Сауда соғысын жүргізуші АҚШ пен Қытайдың ымыраға келуі Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді

Кәмшат Тілеухан 13 мая 2025 11:59 326

Вашингтон мен Пекин өзара баж салығын төмендетуге келісіп, 90 күндік уақытша бітім жариялады. Бұл жаһандық сауда шиеленісін тежеу бойынша жасалған алғашқы нақты қадам болып отыр. Сондықтан әлем бұл жаңалықты өте жақсы қабыл алды. Тоқырай бастаған әлемдік нарықтарға да қайта жан біте бастады. Жалпы, бүгінгі материалымызда бұл құбылыстың Қазақстан экономикасына әсерін зерделейтін боламыз, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қытай мен АҚШ тарапының бұл көптен бергі алғашқы бетпе-бет жүздесуі болды. Келіссөздер сегіз сағатқа созылды. АҚШ-тың жаңа Қаржы министрі Скотт Бессент келіссөз алдында: "Ешкім де арадағы қарым-қатынасты үзуге мүдделі емес" деп мәлімдеді.

Келісссөздер қорытындысы бойынша мынандай нақты шешімдер қабылданды:

  • АҚШ тарифтерді 145%-дан 30%-ға дейін төмендетеді.
  • Қытай тарифтерді 125%-дан 10%-ға дейін түсіреді.
  • Тараптар келіссөздерді тұрақты түрде жалғастыру үшін ортақ механизм құрады.
  • Негізгі мақсат – екі ел арасында "тұрақты әрі теңгерімді серіктестікті" орнату.

Бұл шешімдер осы келіссөздер қорытындысын сырттай бақылап отырған инвесторлар үшін өте жағымды жаңалық болды.

"Себебі, біріншіден, баж тарифтерінің төмендеуі импорт тауарлардың арзандауына жол ашып, нәтижесінде әлемдік инфляцияға түсетін қысымды азайтады. Екіншіден, сауда-саттықтағы шиеленіс бәсеңдеген сайын шикізат пен валюта нарығындағы тұрақсыздық та бірте-бірте басыла бастайды. Үшіншіден, аймақтағы транспорттық-логистикалық бағыттар мен жеткізу тізбектері қайта жанданып, бұл нарықтарға жаңаша серпін бере алады", деп жазады Telegram-дағы  Tengenomika арнасының авторы Руслан Сұлтанов.

Мұндайда Қазақстан үшін, әсіресе, мұнай бағасы мен Азия нарықтарының реакциясы маңызды.  Юань бағамындағы өзгеріс пен оның жанама түрде теңгеге әсері де болуы мүмкін. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Қытай арқылы өтетін тауар жеткізу маршруттарының өзгеру ықтималдығы да бар.

"Ең бастысы,  Женевадағы бұл "жаттығу"  – түбегейлі бейбітшілікке келу емес, уақытша алынған демалыс уақыты ғана. Бұл арада басты мәселе – баж салығын жай ғана төмендетуде емес, екі алып держава енді бір-біріне сенім арта алады ма дегенде. Екі тарап осы 90 күндік "бітімді" жаһандық сауданың жаңа "сәулет нысанына" айналдыруға дайын ба, әлде бұрынғыдай қайтадан бір-біріне кінә артып, тарифтерді көтеруге көшеді ме?", - дейді Сұлтанов. 

Расында, осы келіссөздерден кейін әлемдік нарықтарда жан біте бастады. Мәселен, құны 60 доллардан да төмендей түскен Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 66 долларға дейін қайта көтерілді. Бұл да геосаясаттың нарықтарға айтарлықтай ықпалын айқын аңғарта алады. Бюджеті мұнай табысына байланған Қазақстан үшін мұндай геосаяси "ойындар" қауіпті екені анық. АҚШ пен Қытайдан бөлек ОПЕК реакциясы да елімізді аракідік орнынан қозғауға түрткі болып қояды. Экономист Алмас Чукин соңғы әрекеттерге баға бере отырып, мұнай дәуірінің ақыры таяп қалғанын күні кеше бажайлады. Әсіресе, ол бағасы жағынан мұнай бұрынғы тартымдылығанан айырыла бастағанына баса назар аудартады. Сөйткен маман біздің мұнай дәуірінің аяқталып келе жатқанын мойындау керектігімізді, экономиканы тез арада әртараптандыруға көшуімізді ұсынады. "Қазақстан шикізатқа тәуелді экономика тұзағынан құтылудың жолын дереу іздеуі тиіс. Әйтпесе, мұнаймен бірге өзіміз де "құрдымға" кете баруымыз ғажап емес", - дейді ол бұл ретте.

 


Рекомендовать
Последние новости