Жетісу университетінде Ғылым декадасы басталды

Ақтоты Жапатова 07 апр. 2025 15:02 224

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Ғылым декадасы – 2025» айлығының ресми ашылуы өтті. Аталған ғылыми шара «XXI ғасыр: ғылым және инновациялар» атты жас ғалымдар мен студенттердің республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Конференцияны университеттің Басқарма-төрағасы – ректоры Ермек Бөрібаев ашып, ғылым декадасының салтанатты ашылуымен құттықтады.

«Ғылым қызметкерлері күніне орай білім ордасында сәуір бойы университетішілік, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде жүзге жуық түрлі ғылыми іс-шаралар өтеді. Жас ғалымдарды ынталандырып, олардың инновациялық жобаларын ілгерілету мақсатында Ғылым декадасын арнайы жас ғалымдар мен студенттердің республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен бастап отырмыз. Өткен аптада стартап жобаларының байқауы өтсе, Құқық және экономика факультетінде «Құқық, экожүйелер және тұрақты дамуды зерттеу» орталығы ашылды. Бүгінгі күннің өзінде Жетісу университетінің жас ғалымдары 11 ірі ғылыми жобаны іске асырып жатыр. «Enactus Zhetysu» командасы «ENACTUS KAZAKHSTAN NATIONAL EXPO 2025» жарысының «World Cup» лигасында жартылай финалға өтті, мұның өзі университет студенттерінің ғылымға деген құлшынысын білдіреді», – деді Ермек Бөрібаев.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде И. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті, Astana IT University, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жас ғалымдары баяндама жасады.

Конференция «Білім және ғылым: жаңа тәсілдер мен әдістемелер», «Цифрландыру дәуіріндегі әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар», «Жаратылыстану және физика-математикалық зерттеулер: технологиялар және перспективалар», «Құқық және экономиканың өзекті мәселелері» бағыттары бойынша секциялық мәжіліске жалғасты.


Рекомендовать
Последние новости