Қазақстанда байлар мен олигархтарға салықты арттыру мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл ұсынысты Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров көтеріп, табысы мен байлығы аса жоғары азаматтар қоғам алдындағы жауапкершілікті көбірек сезінуі тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, әлеуметтік теңсіздікті азайту үшін байларға салынатын салықты әділетті түрде қайта қарау қажет. Бұл жайтқа қатысты Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғари мен оның орынбасары Азамат Әмрин не деп ақталды? Саиров не ойлайды? Dalanews.kz тілшісі депутаттың өзіне хабарласып, жағдайға шолу жасады.
Депутат Ерлан Саиров бұған дейін Мәжілісте салық кодексі қаралып жатқанын хабарлаған болатын.
"Салық әлеуметтік қайта бөлудің құралы. Ескі Қазақстанда олигархтар өздерінің билікпен ауыз жаласқандығын пайдаланып, салықты аз төлеген. Қазір салық кодексінде осы байларға салынатын салық, тау-кен саласында, сонымен қатар, мұнай саласында корпоративтік кіріс салығын банктерден және ірі корпорациялардан түсетін дивиденттерден салық және қазақстандық, шетелдік, азаматтар, жеке тұлғалар, жылдық табысы 2,5 млрд теңгеден асатын болса, оларға 17 пайыз кіріс салығын төлету жөнінде ұсыныстар еншіздік. Осы корпоративтік кіріс салығы дивидент салығының бәрі - байлар төлейтін салық. Ал қосымша құн салығы (НДС) ол кедейлер төлейтін салық. Сондықтан қазір байлар төлейтін салықты арттыруымыз керек", деген еді депутат.
Жұманғарин не деп ақталды?
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ақорда дәлізінде сән-салтанатқа салықтан бас тарту мәселесіне қатысты пікір білдірген еді. Жұманғариннің айтуынша, бұл бастаманың орнына кейбір тауарлар мен мүлік түрлеріне жоғарылатылған салық мөлшерлемелері енгізілмек.
“Алдымен сән-салтанат деген не екенін анықтап алу керек”, – дейді министр. Оның айтуынша, қазіргі ұсыныстардың өзінде сән-салтанат ретінде қарастырылатын дүниелер бар.

Фото:primeminister.kz
Мысалы:
- Егер сіздің жылжымайтын мүлкіңіздің жалпы құны 450 миллион теңгеден асса, онда сіз жыл сайын 3 миллион теңге базалық салық төлейсіз. Бұған қоса, осы сомадан асқан әр теңгеге қосымша 2% салық салынады.
- 75 миллион теңгеден жоғары тұратын көліктерге де осыған ұқсас жоғары салық енгізіледі.
- Қымбат ішімдіктер мен темекі өнімдеріне де қатаң талаптар қарастырылған.
«Бұдан басқа не сән-салтанатқа жатады – өзім де нақты айта алмаймын», – деп түйіндеді Жұманғарин.
Ал 1 сәуірде Жұманғариннің бірінші орынбасары Азамат Әмрин Сенатта өткен дөңгелек үстелден кейін журналистерге берген сұхбатында жаңа Салық кодексінде сән-салтанат салығы қалай қарастырылатынын түсіндірді.
“Сән-салтанат салығы деген арнайы бөлек салық түрі болмайды”, - деді вице-министр. Оның орнына жекелеген қымбат тауарлар мен мүлікке салық мөлшерлемелері арттырылады.

Фото: ЖИ | Dalanews.kz
Қымбат ішімдіктер мен темекіге қосымша акциз
- Мысалы, бағасы 5 миллион теңгеден асатын бір бөтелке коньяк елімізге кеден арқылы кірсе, оны әкелген жеке тұлға құнының 10%-ы мөлшерінде қосымша салық төлейді.
- Қазіргі кезде мұндай өнімдерге 470 теңге көлемінде ғана салық салынады. Енді бұл көрсеткішке қосымша акциз қосылмақ.
- Сол сияқты қымбат шылым өнімдеріне де акциз енгізіледі.
- Ал егер 100 мың доллардан қымбат көлік сырттан әкелінсе, оған да 10% көлемінде акциз салынады.

Фото:primeminister.kz
Бірнеше көлік пен пәтері барлар көбірек салық төлейді
Азамат Әмриннің айтуынша, бір адам бірнеше қымбат көлік әкелсе, олардың санына қарай акциз мөлшері де арта береді.
Мүлік салығы да өзгереді. Қазір бір пәтердің құны 25 миллион теңге болса, соған 0,1% мөлшерінде салық төленеді. Бірақ егер адамның бірнеше пәтері болса, олардың құны қосылып есептеліп, жалпы сомадан 1% көлемінде салық алынбақ.
“Яғни салық көлемі қазіргімен салыстырғанда 10 есе көп болады”, - деді Әмрин.
Саиров: "Қазақстанда резидент емес азаматтар 17 пайызға дейін пайда салығын төлеуі керек"
Dalanews.kz тілшісі Азамат Әмрин мен Серік Жұманғариннің мәлімдемесінен кейін депутатқа тағы бір хабарласып, байларға салынуы қажет салыққа қатысты ойын нақтылады.
"Салықтың өзі қоғамның бай, ауқатты азаматтарына мемлекеттегі жағдайы нашар азаматтарға мемлекет байлығын қайта қалыптастырудың тетігі болып табылады. Сондықтан салық кодексіне еліміздегі бай, қуатты азаматтардың мемлекет алдындағы жауапкершілігі зор болуы керек", дейді депутат.
Оның сөзінше, бұл халықаралық практика.
"Ал қарастырылып жатқан салық кодексіне келер болсақ, тарихта алғаш рет дивиденттерге 10 пайыз салық қарастырылып жатыр. Ол еліміздегі ірі олиграхтар мен банк құрылтайшыларына салынып тұрған тікелей салық болып табылады. Одан соң экономикада металлургия, мұнай секторында корпоративтік табыс салығын 20 пайызға өсіруді, әсіресе металлургия саласында 25 пайызға өсіруді талап етіп отырмыз. Сонымен қатар, депутаттық бастама ретінде Қазақстанда резидент емес азаматтар табысы 2,5 млрд теңгеден артса 17 пайызға дейін пайда салығын арттыру жөнінде ұсыныс тастадық. Бұл ұсыныстар еліміздегі бай, олигархтардың мемлекеттің экономикалық жауапкершілігін арттыратын тетік болып саналады", деп түйіндеді Саиров.