Семей қаласы әкімдігі велошеруді өткізуге Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Андре Карценс бастамашы болғанын алға тартты. Елшінің өзі облыс орталығын велосипедпен аралап, спорттық шараға қолдау көрсеткен. Естеріңізге саламыз, мұндай жарыстар Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларында да өткен болатын.
Спорттық жарысқа 500-ге жуық велошабандоз қатысты. Велошерудің басты мақсаты Семей қаласында велоспортты дамыту.
– Қала күні аясында қаламызда осындай айтулы велошерудің өтіп жатқаны бәріміз үшін үлкен қуаныш. Әрқашан жаңа белестерді бағындырып, биік жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін! – деді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.
Жарысқа қатысушылар Семей қаласының Орталық алаңнан Селевина көшесіне дейін 10 шақырым жол жүріп өтті. Шара барысында қатысушылар арасында ұтыс ойындары ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, Ертіс өзенінің оң жағалауында қаланың кондитерлері тәтті торт әзірлеп, жұртшылыққа ұсынды. Торттың ұзындығы 20 метрден асады. Тортты кондитерлер бірге қала тұрғындары да безендіргенін айта кетуіміз керек.