Сатаевтың жаңа туындысы? Ашулы хан мен ұнжырғасы түскен сұлтандардан көріп көзіміз тағы да жауыр болды

Dalanews 15 мая 2022 04:56 1268

Кейіпкер көп, бірақ көңілде қалар біреуі жоқ. Шайқас көп, бірақ жүрегіңді тіліп жіберетіні жоқ. Сөз көп, бірақ «Ұраның басқа болса да, өрісің бір екенін көрсеттің, батырым!», «Қалауыңыз қарлығаштың қаны не адамның жаны емес шығар?» сынды есте қалары жоқ. Көрініс көп, бірақ сюжет жоқ. Ұрыс көп, бірақ шиеленіс жоқ...

Мықты қолбасшы, ақылды сұлтан, дана хан ретінде тарихта қалған Қасымның бейнесін ашуға бағытталған фильмнің эпикалық дүниеге сұранып тұрғаны айтпаса да түсінікті еді. Әттеген ай!..

Әңгіме үлкен экранға жол тартқан Ақан Сатаевтің «Ұлы дала таңы» фильмі турасында. Туынды он алтыншы ғасырда Дешті Қыпшақ даласында орын алған оқиғаларды суреттейді. Фильмдегі басты кейіпкерлер – Мұхаммед Шайбани, Бұрындық хан, Қасым хан.

Тарихқа бойламай-ақ қояйын. Көрерменнің бәрі киноға тарихты оқып келуі шарт емес. Ал киноның көрерменге мағлұмат беруі шарт. Бұл фильмде тарихты әңгімелейтін үш шешім көрініс тапқан – қазақ тарихынан ақпарат беретін титр, Қасымханның өміржолын әңгімелеп отырған абыз және кадр сыртындағы баяндаушы бейнесі.

Кино басталысымен-ақ титр жүре бастады. Көрермен Қасымның мықты қолбасшы болғанын сезе түсті. Ендігі жерде  көрерменнің оның мықтылығын экраннан оқып қана емес көзбен көргісі келері анық.

Көрермен білек күшімен ғана есте қалатын емес стратег Қасымның бейнесін күтті. Шайқас алдында ұтқыр шешім ойлап табар деп үміттенді. Үміт ақталмады, көрермен қолбасшы Қасымның ерекшелігі неде деген сұраққа жауап ала алмады. Бірақ ұрыста шайқасып жүрген Қасымды көріп батыр болған екен десті.

Тарихта аты аталған кейіпкерлердің таққа таласуы мен өзара жанжалы бар еді. Кинода ол тұсы да өте әлсіз шыққан. Шиеленісті суреттейтін не өткір сөз, не ұшқыр әрекет жоқ.

Кең байтақ жерімізді бізге аманат еткен ата-бабаларымыз мықты болған деп жатамыз. Оған дау жоқ. Бірақ ата-бабаның жерді найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен сақтап қалды деген ұғымды бұл туындының авторлары тікелей мағынада қабылдап экранда сол қалпында суреттеген.


Хан сұлтандарымыздың бәрі үнемі ұлы мұратпен ғана өмір сүргендей. Бір осал жерлері жоқ, шетінен мінсіз! Кинода Бұрындық ханның Қасым сұлтанға «сенде бір мін жоқ, тек қыңыр мінезің болмаса» дейтін репликасы бар. Бірақ экрандағы Қасымның бейнесінен  қыңырлық та байқалмады. Не мінез жоқ, не мін жоқ бозөкпе біреу. Ал міні жоқ идеал кейіпкердің бейнесі кімді тартып әкетеді дейсіз?

Негізі қандай да бір тарихи оқиғалар жеке адамның тағдыры арқылы суреттелмесе көрерменді қызықтыра алмайды. Көрермен кейіпкерге не жанкүйер болуы керек, не оны өлердей жек көруі керек. Киноның да мақсаты көрерменді эмоция құрсағында ұстау емес пе?  Мен Қасым хан үшін не қуана, не мұңая алмадым.

Қасымның жас кезі мен кемел шағын қамтыған фильмде тұлғаны қалыптастыратын сүріну, қиналу, қуану сәттер мүлде жоқ. Дара туған бала дана болып шыға келген.

Ал кез келген киноның ажарын ашатын махаббат тақырыбына келсек... Кейіпкердің мінезін ең болмаса осы тұста көретін шығармыз деген көрерменнің үміті ақталмады.

Жас Қасымхан мен оның ғашығы оңаша кездесіп тұр. Қазақ қызы жігітпен кездескенде сол маңда жеңге атаулы сығалап жүруші еді. Бұл енді халықтың әдет-ғұрпын көрсететін жағы дейік. Жоқ, ол да жоқ.

Хош, ол күні қыздың жеңгесі ұйықтап қалған шығар. Солай-ақ болсын, екеуі ғана тұра берсін. Қыз көңілін жігітке ишарамен жеткізіп-ақ тұр. Ал ана сабазың селт етпейді, тура бір монумент қой, шіркін. «Ей, жігіт боп ең болмаса сүйген қызыңның шашын не шашбауын бір иіскеп қойсаңшы» дегің келеді.

Жоқ, қыздың алдында иілетін қазақ жігіті ме?! Бұл енді шығармашылық топтың ұстанымы болуы керек. Ал көрермен «Қасым-ау, соған да батылың жетпей тұрса, еліңді жаудан қалай қорғамақсың» дейді! Шын айтам. Кейін Бұрындықтың екінші әйелі болған ғашығы хал үстінде жатқанда да Қасым амалын тауып оны бір көруге ұмтылмайды-ау! «Қасым» деп үзіліп кеткен ана байғұсқа жаның ашып кетеді.

