Алматы облысында колледж студенттері антифриз өндіретін зауыттың жұмысымен танысты

Ақтоты Жапатова 07 апр. 2025 17:34 189

Алматы облысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында химиялық өнім шығаратын кәсіпорынға колледж студенттерінің танымдық экскурсиясы өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz

30-дан астам студент Қонаев қаласында орналасқан «Бағашар Мекен» зауытына барып, өндірістік цехтардың, зертханалардың жұмысын көріп, сапаны бақылау жүйесімен танысты.

Сапар барысында колледждер, кәсіпорын және «Жастар Рухы» ұйымы арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі мен үздік түлектердің жұмысқа орналасуына мүмкіндік беру көзделген.

«Біздің мақсатымыз – жастардың теориялық біліммен қатар нақты өндірістік ортада тәжірибе жинауына жағдай жасау. Жас мамандарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету – «AMANAT» партиясының басты міндеттерінің бірі», – деді «Жастар Рухы» ұйымының Алматы облыстық филиалының төрағасы Медет Бекбергенов.

«Бағашар Мекен» ЖШС – Қазақстандағы антифризді өнеркәсіптік негізде өндіретін жалғыз кәсіпорын. Зауыттың қуаттылығы жылына 25 мың тонна өнім шығаруға жетеді. Өнім ішкі нарықпен қатар Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға экспортталады. Кәсіпорында 200-ге жуық адам жұмыс істейді, олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар.

Жыл басынан бері «Жастар Рухының» бастамасымен облыс аумағындағы алты өндірістік нысанға экскурсия ұйымдастырылып, 100-ден астам студент қамтылды.

Жыл соңына дейін тағы 20 колледжбен меморандумға қол қойылып, 500-ден астам студентке өндірістік тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылады деп жоспарлануда.


Рекомендовать
Последние новости