Сенатор Құл-Мұхаммед Білім министріне шүйлікті

Dalanews 17 сент. 2020 06:16 1021

Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұхтар Құл-Мұхаммед білім беру саласында қордаланған мәселе өте көп екенін айтып, премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.

Сенатор елімізде білім беру саласында қомақты қаржы бөлінгенімен ондағы кейбір мәселелер әлі шешімін таппағанын атап өтті.

"Кейінгі жылдары білім саласын дамытуға, атап айтқанда, компьютерлер сатып алуға, интерактив тақталарға, мектептерді интернетке қосуға, электрон оқу жүйесін енгізуге көптеген қаражат бөлінді.

Талай министр осы залға келіп, орасан зор жұмыс атқарылғаны туралы ұзын-сонар баяндауларына қарамастан пандемияда бұл салада қордаланған мәселелердің әлі көп екені анықталды.


Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында мейлінше ашық, айқын айтып берді. Әсіресе, бірыңғай білім беру платформасын ұйымдастыру мәселесі жөнінде. Енді білім саласындағы жүйелі проблемалар пандемия жағдайында ғана қалыптасқан жоқ. Ол жылдар бойы қордаланды", - деді ол.

Оның пікірінше, бүгінде бұл мәселе миллиондаған ата-ананы, ұстаздар қауымын, қалың жұртшылықты алаңдатып отыр. Депутат өз сауалында аталған проблемалардың себептері мен салдары, мәселелерді шешу жолдары анық көрсетілгенін, оларды шартты түрле 4 топқа жіктеуге болатынын айтты. Осыған байланысты Құл-Мұхаммед үкімет басшысынан төмендегі сұрақтарға жауап беруді сұрады.

"Біріншіден, Мемлекет басшысының бірыңғай білім беру онлайн платформасын құру туралы тапсырмасы қандай мерзімде іске асырылады? Әрбір мүдделі мемлекеттік органдардың, атап айтар болсақ, білім және ғылым, денсаулық сақтау, цифрлық даму министрліктерінің жұмысын үйлестіру мен олардың өзара іс-қимылы нақты айқындалды ма? Процесті жылдамдатуға техникалық мүмкіндіктер бар ма? Бірыңғай білім беру онлайн платформасын құру үшін бюджеттен қосымша шығындар қарастырылған ба?

Екіншіден, қашықтан оқыту шеңберінде азаматтардың тегін орта білім алуына конституциялық кепілдіктері қамтамасыз етілген бе? Қашықтан оқыту барысында келтірілген қосымша шығындарды өтеу сіздердің жұмыс жоспарларыңызда бар ма?

Үшіншіден, ұзақ мерзімді қашықтан оқыту салдарынан білім беру деңгейінің төмендеуімен байланысты алдағы уақытта қандай шаралар атқарылу көзделген.

Төртіншіден, әртүрлі әлеуметтік топтардағы білім алушылар арасындағы білім беру деңгейінің алшақтығын азайту бойынша үкіметтің жұмыс жоспары қандай?", - деді сенатор.

Мұхтар Құл-Мұхаммед білім беру мәселесі халық үшін өте маңызды екенін атап өтті.


"Бұл проблемалардың барлығы республикадағы әрбір отбасыны алаңдатып отыр. Өйткені, әрбір отбасында кемінде 1-2 бала мектепке барады, я болмаса оның жұмысын үйінде ата-анасымен бірге аталары мен әжелері де қадағалап отырады. Тіпті, мектептің өзінде миллиондаған бала білім алып жатыр. Сондықтан біз бұл проблеманы жалпыхалықтық, бүкілұлттық пробеламалар деп есептейміз", - деді депутат.

Рекомендовать
Последние новости