Шардаралық шаруалар инновациялық технологияларды меңгеруде

Dalanews 06 нояб. 2018 04:36 1188

 Шардара ауданындағы «Иіржарагро» ЖШС-ы биылғы жылы егістік алқапқа инновациялық тамшылатып суару әдісімен 300 гектар мақта еккен екен.

Адам күшін толықтай техникамен алмастыратын бұл тәсілдің ерекшелігі – шаруалар мол өнімге қол жеткізеді. Айталық, былтырғы жылы осы шаруашылық әр гектарынан 55 центнерден ақ ұлпа жинаған.

– Орта есеппен алатын болсақ, былтыр ауданда мақтаның орта өнімінің көлемі гектарына 28,4 центнерді құраған болса, осы шаруашылықтың өзінде бұл көрсеткіш 55 центнерге жетті. Яғни, инновациялық технологияны енгізудің арқасында бір шаруаның өзі екі есе өнімге қол жеткізіп отыр. Осынау әдістердің тиімділігін және ұтқырлығын жергілікті басқа да шаруаларға түсіндіріп, насихаттап келеміз. Соның нәтижесі болар, биыл "Иіржарагро" ЖШС-нан бөлек, тағы да үш шаруашылық тамшылатып суғару әдісіне көшіп отыр, – дейді бұл ретте аудан әкімі.

Жалпы, Шардарада ауыл шаруашылығы бойынша 243 мың гектар жер болса соның 64 мың гектер жері суармалы. Суармалы жерлердің 60 мың гектарға жуығы толығымен игеріліп, 24 гектарға мақта егіліген. Елбасының суармалы жерлердің көлемін 600 мың гектарға көбейту тапсырмасы аясында да ауданда тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Оған мысал ретінде, Жаушықұм ауылдық округіндегі 12192 гектар жерді суғаруға мүмкіндіктің табылғанын айтуға болады. Ол үшін Сырдария өзенінен су тарту жұмыстары жүргізілуде. Оған «Қазсушар» республикалық мекемесі атсалысып келеді. Жалпы, осы жоба іске асқан жағдайда биыл аудандағы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 30 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарлануда. Тек қана Жаушықұм массивінен 500 мың тоннадан астам өнім өндірілмек. Соның нәтижесінде, жаңа жұмыс орындары ашылады деген болжам бар.

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости