Шекарадағы қауіп: Өзбекстанға апаратын тоннель мен Қырғызстанға тартылған құбыр

Көркем Алдабергенова 19 дек. 2025 11:24

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан Қазақстан–Өзбекстан шекарасындағы жасырын тоннельді еске салып, шекара маңындағы жер телімдерін тексеріп, ретке келтіруді сұрады. Тиісті депутаттық сауалды ол премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, шекараға жақын аумақтар мемлекет меншігіне өтуі тиіс болған. Алайда қазір, оның сөзінше, жеке тұлғалар мен компаниялардың иелігіндегі 3,5 мыңға жуық жер телімі бар. Бұл учаскелерде тұрғын үйлер, дүкендер мен жанармай құю бекеттері заңсыз салынып жатыр деген дерек келтірілді.

«Бас әскери прокуратура бізге осындай 312 учаске бар екенін хабарлады. Соның 87-сі Түркістан облысының Сарыағаш ауданында орналасқан. Әкімдіктер мен Жер ресурстарын басқару комитетіне прокурорлық қадағалау актілері енгізілген. Алайда Үкіметтегі отырыс қорытындысымен олардың орындалуы тоқтатылған», – деді ол.

Құспанның айтуынша, шекара маңындағы жерлерді мемлекетке қайтару – күрделі мәселе. Бірақ телімдерді мәжбүрлеп алып қоюдың кешеуілдеуі шекараның күзет инфрақұрылымын салу мен жаңғыртуға кедергі келтіріп отыр.

«Шекара жолағындағы жеке меншік немесе уақытша пайдаланудағы жер телімдері мемлекеттік шекара қауіпсіздігіне қылмыстық қол сұғушылыққа жағдай жасайды», – деді мәжілісмен.

Депутат екі мысал келтірді:

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының Достық-2 ауылында шекара жолағы тұрғындардың аулаларының іргесімен өтеді. Өткен жылдың шілдесінде қылмыскерлер жалға алған үйден ұзындығы 310 метр болатын, Өзбекстан аумағына шығатын жерасты тоннелі табылды. Сол арқылы бірнеше жыл бойы контрабанда тасымалданған.

Екінші мысал: Қордай ауданында шекара жолағындағы жеке ауланың аумағынан жерасты пластик шлангі тартылып, сол арқылы жанар-жағармай Қырғызстанға заңсыз айдалып отырған.

Айгүл Құспан шекара маңындағы жер телімдерін мемлекеттік меншікке қайтару мәселесін премьер-министрдің жеке бақылауына алуды сұрады. Ол үшін мынадай ұсыныстарын айтты:

  • үкімет пен облыс әкімдеріне кешенді іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсыру;
  • республикалық немесе жергілікті бюджеттен рәсімді қаржыландыру көздерін айқындап, бюджеттік бағдарламаларға жауапты тұлғаны бекіту.

Рекомендовать
Последние новости