Шыңжаңдағы репрессия? Бейжің қазақ кәсіпкерлерінің тауарын өткізбеуде

Dalanews 20 авг. 2021 06:13 846

Қазақстан мен Қытай шекарасында жүк көліктері мен вагондарының кептелісіне байланысты былтырдан басталған ырду-дырду жырға әлі нүкте қойылмай тұр деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Қытай тарапы, керісінше кедендік саясатты қатайтып, бәрін күрделендіріп жіберген.

Ұлттық компания - «Қазақстан теміржолы» да не істерін білмей, қолын жаяды. Ал арада сауда-саттық жасап, тауар тасып жүрген қазақстандық кәсіпкерлердің бұл бағыттан көңілі әлдеқашан қалған. Бәрінен де қазақстандық экспортшыларға қиын болып тұр.

Сарапшылар болса, Қытайдың бұл әрекетін Қазақстанды жазалау деп баға беруде. Бұл пікірді шекарадағы мәселемен бетпе-бет келген отандық кәсіпкерлер де қостайды...

...

Расында, Қазақстан кәсіпкерлері қытай кеденіндегі кептелістен орасан шығынға батуда. Себебін әркім сан-саққа жүгіртеді.

Соның ішінде ең көп айтылатыны, бұл - қазақ билігінің мұсылмандарды жақтағаны үшін жаза.


Ресми Бейжің Нұр-Сұлтанның Қытайдан қашқан этникалық қазақтарға босқын мәртебесін беруіне көңілі толмайтынын осылай білдіріп жатса керек. Қалай дегенмен де Қытай қазақстандық тауар экспортшылары үшін кеден саясатын қатайтқанның үстіне қатайтып жатыр.

Шекарадағы мәселе өткен жылы қарашада басталған, ол кезде Шыңжаң билігі «коронавирустың таралуынан сақтану» дегенді ілік етіп, кедендегі жүктерді бақылау шараларын қатайтқан болатын.

Мысалы, Қазақстан Қытайға экспорттайтын астықты наурыз айында вагон-вагонға тиеп қойған, алайда ҚХР карантиндік шараларды желеу етіп, оларды әлі күнге өздеріне кіргізбей отыр. Наурыздан бері қаншама уақыт, ойлаңызшы?

Бұл туралы 6 тамызда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының орынбасары Оралхан Құлақовтың өзі мәлімдеген болатын.

«Қытайлық бағыт – өте проблемалы», – деп сөзін бастаған ол қытай тарапы астықты ары кеткенде 20 шілдеге дейін қабылдауды уәде еткенін, бірақ онысын әлі күнге орындамай отырғанын айтты.

Осыдан кейін ҚТЖ Қытайға тауар жөнелтуге тыйым салуға мәжбүр. Себебі Қытай тарапындағы шектеу шараларының кесірінен шекарада вагондар үйіліп қалған.

Сол кездің өзінде шекарада қаңтарылып тұрған вагондардың саны 12 мың болатын.

«Бұл Қазақстанның магистралдық желісінің өткізу қабілеттілігіне теріс әсер етеді», - делінген еді сол кезде ҚТЖ мәлімдемесінде.

ҚТЖ «бұл мәселені шешу үшін бірнеше мәрте шаралар қабылданғанын, бірақ Қытай тарапы қол қойылған келісімдер мен халықаралық келісімдерді елемей, тоң-теріс күйде қалуда» екенін жеткізді.

Оның үстіне, қытайлық кедендік тексерудің қиындап кеткені сонша, Қазақстан мен Қытай арасындағы автокөлік өткелінде де үлкен кептелістер пайда болды.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 6 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан-Қытай шекарасындағы Бақты шекара бекетінде Қазақстан тарапында 150-ге жуық көлік тұралап, жиналып қалған.

Комитеттің хабарлауынша, ең үлкен кептеліс 8000-ға жуық автокөліктің басым бөлігінің электронды кезегі қазақ-қытай шекарасындағы «Нұр жолы» өткізу бекетінде шоғырланған.

Қазақстандық экспортшылардың шығыны


Қытай Орталық Азия республикаларына қатысты кедендік саясатты жүйелі түрде қатайтып отыратынға ұқсайды.

ҚТЖ мәліметінше, өткен жылдың қарашасынан бері Қытай Қазақстаннан түрлі тауарлары бар 12 000 вагонды қабылдамай тастаған.

