Шавхи Дурсунов: «Қазақ достарымның қыз ұзату, келін түсіру тойларынан қалмаймын»

Dalanews 08 сент. 2021 14:22 1315

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, заң саласының білгірі Шавхи Дурсунов қазақ жеріндегі татулық пен ынтымақтастық жайында Dalanews.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне баяндап берді. Тегі күрд, бала кезінде Грузиядан Қазақстанға қалай жер аударылғанда бөтен халықты қазақтың бауырына қалай басып, қатарға қосқанын айтып берді. 

 

Қазақстанға алғаш қашан, қалай келдіңіз? Балалық шағыңыз есіңізде ме?

– Жадымда күні кешегідей сайрап тұр. 1944 жыл. Грузия. Қарашаның қақаған суығы өкпеден бүрiп тұрған мезгіл. Соғыстың өртi әлі басылмаған. Оның зардабы мен залалы туралы аңыз бен ақиқат күнделікті өмiрдiң бiр бөлiгiне айналып кеткен. Орта жастағылары майданға кеткен, кілең бала-шаға мен шал-шауқандар қалған едi ауылда.

Сондай сүреңсіз күндердiң бiрiнде ауылға калың әскер орналасты. Халық соғыстан, қуғыннан, қашты-пыстыдан әбден зәрезап болғандықтан шығар, әскерді үрейлене қарсы алды.

Мен жеті жасар баламын. Ештеңеден хабарсыз бiздер, әлгi әскерлерге ыржыңдай күлiп, касынан ойқастап өтемiз. Жұрт тағы не болар екен деген күдіктен арыла алмай жүрді. Мұны үлкендердiң пыш-пыш әңгiмесiнен аңғардық. Оңашада күбiр-сыбыр.

Содан бір апта өтер-өтпесте күллі ауылды әлгi әскерлер иiрiп алды да, «жер аударыласыңдар» деді. Ел ұлар-шу. Екi сағаттың iшiнде керектілеріңді, киім- кешектеріңді шағындап, дайындалыңдар деген екен. Бір қабат киiмi мен азын-аулақ ішіп-жемiн алып, арнайы дайындалған жүк пойызына шұбап кірдік. Жылап-сықтаған ел. Қоштасқан жұрт.

Күні кеше беттеріне ыржаңдап қараған әскерлерiмiз баласың ба, шағасың ба демейді, «бол-болдың» астына алады келіп. Содан 20 күн бойы жүрдік жолда. Шықырлаған аяздан пойыздың iшi дала секiлдi аңырап тұрды, азық-түлік аз, барының өзін алдырмаған. Әлі күні сол жиырма күннің қасiреттi зары ойымнан шықпайды. Жолда тұмау тиiп ауырғандар суықтан қатты науқасқа шалдыққандар болды. Аштықтан бұратылып о дүниеге аттанғандар да кезiктi. Не керек, Қазақстанға солай келдік. Бақытымызға орай, Алматыға келіп түстік. Қаскелең ауданының Жамбыл ауылына орналастық. Көшпен келгендерді ауылдың әрбір түтініне бөлiп орналастырды. Бiздi екi-үш жаны бар бір қазақ отбасы күтіп алды. Біздегі алты жанмен бiрлiкте қысты өткіздік. Соғыс уақыты болғандықтан, оларда да жөнді жағдай жоқ қой. Өздері не жейді, бізге де соны берді.

– Қазіргі күннiң өлшемiмен қарасақ, ауыр жыл, қайғылы кез болса да, халықтың пейiлі дарқан, ниетiнiң ақтығынан шығар?..

– Әрине. Қазір ойласам, біреудің үйiне бiр қыс түгіл, алты адамды үш күн түнету де мұң ғой. Көшiп келгенiмiзге бір апта өткен соң, ептеп көзiмiз үйренiп, көңiлiмiз орнына түскендей болды. Көшеге шығып, балалармен ойнай бастадық. Басында үдiрейiсiп, алыстан қарайтын бiздер, тіл білмесек те достасып, құлын-тайдай тебiсiп тел өстiк. Келер жылы көктемде мектепке бардым. Ауылдағы қазақ орта мектебінде төртiншi сыныпқа дейiн оқып, кейін Есіктегі әпкелерiмнiң қолында оқыдым. Сегiзiншi сыныпты Қаскелеңдегі Абай атындағы орта мектептен жалғастырдым. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы оқыған бiлiм ордасы. Ол кiсi бiзден үш-төрт сынып кейiн оқыған болар. Ал оныншы сыныпты Есіктегі орта мектепте бiтiрдiм. Қазақшаға үйренiп қалғаным сонша, үйдегілер «орыс мектебіне барасын ба?» десе, «жоқ» деп азар да, безер болушы едiм. Қазақ мектебінен бiлiм алғаныма осы күнге дейiн қуанам. Тағдырдың жазуы деген осы шығар, егер Грузияда жүргенде, өмiр соқпағымыз қалай боларын кім бiлсiн?

Мектеп демекші, сол кездегі білім-тәрбие қалай едi? Ұстаздарыңызды қалай сыйлаушы едiңіздер?

– Біз үшін ұстаздан ұлағатты адам жоқтай көрінетін. Сол кiciлерге қарап еліктейтінбіз. Көшеден көрсек, анадайдан амандасатынбыз. Әдепсіз қылығымызды оларға көрсетпеуге тырысатынбыз. Математика пәнінен Рахымжан Токатаев деген соғыс ардагері сабақ берді. Сол кісінің берген білімі, айтқан өнегесі, адамшылыққа көзқарасы бізді өсіріп, биікке талпындырды.

