Шежірелі Түркістан мәдениет саласында өз брендін қалыптастырды

Тұрсынай ШАМЕТОВА 15 февр. 2024 18:46 6509

Бүгінде Түркістан облысы тек елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелге танылып үлгерді. Түркі елдері үшін мәдени және рухани өмірі ортақ болған қасиетті шаһардың мәртебесі асқақтай түсті. Өйткені Түркістанның жаңа кезеңге қадам басуы, қайта жаңғыруы тағы бір тынысын ашқандай. Бұл бағытта облыс әкімдігінің және Мәдениет және туризм басқармасының ілкімді істері жүйелі.

 

Түркістанға келген адам қазақтың руханиятымен танысады

Бүгінде еліміздің рухани астанасында әр күні түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіліп келеді. Мәдениеттің әр саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері бар. Бұл ретте облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауы ерекше.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанға ерекше мәртебе беру тапсырмасын берді. Біз осыған лайық жұмыс істеп, мәдениет саласын да көтеруіміз керек. Түркі елдері ұйымының шешімімен Түркістан  қаласы Түркі әлемінің  2024 жылғы туристік астанасы болып танылды. 

Бұл – біз үшін Түркістанның тарихын, руханиятын одан әрі танытуға, туристер арқылы әлемге насихаттауға тамаша мүмкіндік. Түркістанға келген адам қазақтың руханиятымен, болмысымен, мәдениетімен, тарихымен танысуды көздейді. Туризммен бірге мәдениет саласы дамуы тиіс. Халықаралық деңгейдегі өнер додаларының да өңір руханиятын дамытуға ықпалы зор деп есептеймін.

Түркістанда мәдениет пен өнерге айрықша көңіл бөлініп келеді. Өнер саласында Түркістанның өз брендін қалыптастыруды тапсырдым. Халықаралық өнер жобалары Түркістанды таныта түседі. Біздің бишілеріміз де, әншілер мен ансамбльдеріміз де өзімізден шығатын әрі Түркістан екенін білдіріп тұратын сәнді киіммен өнер көрсетулері керек. Түркістан рухани астана болғандықтан туристер біздің мәдениетімізді, ежелгі дәстүрімізді көргісі келеді, – деген Дархан Сатыбалды өңірдің рухани және мәдени әлеуетін көтеруді тапсырған болатын.

Өңірде руханият саласын серпілтетін жобалар жүзеге асып, жұмыстар атқарыла бастады.  Облыс басшысының тікелей тапсырмасымен Облыстық мәдениет және туризм басқармасының «Конгресс Холл» көпсалалы кешеніне түрлі бағыттағы өнер ұжымдарын ашу үшін 100-ден астам штат берілді. Атап айтқанда,  хореографиялық би ұжымы, этнофольклорлық ансамбль, биг-бэнд ансамблі, классикалық, эстрадалық, дәстүрлі, заманауи бағыттағы әншілер топтарына мамандар қабылданды.

Осылайша, жаңашылдық келді. Нәтижесінде ««Jana lep!» өнер ұжымы құрылып, үлкен сахнада қалыптасып келеді. Алғаш рет «Құстар қайтып келеді» мюзиклі сахналанып, өнер майталмандары мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп үлгерді.

 

Кітапқа құмар аймақ

Бүгінде ойын баласының өзі гаджеттен бас алмай, кітап бетін ашуды қиынсынып жатқаны жасырын емес. Алайда осылай екен деп қарап қалу жарамас. Өңір басшысының кітапхана пунктерін ашу, сонымен қатар кітап оқу мәдениетін қалыптастыру тапсырмасы аясында «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы қолға алынды.

Облыс әкімдігі ғимаратында және аудан, қаладағы әкімдіктерде жылжымалы кітапхана пунктері ашылды. Мұнда мемлекеттік қызметшілерге жігер, тәжірибе беретін, іскерлікті арттырып, мемлекеттік басқару ісінде білім жетілдіретін кітаптар қамтылған.

Тіпті мешіттерде де кітапхана бұрыштары жасақталды. Ал биыл жыл басы жағымды жаңалықпен басталып отыр. Халық көп шоғырланған базарларда кітапхана ашу жобасы қолға алынды. Ерекше жобаға сай алғаш рет Түркістан қаласындағы «Қуаныш» сауда орталығында «Фараб» кітапханасының пункті ашылды. Оған облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы қатысты. Бұдан бөлек Сарыағаш және Сайрам аудандарының орталық базарларында ашылып үлгерді. Бұл бастама әлі де өңірде жалғасып, көпке қызмет етері анық. Облыс бойынша 39 базар болса, 7 мыңнан астам кәсіпкер нәпақасын тауып жүр. Келетін адам қаншама? Демек бұл да кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға үлкен қадам.

