Шпекбаев үміт еткен цифрлық саланың шендісі істі болыпты

Dalanews 21 июл. 2020 08:24 853

Бүгін Нұр-Сұлтанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші жартыжылдықты қорытындылауға арналған алқа отырысы өтіп, агенттік төрағасы жемқорлықпен қалай күресіп жатқаны жайында кеңінен айтып берді.

Алқа отырысында Алик Шпекбаев жемқорлықпен күресудің ең тиімді жолы цифрландыру ісін дамытып, өмірімізде кең қолданысқа енгізіп, жең ұшынан жалғасқан әрекеттерге тыйым салуға болатынын айтты. Басқосуда агенттік төрағасы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға қатысты пікір білдірді.

– Пандемия барлық мемлекеттерді қалыптасқан бизнес-үдерістерді қайта пішімдеу арқылы нақты мәселелерді шешуге ғана емес, өзгерістерді тиімді басқаруға шындап ойлануға мәжбүр етті. Қазіргі таңда мемлекеттік басқаруды жеделдетіп цифрландыру ісі өзекті болып тұр.

Коронавируспен күресудің үздік тәжірибелерін талдау Оңтүстік Корея мен Сингапур сияқты дамыған және нақты жұмыс істейтін мемлекеттік электрондық сервистері бар елдер пандемияны тез арада тоқтата алатындығын көрсетті, – деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.


Оның айтуынша, бюджет қаражатын жымқыруға жол бермей, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға барынша ден қою қажет. «Осы тұрғыда қазіргі уақытта Цифрлық даму мен Білім және ғылым министрліктерінің жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты цифрландыру бойынша 2 қылмыстық істі тергеп жатқанымызды мәлімдегім келеді» деп атап өтті Алик Шпекбаев.

Рекомендовать
Последние новости