ШҚО-да жастары қайырымды істер марафонын бастады

Dalanews 27 июл. 2021 08:36 929

Бүгін ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу және Шығыс Қазақстан облысында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасын іске асыру бойынша баспасөз-конференциясы өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Конференция барысында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында облыста іске асырылып жатқан игі шаралар туралы кеңінен баяндалды.

Игі істерді атқаруда облыстың жастары да көш бастап тұр. ШҚО жастар ресурстық орталығының басшысы Арайлым Есімбекованың айтуынша, аталған марафонның ұрпаққа берер қайыры мол дейді.

– «Қайырымды істер марафоны» – бұл ұйымдар мен қарапайым қазақстандықтарды біріктіретін жалпыұлттық қозғалыс. Қайырымды істер марафонының мәні – адамдарды мейірімді болуға, жақсылық жасауға ынталандыру. Себебі әрбір қазақстандық азамат біз үшін қымбат. Біз әр жасқа жақсылық жасауға және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан әрбір қазақстандықтың өмірін  жақсартуға ұмтыламыз, – дейді Арайлым Есімбекова.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында жоба басталғаннан кейін оны шағын және орта бизнес өкілдері, 7-ЖОО, 70-тен астам колледж, 600-ден астам мектеп, жеке компаниялар, қайырымдылық қорлары, қоғамдық ұйымдар, 154 волонтерлік топтар қолдау көрсетуде.

–Жастар мұқтаж адамдарға көмек көрсету, қан тапсыру, ағаш отырғызу, қайырымдылық қорлармен бірлесіп, экологиялық акцияларды өткізуде. Жоба аясында облыс бойынша 2 мыңнан астам іс-шаралар жүзеге өткізіліп, оған 16 мыңнан астам шығысқазақстандық катысты, – дейді Арайлым Керімбекқызы.

Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен биыл Өскемен қаласында 23 дүкенде мұқтаж жандарға арналған "Қайырымдылық сөресі" акциясы өтті. Акция аясында ірі сауда орталықтарындағы сөрелер азық-түлікпен толтырып, тегін таратылды.

Облыс бойынша балалар ауруханаларында балаларға жылулық сыйлау мақсатында "Бала жүрегі" акциясы ұйымдастырылып, иммунитетті қолдау өнімдері мен ойыншықтар сыйға тартылды.

Волонтерлар халықаралық қан доноры күніне орай "Жылы жүрек" донорлық акциясын ұйымдастырды, оған жоғары оқу орындары, колледждер, ШҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мекемесінің қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты. Барлығы 153 донор қатысып, 76,5 литр қан жиналды.

Жастардың көмегімен экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған 800-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Жоба аясында іс-шаралар осымен тоқтап қалмай, облыс көлемінде жалғасын табатын болады.

Рекомендовать
Последние новости