ШҚО-да Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының филиалы ашылды

Dalanews 06 дек. 2021 05:07 1701

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының облыстық филиалы ашылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Amanzholov University ректоры Мұхтар Төлеген мен Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының бірінші вице-президенті Иса Самсаев өзара іс-қимылды жақсарту және өскелең ұрпақтың адамгершілік-рухани тәрбиесін дамыту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Негізін Сара Назарбаева қалаған "Бөбек" ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының қолдауымен Университет базасында Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының облыстық филиалы ашылды.

– Жақындарына деген сүйіспеншілік, өзара сыйластық, бір – біріне көмек – "Өзін-өзі тану" пәні үйрететін маңызды құндылықтар. Өңірлерде институттың филиалдарын ашу өте маңызды. Адамның үйлесімді дамуының ұлттық институты біздің университетті қолдағанына ризамыз. Мұнда жалпы білім беретін мектептердің, гимназиялардың, лицейлердің, колледждердің, университеттердің мұғалімдері оқып, біліктілігін арттыратын болады, – деді Amanzholov University ректоры Мұхтар Төлеген.

Ынтымақтастық шарты ғылыми-зерттеу және оқу материалдарымен алмасуды, ғылыми зерттеулерді ұйымдастыруды және олардың нәтижелерін білім беру ұйымдарының қызметіне енгізуді, бірлескен жобаларды іске асыруды қамтиды.

– Бүгін маңызды оқиға, әрине, Шығыс Қазақстанда Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының филиалының ашылуы болды. Біз үшін ең бастысы - Сара Назарбаева авторы болып табылатын "Өзін-өзі тану" пәні бойынша адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасын кеңінен тарату, насихаттау болып табылады. Осы филиалдар арқылы біз еліміздің барлық білім беру мекемелерінде тәрбие жұмысының жоғары деңгейіне қол жеткіземіз, – деп атап өтті Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының бірінші вице-президенті Иса Самсаев.

Айта кету керек, бұл еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындары жанынан ашылған Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының он үшінші филиалы. Шығыс Қазақстан облысының педагогтары "Өзін-өзі тану" пәні бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, конференцияларға, семинарларға және конкурстарға қатыса алады.

Сондай-ақ, адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының бірінші вице-президенті Иса Самсаев Amanzholov University кітапханасына "Өзін-өзі тану" адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының авторы Сара Назарбаеваның қолтаңбасы қойылған кітаптарын сыйға тартты.

Сапар барысында Иса Самсаев университет базасында құрылған "Dana bala" үздіксіз және инклюзивті білім беру әлеуметтік орталығының жұмысымен танысты. Бұл мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бірегей орталық. Өйткені бүгінгі күні республика бойынша ерекше білім алуға қажеттілігі бар 160 мың бала бар, олардың 10 пайызы Шығыс Қазақстан облысында орналасқан.

Орталықта цифрлық, жаратылыстану-ғылыми, техникалық және гуманитарлық бейіндегі көп деңгейлі қосымша білім беру бағдарламалары қамтылған. "ЅТЕАМ" және "Дарынды балалар" зертханалары, аппараттық психодиагностика және психокоррекция, сенсорлық интеграция және түзету, сондай-ақ логопедтік кабинет жұмыс істейтін болады. Қонақтарға Альфред Томатис әдісі бойынша аудио-есту жаттығулары бойынша сабақтар және университеттің жоғары курс студенттерімен және кішкентай келушілермен бірге арнайы зертханада сенсорлық интеграция элементтері көрсетілді. Сонымен қатар, Адамның үйлесімді даму институтының өкілдері электроэнцефалография, полиграф, "МастерГраф" графикалық редакторы, "Дельфа", "Жайлау" компьютерлік сөйлеу тренажерлері және интерактивті логопедтік үстел сияқты сан алуан терапия түрлері қолданылатын орталықтың жабдықталуын жоғары бағалады.

 

Рекомендовать
Последние новости