Сот Гарвард университетіне шетелдік студенттерді қабылдауға қайтадан рұқсат берді

Қаракөз Амантай 30 мая 2025 15:45

Бостондағы федералды сот АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің Гарвард университетіне шетелдік студенттерді қабылдауға тыйым салу жөніндегі шешімін тоқтатты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аталған шешімді 29 мамыр күні экс-президент Барак Обама тағайындаған судья Эллисон Берроуз қабылдап, бұл қадам "қалыптасқан жағдайды сақтауға" сеп болатынын атап өтті. Дегенмен іс бойынша түпкілікті шешім әзірге шығарылған жоқ.

Осылайша, Ақ үй Гарвардтың шетелдік студенттерді қабылдап, алмасу бағдарламаларына қатысуына мүмкіндік беретін арнайы сертификатын жоюға қауқарсыз болып отыр. Бұл құжат Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэмнің университетті "зорлық-зомбылықты насихаттады, антисемиттік әрекеттерге жол берді және Қытайдың Коммунистік партиясымен астыртын байланыс орнатты" деп айыптауынан кейін қауіп төндірген еді.

Бұл айыптауларға жауап ретінде Гарвард университеті Трамп әкімшілігін федералды сотқа беріп, шетелдік студенттерге тыйым салуды алып тастауды талап етті. Нәтижесінде судья Берроуз аталған сертификатты жоюға уақытша тыйым салды.

Сонымен қатар Politico басылымының хабарлауынша, Трамп әкімшілігі АҚШ-қа келуді жоспарлаған шетелдік студенттер үшін жаңа визалық сұхбаттарды уақытша тоқтатуды көздеп отыр. Бұған қоса, виза алушылардың әлеуметтік желілеріндегі белсенділігіне тереңірек талдау жасау ұсынылуда. Мемлекеттік хатшы Марко Рубио қол қойған телеграмма бұл бағыттағы бақылаудың күшейе түсуі мүмкін екенін аңғартады.


Рекомендовать
Последние новости