Бұдан бөлек былтыр оқырман саны 400 мыңнан асқан. «Оқитын ұлт» жобасы бойынша «Бір ел бір кітап» акциясы,  «Оpen library – 2023» ашық есік күні, «Рухани керуен – Түркістанда»   іс-шарасы, «Ақылды балаға – сыйлыққа Ақылдым» «Әлемді  кітап  арқылы  танимын» облыстық байқаулары қаңтар айында «Фараб» кітапханасынан бастау алып, жыл соңына дейін аудан, қалаларда аяқталды.

Облыстың  5 жылдығы да кітапханашылар назарынан тыс қалмады.  «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар»  рухани мәдени іс-шарасы Тараз, Алматы, Астана, Қызылорда, Шымкент қалаларында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясы өткізіліп, 26 мыңға жуық кітап жиналып, ауылдық кітапханаларға таратылды. 2023 жылы «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы аясында 13 мәдениет үйін кітапханасымен бірге пайдалануға берілді.

 

Түркістан өңірінің 3 мәдениет мекемесі республикада үздік атанды

Әрбір ауданның өзіндік тіршілігі болғаны сияқты, қайталанбас мәдениет бағдарламасы да болуы тиіс деген облыс әкімі олардың заманауи бағытта жұмыс істеуін пысықтады.

Бұл бағытта облысқа қарасты аудан, қалалардың арасында өткен «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалін тілге тиек ете аламыз. Облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев бұл сайыстың өнерпаздар үшін де, мәдениет қызметкерлері үшін де берері мол дейді.

– Қазіргі таңда «Түркістан дауысы-2023» республикалық  эстрада әншілерінің байқауы мен Халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндерін орындаушылардың байқауы Түркістан мәдениетінің брендіне айналды десек, қателеспейміз.

Былтыр алғаш рет республикалық және халықаралық театр фестивалін өткіздік. Соның бірі Түркістанда театр негізін қалаған Райымбек Сейтметов ағамыздың атындағы репсубликалық фестивалді алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол да біздің брендіміз болуы үшін жұмыс істейміз.

Сонымен қатар ауылдық мәдениет ошақтарына қолдау көрсету мақсатында «Ауыл – мәдениеттің бастауы» ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың облыстық байқауы ұйымдастырылды. Мысалы басқарманың әр саласы, соның ішінде концерт, театр және кино, кітапхана мен музей, тіл және ономастика, тарихи-мәдени мұра, мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясындағы үйірмелер, тағы басқа бағыттарда тек облыстық емес, республикалық, тіпті халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұның артында сахна сыртындағы мамандардың еңбегі зор.

Мысалы қарапайым көрермен үшін бір сағаттық концерттің өзіне қаншама дайындық өткізіледі. Осындай тер төгулердің арқасында шығар, «Рухани қазына-2023» мәдени ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестивалінде 3 бірдей мекемеміз үздік деп танылды.  Яғни «Ұлы Дала Елі» орталығы, «Фараб» ғылыми әмбебап кітапханасы, Облыстық халық шығармашылығы орталығы облыстық маңызы бар үздік мекеме атанды. Алдағы уақытта да осындай қарқынмен жұмыс істейміз деп ойлаймын, – деген басқарма басшысы биыл 75 іс-шара өткізуді жоспарлап отырғанын атап өтті.

Белгілі сазгер, журналист, профессор Бекжігіт Сердәлі Түркістан мәдениетінің жаңа кезенін былай сипаттайды:

– Облыс орталығы болғалы қала тұрғындары кешкі уақыттарын өткізетін жер тапты. Қазір байқап жүрмін, көп адам театрға барғысы келеді. Концерт көргісі келеді. Билетті тикетон арқылы алып жатқанын көзім шалды. Түркістандық ретінде айтарым, облыстық мәдениет басқармасы әртүрлі іс-шаралар арқылы көптің өнерге, мәдениетке деген құштарлығын оятты деп ойлаймын. Әрине оның барлығында ауқымды еңбек жатыр. Әншілер жай шығып ән айтып, әртістер сахнада рөл ойнап кете салмайды. Басқа мәдениет қызметкерлерінің де еңбегі жатыр.

