Солтүстік Қазақстан облысында білім беру саласында еңбек заңнамасының бұзылуы анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қадағалау органының мәліметінше, өңірде еңбек заңнамасының сақталуына жүргізілген талдау барысында Тайынша және Уәлиханов аудандарының білім бөлімдері педагогтердің құқықтарын бұзғаны белгілі болды. Атап айтқанда, біліктілікті арттыру курстарынан өткен мұғалімдерге тиесілі іссапар шығындары төленбеген.
Прокуратура дерегіне сәйкес, 215 педагогке төленуі тиіс қаражаттың жалпы көлемі 22,3 млн теңгені құраған. Прокурорлық қадағалау нәтижесінде кінәлі лауазымды тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта 128 қызметкерге 10 млн теңге төленді. Қалған педагогтердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері облыста әртүрлі салада 160 қызметкердің еңбек құқығы қорғалған. Білім беру саласы еңбек заңнамасы жиі бұзылған бағыттардың бірі ретінде аталды. Прокуратура еңбек қатынастары саласында заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.
