Соғыс және бейбітшілік

Dalanews 15 мая 2015 04:01 3279

Байқайсыз ба, бейбітшілік пен соғыстың арасында байланыс бар сияқты... Бәлкім, біреуге соғыс қажет те шығар, қалай ойлайсыз? Мүмкін бұған мүдделі топтар бар болар? Соғыстан түскен ақша кімнің қалтасына кетеді?

Мысалға, америкалықтар әлемнің әр түкпірінде бұрқ ете қалған бүліктердің арасында жүреді, бұған қырғын қаржы шығындайды. Олардың ақыл-есі дұрыс па осы?

Соғыс. Ғаламторды сүзіп шығыңыз, оның шығыны ғана айтылады. Бірақ, табысы да бар ғой?! Әскери өндіріспен айналысатындар  үшін кез келген бүлік пайда.

Америка ақылды, өзгесі ақымақ па?

Егер Ауғанстан мен Иракқа соғыс ашпаса АҚШ-тың мемлекеттік бюджеті қаржыдан тапшылық көрмеуші еді.

Гарвардтағы «милы бастардың» есеп-қисабына сенсек, Ауғанстандағы соғысқа, Ирактағы екі бірдей соғысқа, Сирия мен Украинадағы дағдарысқа араласқан АҚШ 4,3 триллион доллардан қағылған екен! Алдағы уақытта бұл 6 триллионға жетпек.

Әзір Иранға жылы қабақ танытып отыр... Мұнысы да бекер болмаса керек. Ертең кілт ете қалуы ғажап емес. Американың Иранға қатысты қазіргі әрекеті әншейін тактикалық жүріс. АҚШ-тың сыртқы саясатын бүге-шігесіне дейін білетіндер айтады: «Күні ертең Америка Иранға басып кірсе әлгі 6 триллионның үстіне, тағы 3 триллион қосасыз». Көрдіңіз бе, есептеп қойған...

Жаһан жаппай қаруланып жатыр

Қайтеміз? Бұған кейіпкер көзінен қараудан басқа біз сияқты қарапайым адам не қарекет істей алады?

2010-2014 жылғы аралықты қамтыған Стокгольм  зерттеу институтының эксперттері 2005-2009 жылдардың аралығында қару-жарақ сатып алу көрсеткіші 16 пайызға өскенін анықтапты. Қытай көш басында келеді. Былайша айтқанда, армиясын түрлендіріп (модернизациялап) жатқан елдің бірі осы – Қытай. Одан кейінгі орында Үндістан, Сауд Арабиясы, Пәкістан...

Қару-жарақ экспорттаушылардың ТОП-5-тігі өзгерген жоқ. Бұл – АҚШ, Ресей, Қытай, Германия және Франция. Бұл 5-уі әлемдік қару-жарақ экспортының 80 пайызын бақылауында ұстап отыр. Олардың өз арасындағы бақталастық күшті. Германияның үлесі 11-ден 5 пайызға, Францияның үлесі 8-ден 5 пайызға кеміді. Есесіне орыстардың үлесі өсуде...

АҚШ vs Ресей

Тағы да осы екеуі. Қайда барса да сыйыспай жүреді. Әлемдік қару-жарақ экспортының екі алыбы. Ресей Америкадан асып түскісі келеді. Бірақ, әлеуеті жетпей жүр. Себебі, көп. Америка әлемнің – 94 еліне, ал Ресей – 56 елге қару тасиды. Екі елдің тасымал туралы түсінігі екі түрлі.

АҚШ қару-жарақ саудасын өзінің сыртқы саясатын жүргізуге пайдаланса, орыстар үшін бұл – бизнес. Екі елдегі әскери өндіріс өз армияларының ішкі қажеттілігін 60-70 пайызға қамтамасыз етеді. Өзгесін дәстүрлі нарықтарға жөнелтеді.

Орыстың ойлағаны не?

Сіз білесіз бе? Ресей қару-жарақ саудасынан жылына 15 миллиард доллар (!) табыс табады. Орыстардың бұл тараптағы ұзақмерзімдік келісімшарт сомасы 48-50 миллиардты құрайды.

Кремль де ақымақ емес. Қорғаныс ведомствосының жобаларын жүзеге асыруды көздейтін орыстар алыстағы Латын Америкасында, Азияда және Қиыр Шығыста өз әскери базаларын тұрғызуға мүдделі. Сіздер сенбессіздер, бірақ мұндай жоба шынымен де бар.

Дәл осы аймақтардағы әскери базаларды қамтамасыз ету үшін 200 тонна жүк таси алатын ұшақтар желісі қарастырылған. Олар әлемнің кез келген нүктесіне 7 сағаттың ішінде «Армат» атты 400 танктен немесе 900 жеңіл танктен тұратын экипажды жеткізеді. Орыстардың ұшағы да шыдамды. Бір сәтте 7 мың шақырымды еңсере алады. Қайта-қайта жанармай құйып жатпайды. Бұл бағдарламаны Кремль 2024 жылға жоспарлаған. Көрелік, күтелік.

Қару жарақты негізінен Үндістан алады. Соңғы жылдары бұл тараптағы үлесін 7-ден 15 пайызға өсірді. Арабтар да 1-ден 5 пайызға өсірді.

Ал Ресей Ирактан үмітті. 2014 жылы Ирак Ресейден  9 – Су-25 шабуылдау ұшағын, 12 – ТОС-1А «Буратино» атты отты шабуыл жүйелерін, 6 – «Ми-28» және Ми-35М әскери ұшағын сатып алған. Орыстар «Панцирь-С1» зениттік кешендерін тасымалдауды бастады.

Былтыр Ресей Иракқа жалпы сомасы 1,7 миллиард долларды құрайтын қару-жарақ тасымалдаған. Екі елдің осы бағыттағы жалпы келісімшарт құны 4 миллиардты құрайды. Бірақ... Кремль Қытайдан айырылып қалды. Екі елдің арасындағы қару-жарақ келісімшарты қазір 500 миллионға жетпейді. Себебі, Қытай өз әскери  өндірісін дамытуды қолға алды.

Ал АҚШ-тың «тұтынушылар нарығы»  бұдан қарағанда әлдеқайда кең. Бәрін санамалап жатпай-ақ қоялық. Америка қару-жарағының негізгі сатып алушысы – Оңтүстік Корея (9 пайыз). Франция қару-жарақ экспортының 18 пайызы Мароккоға, 14 пайызы Қытайға тиесілі. Франция өз үлесін өсіре түсірсе таң қалмаңыз. Жақында француз билігі Мысырдан келісімшартқа қол қояды...

Сонымен, әскери қақтығыстар кімге тиімді, қалай ойлайсыз?
Хенрик БОРКО – Варшава Жоғарғы экономикалық мектебінің ректоры

«Gazeta Finansowa», Польша.

 

Рекомендовать
Последние новости