Семейде Республика күні мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті

Dalanews 24 окт. 2023 06:46 1174

Республика күні қарсаңында Семейде өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды. Шара аясында бірлікті, егемендік пен патриотизмді ұлықтайтын мерекелік концерт ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Республика күнінің басты мемлекеттік мереке ретіндегі маңыздылығын атап өтті.

– Президентіміз – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, осы сахна төрінде – «Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір, сондықтан әрқашан бірге болайық!» деген сөзі біздің өмірлік қағида, бұлжымас аксиома, бақытты өмір сүрудің формуласына айналды.

Бүгін, Ақордада, Мемлекет басшысы Абай облысынан 3 жерлесітерімізді жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бүгінгі жиында да облысымызға еңбегі сіңген жерлестеріміз мемлекеттік наградалармен марапатталады. «Арғы-бергі тарихта» Абай елінен осынша адамның марапатталуы болған емес! Осының барлығы дербес облыс болуымыздың нәтижесінде мүмкін болған, ортақ қуанышымыз! – деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.



Салтанатты шара аясында өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтарға марапат пен «Құрмет» грамотасы табысталды. Марапат иелерінің ішінде білім және медицина саласының ардагерлері, мемлекеттік қызметкерлер, мұғалім, ғалым, музыкант, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері мен кәсіпкерлер бар.

Бұдан кейін өңірдің өнерпаздары көрермендерге ұлттық нақыштағы қойылым мен ерекше дайындалған концерттік бағдарлама ұсынды. Олардың қатарында Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясы, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының өнерпаздары және облыстық эстрадалық-симфониялық оркестрі, ҚР еңбек сіңірген әртістері бар.

Еске салсақ, ертең Абай облысының қала және аудандарда ұлттық мерекеге арналған жүзден астам іс-шара мен мерекелік концерт өтеді.

Рекомендовать
Последние новости