Шунгит – адамды емдейтін минерал

Dalanews 01 апр. 2016 23:46 2148

Бүгінде ғылымсыз алға баспайтынымыз талассыз ақиқатқа айналып отыр. Ертеңіне үмітпен қараған елдердің бәрі ғылымды дамытуға күш салуда. Мұндай маңызды істен Қазақстан да шет қалмауы тиіс.

mihail naurizbaeb dalanewes kzБүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы Физика-химия әдістемелік зерттеу және сараптау орталығының директоры Михаил Наурызбаевтың жетекшілігімен іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Ғалымдар алтын өндірісі қалдығынан шунгит минералын тауып, оны адам баласының игілігіне жарату жолында біраз жетістікке қол жеткізгені белгілі.

М.Наурызбаевтан шунгит жайында сұрағанымызда: «Шунгит табиғатта кездесетін минералдардың төресі десе болады. Ол ғылымға ерте заманда белгілі болған. Бірақ оның қоры жер бетінде сирек кездесетін болғандықтан оны өндірісте кәдеге жаратуға тиісті деңгейде көңіл бөлінбеді. Кезінде орыс патшасы І Петр Карелиядағы шунгит қоры мол, қазіргі Петрозаводск аумағында шипажай салуға пәрмен берген-ді. Міне, содан бері орыстар шунгитті адам денсаулығын жақсарту жолында пайдаланып келеді», – дейді М.Наурызбаев.

Осыған дейін ғалымдар шунгит тек қана Карелияда болады деп пайымдап келген еді. О баста ғалымдар шунгитті ғарыш кеңістігінен Карелиядағы көлге түскен минералды зат деп ойлаған.

Ал 70-жылдары геологтер мұндай құнды минерал Қазақстанда да бар екенін анықтады. Табиғатта шунгит таза күйінде кездеспейді. Ғалымдар Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы Бақыршы алтын өндірісінен пайда болған қалдықтардың арасынан шунгитті кездестірген. Бұдан басқа Текелідегі қорғасын-мырыш зауытының өндірістік қалдықтарынан да шунгит өндіруге болады екен.

Шунгитті жан-жақты зерттеген М.Наурызбаев мұндай минерал Канада мен Австралияда болуы мүмкін екенін айтты. Ғалым өзінің шәкірті Сергей Ефремовпен бірге елімізде табылған шунгиттің құрамын анықтап, оны қандай мақсатқа пайдалануға болатынын жүйелі түрде зерттеп, үлкен нәтижеге қол жеткізген. Әдетте шунгитті біраз металдың құрамынан кездестіруге болады.

Сол сияқты сирек кездесетін қымбат металдарды өндіруде де бұл минералдың маңызы зор. Қазақ ғалымдары Текелідегі қорғасын-мырыш зауытының қалдықтары арасындағы шунгитті резеңке жасау саласына кеңінен пайдалануға болатынын айтуда. Қазіргі таңда М.Наурызбаев шунгитке қатысты 5-7 патентке ие.

shungit dalanewes kz 1Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында 20 инновациялық жобалардың қатарына ілігіп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Физика-химия әдістемелік зерттеу және сараптау орталығы  ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктың 1,5 млн долларлық грантына ие болған-ды. Бұл қаржыға ғалымдар Бақыршы алтын кеніші жанындағы алтын қалдығынан шунгитті бөліп алатын, шағын кәсіпорын тұрғызған. Қазіргі таңда кәсіпорынның шығарып отырған өнімін инновациялық өнім деп атауға толық негіз бар. Өйткені мұндай өнім дүниежүзінің ешбір елінде жоқ. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан шунгитті өндірістік мақсатта өндіріп отырған бірден-бір ел деп атауға болады.

Шунгиттің қыр-сырын жете зерттеген қазақстандық ғалымдар оның жер астынан шығатын ауызсуды тазартатын қасиеті бар екенін айтты. Бүгінде М.Наурызбаев жетекшілік ететін Физика-химия әдістемелік зерттеу және сараптау орталығы үй жағдайында кеңінен қолданатын су сүзгілерді дайындап қойған. Шунгит ауыр металдарды бойына сорып, суды тазалайтын қасиетке ие минерал. Орталық мамандары мұндай сүзгілердің үй жағдайындағы және өндірісте қолданатын үлгілерін жасап қойған.

