ШӘКЕН АЙМАНОВТЫ НЕГЕ ШЕТКЕ ЫСЫРДЫҚ?

Dalanews 21 нояб. 2015 14:52 1122

Кереку өңірінің ақсақалдары облыс әкімі Қанат Бозымбаевқа реніштерін білдіріп, редакцияға хат жіберіпті. Мәселенің мән-жайын төмендегі мақаладан білесіздер.




 Шынымен, Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев неге бұлай еткенін түсінбей-ақ қойдық.

«Атаманның ақыры». Осы фильмді көріп пе едіңіз? Классика. Қазақстанның халық әртісі, киноактер, кинорежиссер – Шәкен Аймановтың түсіріп кеткен соңғы еңбегі...

Қазақта қаншама тұлға бар. Әлі күнге дейін лайықты бағасын алмаған, ала алмай келе жатқан... Шәкен Аймановты олардың қатарына қосқымыз келмейді. Бірақ, амал нешік.

Былтыр қазақ киноматографиясының негізін қалаған Аймановтың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай Қазақстанның түкпір-түкпірінде түрлі мәдени-әдеби іс-шаралар ұйымдастырылды. Дұрыс. Ұрпағының ұмытпағанын көрсетеді. 

[caption id="attachment_12513" align="alignleft" width="315"]9a5c7da5e9e8dae9de7452bb97798266 Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев неге бұлай еткенін түсінбей-ақ қойдық.[/caption]

Өкініштісі, Шәкен Аймановтың туған жері Павлодар облысында осы 100 жылдыққа орай ұйымдастырылған шаралар санаулы ғана болды. Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың көңіліне келсе де айтайық, мұндай іс-шаралар өз деңгейінде өткізілген жоқ.

Дегенмен, мұны көріп отырған, біліп отырған адамдар бар ғой.

Керекуде ақсақалдардың ықпалы өте күшті. Ендеше, біз үндемей қалсақ, ең алдымен елдің алдында ұят болар еді.

Осы 100 жылдық мерейтойға орай былтырғы жылы Шәкен Аймановтың ескерткіші жасалып, облыстың орталығы – Павлодар қаласына орнатылуы тиіс еді. Әрі күттік, бері күттік. Әкімшілік үнсіз. Не керек, бұл мәселе созыла-созыла биылғы жылға да жетті.

Не де болса биылдан қалдырмас деп жүргенде, мынадай жаңалық естідік: «Шәкен Аймановтың жасалып дайын болған ескерткішіне облыс орталығынан орын табылмай, ақыры туған жері – Баянауылға жөнелтіпті».

Жарайды, облыс деңгейінде танылған азамат болса бір сәрі, түсінер едік. Бірақ, бүкіл қазақ киноматографиясының негізін қалаған Шәкен Аймановтың ескерткішіне облыс орталығынан бір орын бұйырмағанын қалай түсінсе болады? Соншалықты «қуғын-сүргін» көретіндей Айманов не жазды?

Бір Павлодардың өзінде «сәбеттік» дәуірді еске салатын ескерткіштердің бірнешеуі тұр. Кутузов, Суворов сияқты көшелердің атын өзгертуге әкімшілік бата бермейді. Бірақ, Аймановтың ескерткішін ешкіммен ақылдаспай-ақ Баянауылға жөнелте салуға қорықпайды.

Иә, Баянауыл Шәкеннің туған жері. Бірақ, аудандағы мектепте Аймановтың ескерткіші баяғыдан бар. Бір ауданға екі ескерткіштің қандай қажеті бар ендеше? Одан да облыс орталығындағы алып аллеясына неге орнатпаймыз?

Бір жағынан Қанат Алдабергенұлының бұл шешіміне таңғалып отырған жайымыз бар. Қызық екен.  Кейбіреулер айтады: «Бұл өңірдің тумасы болмағандықтан, осы өңірден шыққан тұлғаларды көп көзге іле бірмейді» деп. Кім білсін... Анығында, Шәкен Аймановқа қана емес, Жүсіпбек Аймауытовқа да лайықты құрмет көрсетілмей отыр. Бұл туралы да айтқанбыз.

Осындағы қазақтың рухын көтеретін дүниелер аз қазір өңірде. Көпшілік іс-шаралар әншейін көз алдау сияқты көрінеді.

aldarБір жағынан, Бозымбаев Шәкен Аймановтың қандай деңгейдегі тұлға екенін білмейді деуге аузымыз бармайды. Ал енді бір жағынан... «Шәкен Аймановтың ескерткішіне облыс орталығынан орын жоқ» дегенін тағы түсіне алмай отырмыз.

Біз қазақтың біртуар ұлы Шәкен Аймановтың ескерткіші облыс орталығына қойылуы қажет деп санаймыз әрі әйгілі жерлесімізге облыс басшылығы лайықты құрмет көрсетеді деп ойлаймыз.

Өйткені Шәкеннің деңгейдегі тұлғаға облыс орталығынан орын табылмады деудің өзі ұят...

Темеш Сенбай, Ұлы Отан соғысының ардагері

Қабдолла Мусин, Ұлы Отан соғысының ардагері

Махмет Демесінов, еңбек ардагері

Қаханбек Оразалы, еңбек ардагері

Тәжібай Шаймарданов, еңбек ардагері

Оралбек Қожанов, еңбек ардагері

Мұхит Омаров, ардагер журналист

 

 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости