ШҚО-да «Ауыл-ел бесігі» аясында 81 жоба аяқталды

Dalanews 19 янв. 2022 15:51 914

Шығыс Қазақстанда ауылдық аумақтарды дамытуға барлық жағдай жасалуда. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жаңғырту Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашылық еткен және Мемлекет «Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде жүзеге асырылуда.

Естеріңізге сала кетейік, жоба өмір сүру жағдайын жақсартуға және нысандарды өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес келтіруге бағытталған.

Облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, Шығыс Қазақстанда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатқан 116 тірек, 223 спутниктік ауылдар мен кенттердің тізімі анықталды.

2019 -2020 жылдары облыстың 20 тірек ауылында 10 млрд теңгеден астам сомаға 56 жоба іске асырылды. Осылайша, ауылда өмір сүру сапасын жақсарту 107 мың адамды қамтыды. Жобаға сәйкес 9 әлеуметтік нысан салынып, 32 нысан жөндеуден өтті. 150 шақырым кентішілік жолдар жөнделді. Атқарылған жұмыстардың арқасында 784 жұмыс орны құрылды.

Биыл 44 тірек және спутниктік ауылдарда 93 жобаны іске асыруға 9 млрд теңге бөлінді. Мәселен, елді мекендерде 4 нысанының құрылысы басталды.


Денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет саласындағы 13 әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. 32 ауылда жаңа жарықтандыру пайда болып, 156 шақырым кентішілік жолдар жөнделді.



2021 жылдың қорытындысы бойынша 81 жоба аяқталды. Абай ауданының ауылдарында көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көше жарығы орнатылды. Аягөз ауданы Мамырсу ауылында дәрігерлік амбулатория ғимараты мен көшелер жөнделді. Бесқарағай ауданында жолдарды орташа жөндеумен алты көше қамтылып, үш көшеде жаңа жарықтандыру жүргізілді. Осыған ұқсас жұмыстар Бородулиха, Глубокое, Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Үржар, Шемонаиха ауданында, Риддер қаласында жүргізілді.

Сонымен қатар, Катонқарағай орталық аудандық ауруханасы және ауданның басқа да ауылдық медициналық пунктері күрделі жөндеуден өтті. Ұлан орталық аудандық ауруханасында, сондай-ақ Тарбағатай ауданының Маңырақ ауылында дәрігерлік амбулатория ғимаратының күрделі жөндеуі аяқталды. Сонымен қатар, осы ауданда, Көкжыра ауылында «Асыл» бөбекжайы жаңартылды. Қабанбай ауылында Қ.Тоғысов атындағы орта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Үржар ауданында үш орта мектеп жөнделіп, спорт модулі салынды. Көкпекті ауданының Самар ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды.

Қалған 12 жоба 2022 жылда жалғасын таппақ. Алты дене шынықтыру кешенінің, спорт модулінің, үш ауылдық клубтың құрылысын аяқтап, екі мектепке күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.

Рекомендовать
Последние новости