Киноға сенсек біздің ата-бабаларымыз сезіммен шаруасы жоқ, жауына астындағы атын да, қасындағы жарын да оп-оңай бере салып тек жер үшін ғана шайқасатын жүрегі тастан жаратылған кілең мықтылар болған сияқты. Экранда үнемі ренжіп, ашуланып отырған хандар, ұнжырғасы түсіп кеткен сұлтандар. Тістеніп отырып қараған кейіпкерлердің көз жанары мысыңды баспайды, күлкіңді келтіреді.


Ұлытау шайқасында мерт болған Қасым сұлтанның атқосшысы Асан көз жұмып жатып елім үшін деп өледі. Көркемфильм емес, хрестоматия оқып отырғандай боласың.

Әдетте бабасының ұлы мақсат үшін жанын қиғанын батырдың өзі емес оның ұрпағы айтады. Ал адам баласының сын сағатта жақындарын іздеуі табиғаттың заңы емес пе? Мэл Гибсонның «Апокалипсисі» естеріңізде ме? Кино біткенше жауынан қашып жүгіретін кейіпкердің мақсаты – әйелі мен баласына жетіп оларды зорлық зомбылықтан құтқару.

Қатардағы адамның қарапайым мақсаты. Бірақ көрермен сол жолдағы ол ойлап тапқан әрекеттерге қайран қалып оның мықтылығына көзі жетеді. Немесе Ридли Скоттың «Гладиаторындағы» Максимус қандай?!

Құдайым-ау, өзіміздің Бекежан ше? Қыз Жібегін ешкіммен бөліскісі келмей Төлегенді мерт қылған Бекежанды асқақтаған сезімі үшін-ақ ақтап алғың кеп тұрады.

Жооқ, біздің бүгінгі режиссерлер мінсіз монумент кейіпкер жасауға құмар. Оларда тек ұлы мұрат қана болған екен. Кейіпкердің адами болмысын, осал түсін көрмесек оған қалай жанашыр боламыз, тек ақ не қарадан тұратын кейіпкер көрерменге несімен қызық, режиссер қауым?! Өмірде ондай адам болған ба, бар ма?

Ұлы дала төсі. Алыстағы планда алтыбақан. Бірақ алтыбақан теуіп жатқан бақытты жандардың жүзі көрінбейді. Ән, әзіл дегеннен жұрдай жұрт.

Үнемі мәжіліс құрып отырған кейіпкерлерден тұратын көріністер. Анда-санда ол пландар шайқас сценаларымен ауысады. Дегенмен, шайқасты суреттейтін көріністер шығармашылық топтан уақыт пен қаражатты талап еткені байқалады.

Режиссердің оған акцент жасағаны сезіледі. Шайқас кезіндегі каскадер тобының жұмысы да көрініп тұр. Бірақ, ол эпизодтардың біреуі де жүректі қозғамады. Әйтеуір, өз басым селқос қарап отырдым. Бас кейіпкерге көңілің толмаса киноның да мәні кетеді емес пе?

Ал көрерменге не керек? Көрерменге ширыққан сюжет, мінезді кейіпкер, бір басында ақ пен қарасы жетерлік өзімен не өзгемен арпалысқан бейне, іс әрекетімен күлкі шақыратын пақыр біреу мен баянсыз махаббат және керек. Өйткені баянды махаббаттың тарихы көрерменге қызық емес.

Айтпасқа болмайтын тағы бір мәселе – әрлеушінің жұмысы. Қай планда болмасын кейіпкерлердің жасанды сақалы анық көрініп тұрды. Грим просто отвратительный!

Фильмде теологиялық ұстаным басым болғандықтан кейіпкерлердің репликалары да көбіне сол сипатта болды. Кино аяқталысымен ойымда қандай сөздер қалды деп сараптайтын әдетіме басып едім «жаны жәнната болсын» секілді сөздерден басқа ешнәрсе ойға түспеді.


Авторлар қазақтың мұсылман болғанын  көзге шұқып көрсеткісі келген шығар. Бірақ тағы да сол, қарабайыр «лобовой» шешімдер. Қазақтың тұрмысынан сыр шертетін этнографиялық көріністер жоқтың қасы, оның өзі сұрықсыз жұтаң пландар. Киноға нүктені абыз бен Қасымханның, баяндаушының монологы және титрдағы жазулар қойды. Олар болмаса Қасымханның қасқа жолын түсінбестен кетер едік...

Біз қазір Айманов пен Қожықовтардың деңгейінен көп артта қалдық. Шын айтам. Парадокс! Әлемнің озық туындыларын көруге, киноөнердің қыр сырын меңгеруге мол мүмкіндік бар жаһандану кезеңінде біз неге әлі адасып жүрміз? Өмірде шынайы күліп, шынайы ашулана білетін халық экранда неге сондай жасандымыз? Әлде шынымен де кино бізге жат өнер болғаны ма?

P.S. Кинодағы актерлік құрам осал емес, кілең «сен тұр, мен атайын» дейтіндер. Орайы келгенде үлкен полотно, эпикалық туынды шығаратын жұлдыздар. Бұл жолы орайы келмеді...

Лязиза КЕРІМҚҰЛҚЫЗЫ

Рекомендовать
Последние новости