Сарбаз Ербаянның ісіне қатысты кейбір сараптамалардың қорытындысы шықты

Көркем Алдабергенова 21 янв. 2025 16:27 338

Құқық қорғаушы және заңгер Инга Иманбай Ербаян Мұхтарға қатысты қылмыстық іс пен сотқа қатысты сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп. 

"Дәл қазір біз Алматы қаласындағы әскери-тергеу басқармасының алдында тұрмыз. Мен жаңа ғана Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеушіге жолығып шықтым. Осы тұста анықтап айта кеткім келетіні – сот әлі болған жоқ. Ербаянның ісі тергеу сатысында.

Дәл қазір Ербаянның жағдайына байланысты екі қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ол әскерде болған жағдайға байланысты және ауруханадағы дәрігерлердің әрекетіне байланысты. Кейбір сараптамалардың қорытындысы шыққан. Кей сараптама жаңадан тағайындалды. Сондықтан дәл қазір сот қашан болатынын айтқан жоқ. Міндетті түрде тергеу барысында соттың қашан болатыны анықталған кезде хабар беремін", деді Инга Иманбай. 

Еске салайық, былтыр желтоқсан айында Ұлттық ұлан жауынгері Ербаян Мұхтар комаға түсті. 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі сарбаздың денсаулығына қатысты ресми мәлімдеме жасаған болатын. 

Ұлттық ұланның хабарлауынша, қатардағы Ербаян Мұхтардың бас жарақатын алу фактісі бойынша ҚР ҚК 440-бабы 4-тармағының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалған. Бұл жерде әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелерін бұза отырып, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені мәселе болып отыр.

Аталған оқиғадан соң Ербаян Мұхтарға Ыстанбұлға жол тартты. Мұнда оған сәтті ота жасалды. 

Бұл жаңалықты белгілі заңгер Инга Иманбай Facebook парақшасында жазған болатын. 

“Желіде Ербаянның жағдайын сұрап, хабарласып жатқан ағайынға мың алғыс. Қазір Ербаянның жағдайы бірқалыпты, Стамбұлда емін жалғастырып жатыр. Бірінші тұрған фото бүгін жасалды. Екінші фото Стамбұлға келген кезде басына жасалған отадан кейінгі кезі. Құдайға шүкір ота сәтті жасалып, енді реабилитациялық ем-шара, емдік дене шынықтыру процедуралары басталды”, - деді ол.

Айтуынша, қалпына келу біраз уақытты талап етеді.

“Оған дайынбыз. Ары қарай Ербаянның жігері мен дәрігерлердің кәсібилігіне сенеміз. Ербаянымызды іздеп, сұрап, ниеттес болғандарыңызға мың алғыс. Қазірге жаңалығымыз осы. Айтарлықтай өзгеріс, жақсы жаңалығымыз болса міндетті түрде Сіздермен бөлісеміз”, - деп жазды Инга Иманбай.


Рекомендовать
Последние новости