Сенат АҚШ-қа Алматыдан консулдық салу үшін жер жалға беруге рұқсат берді

Қаракөз Амантай 08 мая 2025 14:46

Қазақстан Сенаты АҚШ пен Қазақстан үкіметтері арасындағы келісімді ратификациялап, Алматы қаласында АҚШ-тың жаңа бас консулдығын салу үшін жер телімін ұзақ мерзімге жалға беру жөніндегі құжатты бекітті, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Келісімге сәйкес, Америка Құрама Штаттары 70 мың шаршы метрден астам жер телімін 49 жылға жалға алады. Бұл үшін АҚШ тарапы бір реттік төлем ретінде 25,3 миллион долларды келісім күшіне енген соң 30 күн ішінде төлейді.

АҚШ бұл аумақта консулдық ғимараттан бөлек, Сауда министрлігі, Есірткімен күрес агенттігі және Коммерциялық қызмет өкілдіктерін орналастыруды жоспарлап отыр. Барлық құрылыс, қызмет көрсету, жөндеу және коммуналдық шығындар толықтай АҚШ тарапынан қаржыландырылады. Сонымен қатар, келісімге сай, олар салық пен кедендік баждардан босатылады.

Заң жобасын ұсынған мамандардың айтуынша, болашақта бұл консулдық Орталық Азиядағы ең ауқымды виза орталығына айналып, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтып, инвестициялық тартымдылығын арттырады. Сондай-ақ, бұл жоба жаңа жұмыс орындарының ашылуына және қызмет көрсету мен бизнес салаларының дамуына жол ашуы мүмкін.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің мәліметінше, қазіргі таңда Алматыда АҚШ консулдығы екі бөлек нысанды жалдап отыр. Жаңа кешен дайын болған соң, барлық қызметкерлер сол жерге көшіріледі.

"Штат саны көбейе ме, жоқ па – әзірге белгісіз. Бірақ жаңа ғимарат кең әрі толыққанды инфрақұрылыммен жабдықталады. Сондықтан белгілі бір дәрежеде кеңейту жоспарлануы мүмкін. Бұл мәселе бойынша АҚШ тарапымен нақты келіссөздер жүргізіледі", – деді Рахметуллин Сенат отырысынан кейін.

Президент келісімге қол қойғаннан кейін, Алматы әкімдігі мен АҚШ бас консулдығы арасында қосымша құжаттар рәсімделіп, құрылыс жұмыстары басталады. Бұл жобаны америкалық құрылыс компаниясы жүзеге асырады деп күтілуде.


Рекомендовать
Последние новости