халықтың өмір сүру деңгейін жоғары сатыға көтеру болатын. Бұл мақсатымыз қазіргі таңда орындалу үстінде. Сондықтан халық игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар ел үмітін ақтап жатыр деп айта аламыз.


Рекомендовать
Последние новости