Тұрақты түрде әр демалыста аудан өнерпаздарын тамашаладық. Өзара тәжірибе жинауға таптырмас алаң деп білем. Ал әншілердің бағын жағатын қос байқауда Төлеген Мұхамеджанов ағамыз бастап, Медеу Арынбаев, Маржан Арапбаева сынды кіл мықты сазгерлер таңданысын жасырмады. Осындай жұмыстардан соң уақтылы келіп, өнер адамдарын сыйлауды үйреніп жатыр. Залда дұрыс отырудың өзі мәдениет. Айналасы тап-таза әрі зәулім мәдениет ошақтарында артық бірнәрсе істеудің өзі ұят, – дейді ол.

 

 

Театр және өнер фестивальдерінің ордасы

Жалпы, Түркістан облысында 700-ге жуық мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның iшiнде 400-дейі кiтапхана, 250-ден астам мәдениет үйлері мен клубтар, 24 музей, 3 кәсіби театр,   2 орталық, 1 облыстық филармония, 1 «Конгресс Холл» көпсалалы кешені, 1 көркемсурет галереясы,   1 «Оңтүстікфильм» мекемесі, 9 саябақ бар. 

Өткен жылы Түркістан облысының 5 жылдығына кең көлемде атап өтілді. 3 кәсіби театрда 15 жаңа спектакль сахналанып, ағымдағы 132 спектакль қойылды. Райымбек Сейтметовтың 85 жылдық мерейтойына орай республикалық театрлар фестивалі ұйымдастрылды.

Келес ауданында «Театр және көрермен» халық театрларының облыстық байқауы өткізілді. Түркістан музыкалық драма театры Әзірбайжан республикасы Баку қаласына,  Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры Түркия Республикасының Анкара қаласына, облыстың аудан, қалаларына, Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театры Жамбыл облысына гастролдік сапарға шықты.

Ал Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде 200-ге жуық концерт және мәдени шаралар өткізілген. Астана қаласындағы «QAZAQSTAN» орталық концерт залында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония Шәмші әндерінен «Менің Қазақстаным» ән кешін өткізіп, 3500-ге жуық көрермен тамашалады. Гастроль шалғай ауылдарда жалғасты. Шетелдерде өнер көрсетті.

Сонымен қатар күндері «Алтын сақа» түркі тілдес халықтарының анимациялық фильмдер фестивалі өтті. «Музейлер шеруі» республикалық, облыстық, аудандық музейлердің Түркістан қаласындағы көшпелі кеңейтілген көрмесі ұйымдастырылды.

 

Ауыл мәдениеті мен ұлттық өнерге дем берген...

Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерінде халық шығармашылығын дамыту, әдістемелік көмектер көрсету мақсатында «Мәдениеті ауылдың...» ақпараттық танымдық бағдарламасы, «Ұлттық мұра жаршысы» танымдық фильмдер, «Түркістан мақамдары», «Мәдениет және өркениет»  әдістемелік семинар мен шеберлік сағаттарын өткізілді.

«Ұлы даланың музыкасы» жобасы бойынша «Арай»-2023» жас әншілердің және іс-шара жүргізушілердің байқауы, Ұлттық домбыра күні және Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауы  ұйымдастырылды.

Келес ауданында «Жыр жүйрігі – Жарқынбек», Отырар ауданында «Омартасы рухтың Отырарым», Түркістан қаласында «Жібек жолының жауhары», «Түркістан – ер түріктің бесігі»  республикалық ақындар айтысы өтті. Облыстың намысын аламанда қорғап жүрген 12 айтыскер ақынға бірдей шапан тігілді. Жыл соңында Түркістан төрінде өткен облыстық жыр додасында тапсырылды. Сонымен қатар аудандарда облыстық байқаулар өткізіліп келеді.

Түркістанда жаңа қала, орталық салынды. Ғимараттарға жан, тұрғындар өміріне мән беретін сала – мәдениет. Осыны терең ұғынған Түркістан жұртшылығы мәдениет айдынында желкенін керіп, батыл жүзіп барады.

Тұрсынай ШАМЕТОВА, ҚР Журналистер одағының мүшесі.


Рекомендовать
Последние новости