Ұстазымыз осыдан 7-8 жыл бұрын дүние салды. Сол кезде оқушыларының көбi жиналды. Бiз ақсақалдың тiрi кезiнде өзiнiң тұрған ауылына мүсiнiн орнаттық. Бәрiмiз жиналып, мектептегі шағымызды еске түсірдік. Мiне, жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, мектептегі ұстаздарымызды ұмытқан емеспіз.

– Адам ең жақын досын бала кезінде, мектеп қабырғасында жүргенде табады дейді. Олардың арасы ажырамайды деп жатады. Сол кездегі сыныптас достарыңызбен араласып тұрасыз ба?

– Бала кездегідей тазалық, шынайылық қайдан болсын. Адамның адамшылық жолы бағыты сол кезде қалыптасады ғой. Нұрқадiр Нұрғалиев, Болат Тоты,  Ділдәбек Тойжанов секілді достарым бар. Бiрi мектепте, екiншiсi университетте жолыққан. Күні бүгінге дейін араласамыз. Сыйластығымыз, сырластығымыз үзілген емес. Ділдәбек Тоты ұзақ жыл заң саласында қызмет етті. Судья болып талай лауазымдарда табысты еңбек етті. Отбасында қандай қуаныш, жетiстiк болса, алдымен айтады. Отбасылық тойларын, қыз ұзату, келін түсіру қуанышынан қалдырған емес. Мен де ол кiсiнi алдымен шақырамын. Екеуміз қандай мәселе болса да, ақылдасып, пікірлесіп отырамыз. Ол кісі Шымкентте тұрады. Той болса мен Шымкентке барамын, ол ат сабылтып Алматыға келеді. Қазір пандемия болып барыс-келіс азайып тұр. Жағдай түзелсе, шұрқырасып қауышатынымыз анық.

1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетiнiң Заң факультетіне оқуға түстік. Ондағы қызықты жылдарды айтсақ, әңгiме ұзаққа созылар. Ділдәбекпен сол жылдары танысқанбыз. Курстас болдық. Айтпақшы, бiрiншi курста ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен жатақханада бір бөлмеде жаттық. Қою қара шашты, еңсегей бойлы жiгiт едi. Мiнезi жiбектей, әңгімешіл, бауырмал болатын. Өзі әскерден кейiн бiзге тапсырған екен. Қазақ радиосында диктор болып қызмет ететін. Жұмыстан келген соң қалың қойын дәптерiн алып шығып, өлең оқитын. Заңның студенттері ақынның өлеңдеріне құмар еді. Ол кiсiнi көргенде, ерекше құрметпен қарайтын. Бір жылдан соң филология факультетіне ауысып кетті.

– Еңбек жолыңыз туралы қысқаша ақпарат бере кетсеңіз?

– Талғар ауданынан тергеушi болып бастадым. Кейін Шелекке жiбердi. Онда қазақ тiлдi тергеушi жетiспейді деді. Мұнда үйсіз-күйсізбіз, жиналып, жүріп кеттік. Сол жерде біраз уақыт жұмыс iстедiм. Кейiн Алматы облыстық тергеушiлер басшысы, облыстық прокурордың бiрiншi орынбасары болдым. Саналы ғұмырым осы заң саласында өтті. Қазір зейнетте болсақ та, заң аясынан алыс емеспін. Жастар жиі ақылдасып, кеңесіп тұрады. Кейбiр iстер жөнінде өзім де араласамын.

– Сiздi қазақша бiлетiн тергеушi ретiнде шақырғанына қарағанда, ол кезде іс жүргізушiлердiң денi, тергеушілер орыс тілді болғаны ғой. Осы қазір мемлекеттік тілді заң саласы қаншалықты игерген?

– Шыны керек, ол кездері қазақша iс жүргiзетiн, тергеу ісімен айналысатындар өте аз болатын. Ал керiсiнше, халықтың бәрi орысша біле бермейтін. Әсіресе, ауыл жұрты орыс тiлiне соншалықты жетік емес еді. Мені сол үшін аттай қалап шақыртты. Ал қазiр жыл санап мемлекеттік тiлдi бiлетiн заң мамандары көп. Жоғары оқу орындарында қазақ топтары көп. Бүгін мемлекеттік тілде іс жүргізу соншалықты қиын емес. Әр прокуратурада мемлекеттік тілді үйрететін тегiн курстар жұмыс істейді. Аудармашысы тағы бар. Ісқағаздарының денi қазақ тiлiне көшiп үлгерді. Ендi жылдан-жылға қазақ тiлiн игерген заңгерлер көбеймесе, азая қоймас. Мемлекеттiк тiлдi игеру қиын емес. Erep нақты пейілі болса, бір жылда-ақ қазақша сайрап кетуге болады. Бұған осы 20 жылдағы тәжірибеміз мысал бола алады. Қазiр ағылшын, қытай, араб тiлдерiн суша ағызатын жастар өсіп келеді. Бірақ, солардың кейбiрi мемлекеттiк тiлдi бiлмейді. Шынайы талпынсақ, талап қойсақ, мемлекеттік тілді білу соншалықты iрi мәселе болмасы анық.

 

Рекомендовать
Последние новости