Мұндай су сүзгілерді кең көлемде шығарып, халықтың жаппай пайдалануына Үкімет қолдау көрсетуі керек-ақ. Өйткені ауызсу – Қазақстан үшін өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан жерасты суларын тазартып, халықтың игілігіне жаратуда шунгитті кеңінен пайдаланудың маңызы зор. Қазақ ғалымдарының ойлап тапқан сүзгінің күнделікті өмірде пайдаланып жүрген сүзгілерден көп айырмашылығы жоқ. Оның басты өзгешелегі су сүзетін жеріне шунгиттің орналасқанында болып тұр. М.Наурызбаев жаңа сүзгінің бағасы да қымбат болмайтынын айтып қалды.

Майталман ғалым ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыл-аймақтардағы үлкен су сорғылардың желбезегіне шунгитті пайдаланып, халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету турасындағы ойын айтқанын тілге тиек етті. Орталық қызметкерлері қазір жоғарыдан жауап күтуде. Халық үшін пайдалы ұсынысты министрліктегі мамандар қолдап жатса, нұр үстіне нұр болар еді. М.Наурызбаев мұндай су сорғыларға Бақыршы алтын кенішінен алынған шунгитті ғана қолданатынын айтты. Ал Текелідегі қорғасын зауытындағы қалдықтан айырып алған шунгит адам денсаулығына зиянды екен. Өйткені оның құрамында ауыр металдар бар. Сондықтан қорғасын мен мырыштың қалдығынан айырып алынған шунгит адам денсаулығына қауіпті. Одан шыққан шунгиттен көліктің дөңгелегіне қажетті компонент жасауға болады. Әдетте мұнайдан резеңке алуда оған біраз қоспалар қосуға тура келеді. Болашақта сол заттардың орнын шунгит алмастыра алады. Жаңа қоспа экономикалық тұрғыдан да тиімді. Шунгит жайында шешіле әңгіме айтқан М.Наурызбаев Текеліде тау болып үйіліп жатқан қорғасын-мырыш зауытының қалдықтарын кең көлемде пайдаланып, резеңке жасауға қажетті шунгит алуға болатынын алға тартты. Ғалымның сөзін баққанымызда шунгиттің пайдасы көп екен.

– Қазір жұрттың бәрінде ұялы телефон бар. Ұялы телефонмен сөйлескенде одан адам денсаулығына зиянды ультрадыбыс пайда болады. Көпшілігіміз оны біле бермейміз. Ол төмен деңгейде болса да адам денсаулығына зиян. Егер ұялы телефонның сыртын шунгит қосылған полимермен қаптаса, шунгит ультрадыбысты өткізбес еді. Осылайша, ұялы телефонның адам денсаулығына зияндылығын айтарлықтай төмендетуге болады. Бұл бағытта арнайы ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, жобаны сынақтан өткізіп, патенттеп қойдық. Бұл жобаға қызығушылық танытқан инвесторлар табылса, олармен ойымызбен бөлісуге әзірміз, – дейді ғалым.

Бүгінде ресейлік мамандар шунгитті медицина саласында кеңінен қолдануда. Олар шунгиттен тері ауруларына қарсы тұратын түрлі жақпалар жасай бастаған. Сондай-ақ, солтүстіктегі көршіміз шунгитпен адам қанын тазартуға да қолдана бастапты. Қазақ шунгитінің әкесі М.Наурызбаев Қазақстан аталмыш минералмен су тазартып, резеңке алуға күш салса, пайдаға бататынын алға тартты. Бүгінде Физика-химия әдістемелік зерттеу және сараптау орталығының мамандары Бақыршыдағы алтын қалдығынан шунгитті айырып, резеңке шығаратын бірлі-жарым кәсіпорындарға саудалауда. Айтпақшы, отандық шунгитті Жамбыл фосфор зауыты да сатып алып, фосфорды тазартуға кеңінен пайдаланып жатқанын орталық мамандары алға тартты. М.Наурызбаев Қазақстанда шунгиттің 300 млн тоннаға дейін қоры бар екен. Физика-химия әдістемелік зерттеу және сараптау орталығының мамандары шунгитті газға қарсы киетін тұмылдырыққа да салып, оның аммиак пен күкірт көміртегін жақсы тазалайтынына көз жеткізіпті. Осылайша, қазақ ғалымдары шунгитті өмірдің сан-саласында пайдалануға болатынын нақты іспен дәлелдеуде. Ғалымдарымыздың бұл бағыттағы жұмыстарына сәттілік тілейміз.

Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости