Смановқа жауап: қазақ несиені жетіскеннен ала ма? (видео)

Dalanews 21 авг. 2017 10:45 1128

Ғаламтор желісінде имам Әбдіғаппар Смановтың несие туралы айтқан уағызы көп тарап, қоғам тарапынан белгілі бір деңгейде наразылық туғызуда.


Өйткені имам: «Кредиттің әрбір пайызы анаңмен жеті рет зина жасаған күнәмен бірдей» деп салған (видеосы төменде). Бұл басында бір емес, бірнеше несиесі бар қазақ жұртының ашу-ызасын туғызып жатқан жайы бар.


Журналист Дәулетхан Жиенқұлов имам Әбдіғаппар Смановқа былай деп жауап қатыпты.


"Несие алған адам анасымен 7 рет ойнас жасағанмен тең" депті, бір "ғұлама". Әй бояушы бояушы дегенге елдің бәрін үркіте бермесеңдерші, а? Айналаға көздеріңді ашып қарап, пәтуа шығарсаңдар жөн болар еді.


Әйтпесе, білімге кредиті немесе кредитке білім, баспана алғың келсе - иппотекалық кредит, кәсіп ашқың келсе - кредит, қыл аяғы мал баққың келсе де кредит.


Кредитті қарапайым халық зина жасағысы келіп алып жатыр деп ойлайсыңдар ма? Қазақ қайбір жетіскеннен қарызға кіріп жүр дейсің? Бүгінгі қайыршы тірлігінің бетін бүркемелеу үшін, өзін әйтеуір бір кәсіппен алдап, нан табу үшін, бала-шағаны жерге қаратпауы үшін, екі бетін шарық қылып қарыз алып, оны қарызбен жауып жүр. Сөйтіп, өзі зорға жүрген бейшараны енді кеп, "несие алғаның анаңның қойнына қол салғаның" дегені қай сасқаны?! Несиені өсімімен беріп отырғандар туралы әңгіме басқа, алған адам қыжалат болғасын алады да?! Шешесіне қол жүгірту үшін алады дейсің бе? Жалпы, осыны айтып отырғандағы мақсат не? Не пиғыл?




Тағы бір дүмшелер келіп, мына дүниеде азып-тозып, бірді бірге жалғап зорға күн кешіп жүрген жұртты ана дүниедегі тозақпен, қыл көпірмен т.б. қорқытып, үркітіп, намаз оқымасаң анаусың, ораза тұтпасаң мынаусың, сақал өсір, мұртыңды қыр, өйт бүйт дейді.



Әй уағызшылар, осы әкелеріміз, әжелеріміз сендер құсап ұрсып зекімей-ақ, ойбайлап-байбайламай-ақ, тозағымен үркітіп, шайтанымен шошытпай-ақ бәрімізді тәрбиелеп өсіріп еді ғой. Не болды, сендерге? Ораза мен намаздың, обал мен сауаптың не екенін қазақ жақсы біледі. Оны неге үркітіп уағыздауымыз керек. Жалпы Ислам діні мына дүниеде керек пе, әлде ана дүниелік дін бе? Маған осыны түсіндіріңдерші. Неге біз Исламды тек ана дүниеге дайындық үшін ғана керек қылауымыз керек? 
Сендердің әсіредіншілдіктеріңнен өзіміздің қазақы діндарлығымыз мың есе артық. Несие аламын!!!


Отбасымды көшеде қаңғытып қоймау үшін - баспана алуға, көрінгенге қол жайып көше жағалап кетпеу үшін - кәсіп ашуға, балам дұрыс білім алып, сауатты болып өсуі үшін - білім алуға және басқа да қажеттіліктер үшін, және осы несиені адал тапқан ақшамнан қайтарып беремін. Ал ана дүниеге барғанда ешкім ешкім үшін жауап бермейді. Мен үшін немесе басқа қазақ үшін жандарың ауырып, кеңірдектеріңді созып, күре тамырларың білеуленіп "уағыз" айпай ақ қойыңдаршы.




Жұртты жақсылыққа, мейірімділікке, адалдыққа шақырғандарыңның түрі осы ма? Осы әңгімелеріңмен елді Исламға ұйытамыз деп ойлайсыңдар ма?



Айта кетелік, Смановтың мәлімдемесіне Діни басқарманың өзі түсініктеме беруге мәжбүр болған.


«Жалпы Әбдіғаппар Сманов діни басқармада имамдар құрамында жұмыс істейді.


Бұл кісінің «несиенің әр пайызы анаңмен жеті рет зина жасағанмен күнәмен тең» деген уағызы дұрыс емес. Яғни, Құранда олай жазылмаған, ал жалпы сол мағынада айтылған хадистер болуы мүмкін.




Тағы бір айтарымыз, несие туралы мүфтияттың шығарған арнайы пәтуасы жоқ. Қазір біз осы мәселені талқылап, дайындау үстіндеміз.



Бір сөзбен айтқанда, несие, ипотекаға үй алуға болады. Ислам дінінің басты айырмашылығы сол, оның әрбір сөзі заманға сай қолданылатындығы. Яғни, қазіргі өмірде жанбағыс үшін несие алып, оны уақыты төлесе оның еш айыбы жоқ», — деді ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров.


Исламтанушының сөзінше, халық уағызшылардың әңгімесіне емес, мүфтият таратқан ресми ақпаратқа ғана сенуі керек.


[video width="1280" height="720" mp4="https://dalanews.kz/wp-content/uploads/2017/08/Мына-заманда-кредитсіз-күн-көру-мүмкін-беАбдугаппар-Сманов.mp4"][/video]


Рекомендовать
Последние новости