Енді осы мәселемен бетпе-бет келген кәсіпкерлердің өз сөзіне назар аудара отыралық.

  • Шекарадағы бақылау күшейтіліп жатыр, - дейді Қазақстанның астық одағының өкілі, «Северное Зерно» компаниялар тобының құрылтайшысы Евгений Карабанов.


«Күні кеше бұрынғы қытайлық серіктесіммен сөйлестім. Ол маған қытай билігінің кездесу өткізгенін және (Шыңжаң) губернаторға Қазақстанмен арадағы шекарада қатаң бақылау орнатуды тапсырғанын айтты”, - деді Петропавлда тұратын Қарабанов.

Қытай шекарасындағы кептеліс пен ұзақ уақыт тұралаудың салдарынан қазақстандық экспортшылар мен автокөлік иелері серіктестер алдындағы міндеттемелерін орындай алмай, үлкен шығынға ұшырап отыр.

Өткен жылы қарашада Қарабанов ҚХР-ға 670 мың доллардың (285 миллион теңге) 17 вагон зығырын теміржолмен жөнелтіпті. Алайда, Қытай тарапынан болған кедергілерге байланысты, оның жүктері бес ай бойы кеденде тұралап қалып, салдарынан қаражат айналымға түспеген.

«Бұл жайт үлкен шығынға әкеліп соқтырды, өйткені менің жабу керек несиелерім бар еді», - дейді кәсіпкер.

Қарабанов Бейжің тура Қазақстанға келгенде, ең қатаң кедендік шектеулер қолданатынына сенімді.

«Олар бізді бірдеңе үшін жазалап жатқан сияқты, себебі Қытай басқа елдерге бұлай жасамайды», - дейді ол.

Қытайдан күдер үзу


Сарапшылар Бейжің қолданып жатқан шаралар эпидемиологиялық шектеулермен байланысты екендігіне күмәнмен қарайды.

Былтыр қазан айында Қазақстан Шыңжаңнан қашқан төрт этникалық қазаққа босқын мәртебесін бергеннен кейін Қытай бірден кедендік бақылауды күшейткен.

Қытай билігі миллионнан астам ұйғыр мен басқа да түркітілдес мұсылмандарды, оның ішінде этникалық қазақтарды да «саяси ағарту» лагерлері, тергеу изоляторлары мен түрмелер сынды 400 мекемеге тоғытқан.

Қалған миллиондаған адам қатаң қадағалау мен бақылау жағдайында өмір сүруге мәжбүр.

Нұр-Сұлтан қаласының халықаралық қатынастар жөніндегі маманы Руслан Назаров ҚХР қандастарды қорғаған Қазақстанның әрекетіне осылайша өз наразылығын білдіруде деп санайды.


«Бұған еш күмәнім жоқ», - дейді ол.

Назаров Бейжіңнің биыл маусым айында «коронавирусқа қарсы вакциналарды тасымалдауды тоқтатамыз» деп Украинаға доқ көрсеткенін еске салады. Өйткені Қытайдағы адам құқығының жағдайы туралы құжатқа Киев қол қойып жіберген еді.

Көптеген қазақстандық кәсіпкерлер қазірдің өзінде Қытаймен арадағы сауда-саттықтан қатты көңілі қалып отыр.

«ҚХР-мен жұмыс істеу мүмкін болмай кетті», - дейді Нұр-Сұлтанға құрылыс материалдарын жеткізуші Дәулет Ахметов «Керуен сарайына» берген сұқбатында.

«Тауарларды импорттау кезінде инспекциялық және қадағалау құрылымдары тарапынан көптеген кедергілер шығатыны аздай, сонымен қатар олардың қай кезде қандай іс-қимыл жасайтынын да болжау қиын. Біресе көл, біресе шөл. Тіпті тауарыңызға қатысты талап етілетін барлық қажетті құжаттар болса да, бәрібір тәуекелге бас тігесіз», - дейді ол.

Ахметов бес жыл бұрын өз өнімдерін Қытайға экспорттау кезінде айтарлықтай шығынға ұшырағанын және енді бұл елмен байланысқысы келмейтінін айтады.

Қарабанов та Аспан асты елімен ат жібін үзіскісі келетінін жеткізді.

«Мен енді Қытайға ештеңе жібермеймін. Мынандай сұмдықтан кейін олармен жұмыс істеуге ниет қылу – барып тұрған ақымақтық», - дейді ол.

Аяулым ШАЙМАРДАН 


 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости