Шойгу екі мың жауынгерінен айырылған қолбасшыны жұмыстан қуды - журналист

Dalanews 23 мар. 2022 16:49 810

Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу 6-шы әскери жасақтың қолбасшысы, генерал-лейтенант Владислав Ершовты қызметінен қуды деп хабарлайды Dalanews.kz журналист Роман Цымбалюкке сілтеп.

Цымбалюк таратқан ақпаратқа сәйкес Ершов Ресей армиясының жеке құрамын қып-қызыл шығынға батырды деп айыпталып отыр.

Оның басқаруындағы 6-шы армия Украинаға басып кіргелі 2 мың жауынгерінен айырылып, қатары селдіреп қалған. Опат болғандардың ішінде - 180 адам мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар. Бұдан бұрын Путин мерзімді әскери борышын өтеп жатқан жауынгерлер соғысқа шақырту алмайтынын хабарлаған.

Журналистің мәліметіне қарағанда Ершов қазір үй қамақта отыр. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Шойгудың өзіне қатысты күдік те қоюланып келеді. Журналистер Қорғаныс министрінің 12 күннен бері көрінбей кеткенін хабарлауда.

"Соғыстың 28-ші күні, ал бізде қорғаныс министрі жоқ" деп жазды "Медиазона" журналисі Дмитрий Трещанин. 


Шойгу соңғы рет 11 наурызда ел көзіне көрінген. Осы күні ол Түркияның сыртқы істер министрімен тілдескен және әскери госпиталға барып, Украинадағы қақтығыста жараланған оккупанттарға медал тапсырған еді.

Билік тарапынан Шойгудың "жоғалуына" қатысты түсініктеме берілмеді. Кремльдің ресми сайтында Шойгудың Путин өткізген Қауіпсіздік кеңесінің жиынына қатысқаны жазылған, алайда жиыннан сурет немесе видео жарияланбады.

Рекомендовать
Последние новости