Семейде шырша безендіру кезінде ауыр жарақат алған мұғалімнің жағдайы қалай?

Қаракөз Амантай 25 дек. 2024 11:00 545

Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева науқастың жағдайы жақсарып, есін жиғанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Науқастың ахуалы бірте-бірте оңалып келеді. Толық қалпына келу мерзімі ағзасының ерекшелігіне байланысты болады. Біз оның жағдайын үнемі қадағалап отырамыз,” – деді Сәрсенбаева.

Айта кетейік, бұған дейін Семейде жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктен құлап, ауыр жарақат алған еді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Facebook-тегі парақшасында аталған оқиғаға байланысты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізу керек екенін айтқан болатын.

"Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және әріптесіміздің осы іс барысында жарақат алуы — заң бұзушылықтың айқын көрінісі. Педагогтерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту — «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп санаймын. Бұл оқиғаға байланысты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізіп, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің қайталануына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдайды деп үміттенемін", — деп жазды ол.

Бұл оқиғаға мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те пікір білдірген еді.

“Педагог мәртебесі туралы” заңның 6-бабында мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынған. Жаңа жылдық шырша орнату, көше тазалау, басқа да науқандарға мәжбүрлеп қатыстыру сияқты ескі “дәстүрлерден” біржола бас тартуымыз керек. Бұл – заңды өрескел бұзу”, – деді депутат.

Асхат Аймағамбетов осы жағдайға байланысты нақты шаралар қабылдау қажет екенін алға тартты:

1. Облыс басшылығы бұл оқиғаны мұқият тергеп, жауапты тұлғаларды жазалауы тиіс.

2. Мұғалімдерді кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуды тоқтату үшін министрлік бақылауды күшейтуі қажет.

3. Білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктері педагогтардың құқықтарын қатаң сақтау бойынша өз міндеттерін орындауы тиіс.

“Мемлекет басшысы әрдайым мұғалімдердің мәртебесін қорғау мен олардың құқықтарын сақтау мәселесін ерекше назарда ұстап келеді. Біздің міндетіміз – сол талаптарды орындап, заңның жұмыс істеуін қамтамасыз ету”, – деді Аймағамбетов.


Рекомендовать
Последние новости