Шымкентте сталкинг жасаған екі күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Екі жағдайда да күдіктілер жәбірленушілермен бұрын таныс болған. Алғашқы оқиғада қала тұрғыны полицияға бұрын қарым-қатынаста болған ер адамға байланысты арызданған. Қарым-қатынас тоқтағанына қарамастан, күдікті әйелді мазалауын жалғастырған: түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, хабарламалар жазған, үйіне және жұмыс орнына барып, тыныштығын бұзған. Жәбірленуші онымен байланысын толық үзіп, әлеуметтік желілерде бұғаттап, кездесуден қашқанымен, қудалау тоқтамаған. Күдікті жедел ұсталып, қамауға алынды.
Екінші жағдайда сталкинг физикалық күш қолдануға ұласып, жәбірленуші полицияға жүгінген. Бұл жайт бойынша сталкинг және ұрып-соғу баптарымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Қылмыстық істер тәулік ішінде сотқа жолданған.
Айта кетейік, 5 ақпанда ішкі істер министрі Ержан Сәденов Шымкент Полиция департаментінде көшпелі кеңес өткізді. ІІМ басшысы сталкингке қарсы іс-қимыл мәселесіне арнайы тоқталды. Бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу, тергеушілерді мұндай қылмыстарды тергеу тәжірибесі бойынша оқыту, формализмге жол бермеу тапсырылды. Қысым көрсету, қорқыту және қудалау дер кезінде анықталып, уақтылы құқықтық баға берілуі қажет екені баса айтылды.
